Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конституция – мемлекеттегі құқықтық жүйенің негізі

Конституция – мемлекеттегі құқықтық жүйенің негізі

Кез-келген мемлекеттің ұстанған жолын, ұлтының құндылығын айқындайтын басты құжат – Конституция. Биыл мемлекетіміздің құқықтық-демократиялық даму жолында өркендеуінің бірден-бір ұйытқысы болған Конституциямызға 30 жыл толып отыр. Бұл тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса маңызды белес, демократиялық даму жолындағы маңызды жетістіктеріміздің айғағы.
Өткен 30 жыл ішінде Қазақстанда саяси жүйе, экономика, құқық саласында ауқымды реформалар жүргізілді. Ата заң негізінде елімізде заңнамалық база қалыптасты, мемлекеттік басқару жүйесі жетілді, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау тетіктері дамыды.
Конституция – халықтың еркі мен мүддесінің көрінісі. Ол тәуелсіз Қазақстанның болашақ дамуы үшін берік құқықтық негіз қалыптастырды. Адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітті.
Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»-деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Конституцияда ешкімді жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына және басқа да жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынған.
Конституция азаматтарға сөз, ар-ождан бостандығы, жеке өмірге қол сұғылмау, еңбек ету, білім алу сияқты кең ауқымды құқықтар мен бостандықтарға кепілдік береді.
Құқықтық мемлекет үшін адам құқықтарын сақтау –негізгі қағида. Конституцияның 13 және 14 баптарындағы «Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар», «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең»-деген қағидалар - еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап бүгінгі күнге дейін құқық саласындағы басымдық беріліп келе жатқан негізгі бағыттарға айналды.
Осы конституциялық қағидатты қамтамасыз етуде мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот билігінің рөлі ерекше. Еліміздің сот жүйесі қоғамның барлық саласында заң үстемдігінің орнығуын қамтамасыз ете отырып, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғап келеді. Өз құқықтарын қорғау мақсатында сотқа жүгінетін азаматтар қатарының көбеюі соның айқын дәлелі болып саналады.
Заң мен тәртіп –дамудың және әділеттіліктің кепілі. Сондықтан әрбір азаматымыз Ата Заңымызды ардақ тұтып қастерлеп, құрметтеуі қажет. Сонда ғана, қоғамның шынайы дүниетанымы және конституциялық мәдениеті қалыптасады.

А.Асанхан,
Арал аудандық сотының судьясы

Фото: www.zharar.com/kz
21 қазан 2025 ж. 337 0