Лайк қуған ұрпақ емес, із қалдырған ұрпақ болайық
Бүгінгі таңда әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Күн сайын миллиондаған адам өз ойын, жетістігін, әсерін желіде бөліседі. Бір сәтте жүздеген, тіпті мыңдаған лайк жинауға болады. Алайда бір сәттік танымалдық адамның өмірдегі шынайы құндылығын айқындай ма? Осы сұрақ әрбір жасты ойландыруы тиіс.Лайк – көңілге қуаныш сыйлайтын белгі ғана. Ол бүгін бар, ертең ұмытылады. Ал адамның білімі, еңбегі, тәрбиесі мен елге жасаған игі ісі жылдар өтсе де өз бағасын жоғалтпайды. Нағыз жетістік экрандағы санмен емес, қоғамға тигізген пайдамен өлшенеді.
Қазіргі жастардың қолында үлкен мүмкіндік бар. Интернет арқылы әлемнің кез келген бұрышынан білім алуға, жаңа дағды үйренуге, шығармашылығын дамытуға болады. Өкінішке қарай, кейбір жастар осы мүмкіндікті бос уақыт өткізуге немесе өзгенің өмірін бақылауға жұмсап жатады. Лайк қуып жүрген адам уақытын жоғалтады, ал мақсат қуған адам болашағын қалыптастырады.
Тарихта аты қалған тұлғалар әлеуметтік желідегі танымалдығымен емес, еңбегімен ел есінде қалды. Олар ғылымға жаңалық әкелді, өнерге өлшеусіз үлес қосты, халқы үшін қызмет етті. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың да басты мақсаты – уақытша танымал болу емес, елге пайдалы азаматқа айналу.
Әрбір адамның артында қалатын ең үлкен із – оның жасаған игі ісі. Біреуге көмектесу, кітап жазу, өнер туындысын дүниеге әкелу, жаңа кәсіп игеру немесе білім арқылы өзгелерге жол көрсету – мұның бәрі өмірде өшпейтін із қалдырады. Мұндай мұра ешқандай лайкпен өлшенбейді.
Әлеуметтік желіні кінәлаудың қажеті жоқ. Ол – тек құрал. Оны қалай пайдаланатынымыз өзімізге байланысты. Егер әлеуметтік желі бізді білімге, ізденіске, шығармашылыққа жетелесе – ол пайдалы. Ал егер уақытты бос өткізіп, өзгенің бағасына тәуелді етсе, онда оның пайдасынан зияны басым болмақ.
Бүгінгі таңда қоғамға ойлайтын, ізденетін, еңбек ететін жастар қажет. Ертеңгі күн бізден әдемі парақша емес, нақты нәтиже күтеді. Себебі лайктың ғұмыры – бір сәт, ал адал еңбек пен жақсы аттың ғұмыры – мәңгі.
Сондықтан таңдау өз қолымызда: бір күндік лайктың соңынан жүреміз бе, әлде бір ғұмырлық із қалдырамыз ба? Нағыз жеңіс – экранда емес, өмірде. Лайк қуған ұрпақ емес, із қалдырған ұрпақ болайық!
Әзілханова Нұрайым Ақылбекқызы










