Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап – рухани байлықтың өлшемі

Кітап – рухани байлықтың өлшемі

Дін мен кітапхана – адамзаттың рухани дамуына қызмет ететін екі үлкен құндылық. Дін – адамның жан дүниесін тәрбиелеп, имандылыққа, сабыр мен мейірімге жетелейді. Ал кітапхана – сол рухани байлықты сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін білім ордасы.
Кітапханашы – осы екі әлемнің арасындағы алтын көпір іспетті. Ол тек кітап сақтаушы ғана емес, оқырманға дұрыс бағыт-бағдар беретін рухани жетекші. Діни әдебиеттерді ұсыну арқылы кітапханашы адамды ізгілікке, адамгершілікке, адалдыққа үндейді. Қасиетті кітаптар мен рухани еңбектер арқылы оқырман жүрегіне иман нұрын себеді.
Кітапхана – тыныштық пен ой ордасы болса, дін – жүрекке жол табар шырақ. Ал кітапханашы осы екеуін ұштастырып, қоғамның рухани дамуына үлес қосатын маңызды тұлға. Сондықтан кітапханашының еңбегі – тек мәдениет саласында емес, руханият жолында да аса қадірлі қызмет.
Кітап оқу – білімділікке баулиды, көркем әдебиет адамның рухын асқақтатады. Және адамның өзін-өзі тануына жол ашады. Адам кітап оқу арқылы өзін рухани тұрғыда жетілдіріп, жаңалап отыра алады.
Соған сәйкес оқырмандарымыздың қатысуымен кітапханада «Иман нұры ұяласын жүрекке» деген тақырыпта имандылық сағаты және Дін мен ғылым: қайшылық па, үйлесім бе? деген сұрақ-жауап қою мақсатында дебат өткізілді. Бұл шарада оқырмандар: «Өмір болған соң адамда қуаныш та, қайғы да кездесіп жатады. Осы сәтте кітап – адамға сенімді дос болып табылады. Кейіпкердің өміріне қарай отырып, жақсы қасиетін ғана бойыңа сіңіруге тырысасың» деп өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Жастардың дінге деген көзқарасы бүгінгі қоғамда әртүрлі әрі көпқырлы. Бұл олардың тәрбиесіне, білім деңгейіне, ортасына және ақпарат көздеріне байланысты қалыптасады.
Қазіргі жастардың бір бөлігі дінді рухани тірек, өмірлік бағыт-бағдар ретінде қабылдайды. Олар дін арқылы адамгершілік, сабыр, адалдық сияқты құндылықтарды меңгеруге ұмтылады. Мұндай жастар діни кітаптарды оқып, мешіттерге барып, өздерін рухани тұрғыдан дамытуға көңіл бөледі.
Ал екінші бір топ жастар дінді дәстүрмен байланыстырады. Олар дінді ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ретінде көріп, діни рәсімдерді (той, ас беру, құран бағыштау) құрметтейді, бірақ терең діни білімге аса мән бермеуі мүмкін.
Үшінші топтағы жастар дінге бейтарап немесе сыни көзқараста болады. Олар ғылым мен заманауи көзқарасты жоғары қойып, дінді жеке адамның таңдауы деп санайды. Кейбірі әлеуметтік желілердегі түрлі ақпараттардың әсерімен дінге күмәнмен қарауы да мүмкін. Соңғы жылдары интернет пен әлеуметтік желілер жастардың діни көзқарасына қатты әсер етуде. Пайдалы діни ақпараттармен қатар, жалған немесе радикалды мазмұндағы материалдар да кездеседі. Сондықтан жастарға дұрыс діни білім беру, сенімді дереккөздерді таныстыру өте маңызды.
Кітап – адам үшін ең басты тәрбие құрал. Айтар болсақ, Абай атамыз кітап оқығанда рухани азық боларлық дүниелерге көп көңіл бөлген. Оқи отырып аят-хадистерден мол хабардар болған. Кітап оқымау адамның зейінін тұмшалайды. Тіпті терең ойланудан да қалады. Ал ойланбаған адам өмірдің мәнін қалай түсінеді? Кітаптың қастерлі ұғым екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Сондықтан әркез «оқымасаң, тоқырайсың» деген аталы сөзді есте ұстаған абзал.
А.ЕРЖЕТҚЫЗЫ,
№3 кітапхана меңгерушісі

21 сәуір 2026 ж. 53 0