Тұрақтылық, татулық тұғыры
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясының республикалық референдумда қабылданғанына биыл 29 жыл толып отыр. Халық қалауының көрінісі іспеттес Республика Конституциясы осы жылдар ішінде мемлекеттің өркендеп дамуының бекем іргетасына және ұлттық құқықтық жүйенің түпқазығына айналды.
Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Сондай-ақ, елдегі құқықтық тепе-теңдіктің сақталуына негіз болды. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Конституцияда ешкімді жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына және басқа да жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынған.
Ата Заң адамның құқығы мен бостандығын қорғау мен іске асыру, материалдық әл-ауқатын жақсарту, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың міндетті түрде орындалуға тиісті шарты болып табылады.
Ата Заңның тоқсан тоғыз бабының үштен бір бөлігі адамның құқығы мен бостандығын қорғауға арнал¬ған. Бұл заң талаптары декларатив¬ті түрде емес, шын мәнінде пәрменді түрде жұмыс істейді. Ендеше, Қазақстанның әрбір азаматы өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқылы. Ал осы Конституцияны басшылыққа алып, қабылданған заңдар ел азаматтарының құқығы мен бостандықтарын қорғаудың тетігі.
Конституцияның 13 және 14 баптарындағы «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»-деген қағидалар - еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттарға айналды.
Осы конституциялық қағидатты қамтамасыз етуде мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот билігінің рөлі ерекше. Еліміздің сот жүйесі қоғамның барлық саласында заң үстемдігінің орнығуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап келеді. Өз құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінетін азаматтар қатарының көбеюі cоның айқын дәлелі болып саналады.
Тәуелсіздікпен бірге түлеген сот жүйесі қоғамдағы әділеттің үстемдік құруы үшін Конституцияны басшы¬лыққа алып, сот әділдігін жүзеге асыра бермек.
Қорыта айтқанда, еліміздегі оң өзгерістер мен қарқынды дамудың негізгі бастауы Конституцияда. Бүгінде бейбітшілік, келісім, тұрақтылық үлгісін көрсетіп, Қазақстан жүздеген ұлт өкілдерінің аяулы атамекеніне айналды. Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас жасау, ірі реформалар жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу – осының бәрі Ата Заңымыз аясында атқарылып жатқан іс.
Г.Нұрымбетова,
Арал аудандық сотының судьясы
Сурет: kazislam.kz