Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң!

Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң!

Осыдан отыз жыл бұрын, 30-тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, құқықтық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.
Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция барлық қазақстандықтар үшін ең басты құндылықтарды бекітті. Бұл – бейбітшілік, келісім, бірлік, теңдік, заң үстемдігі. Осы құндылықтар – елдің саяси тұрақтылығы мен табысты дамуының негізі саналады.
Жалпы биылғы жыл мерейлі даталарымен есте қалғалы отыр, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өттік, сонымен қатар, елдігіміздің бастауы болып табылатын құжат, Конституцияның қабылданғанына биыл 30 жыл толады.
Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнеге. Конституцияда ешкімді жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына және басқа да жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынған.
Ата Заңымыз бүгінгі заманның барлық көкейкесті мәселелерін толық қамтыған және мемлекет құрылысына толық баға бере алады деп ашық айта аламыз. Онда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ, билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Тоғыз бөлім мен тоқсан тоғыз баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Өткен 30 жыл ішінде Конституциямызға өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе де, ол өзінің негізгі қағидаларын жоғалтқан жоқ. Керісінше, еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде нық орнығуына мол ықпалын тигізді.
2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жалпыхалықтық референдум өтіп, конституциямызға өте маңызды және өзекті саналатын өзгерістер енгізілді. Жалпы құқықтық жағынан алғанда негізгі өзгерістердің бірі – Конституциялық Соттың құрылуы болды. Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сəйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды. Бұл да өркениетті, құқықтық мемлекетте адам құқығының басты назарда екенін дәлелдейді.
Қорыта айтқанда, еліміздегі оң өзгерістер мен қарқынды дамудың негізгі бастауы Конституцияда және Ата Заңымыздың негізінде халықтың еркіндігі, теңдігі, татулығы артып, бейбітшілік қоғам құрған тәуелсіз мемлекетіміз татулықтың тал бесігіне айналып отыр.
Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев.
24 шілде 2025 ж. 59 0