Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа серпілістің бастамасы

Жаңа серпілістің бастамасы

Тәуелсіз ел атанған қазақ елінің 30 жылғы жемісі тәуелсіз мемлекетіміздің және оның азаматтарының дамуы мен кемелденуінің айқын дәлелі. Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауы тұтас елді өз үрейіне тұмшалатқан пандемия кезіндегі елдің дамуын айқындауға бағытталған жаңа жобалар, серпінді істердің айқын көрінісі.
Жаңа экономикалық, әлеуметтік дамуға бет алған елдің жыл сайынғы жаңа жоспары жаңа белестерге жетуге толық мүмкіндік береді. Ол дегеніміз – жоғымызды түгендеуге, барымызды саралауға, кеткен кемшілікті түзетуге мүмкіндік беретін жаңа даму платформасы деп есептеймін.
Мәдениет саласы – ел мәдениетінің дамуы мен өсуін рухани биікке көтеретін алғы фактордың ең бір негізгісі. Кітапхана, мұрағат, мұражай – мәдени-рухани саланың тарихтың терең тамырынан тұтас хабар беретін рухани орталықтар. Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың келер ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. «Адамды адам еткен – кітап, азамат еткен – кітапхана» деген жазушы Әбіш Кекілбаевтың өткір ұстанымы болашақ білімге, ғылымға ұмтылған талапты жас буынға бағыт-бағдар бере алатын кітапханашы маманның өмірлік кәсіби саладағы мызғымас ұстанымы іспетті.
Президенттің Жолдаудағы төртінші бастамасында мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы талабы бізді, мәдениет саласы мамандарын ризашылық сезімге бөледі. 2025 жылға дейін кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақыларын жыл сайын 20 пайызға көтеру – ел руханиятына және мәдениет қызметкерлеріне деген шынайы қамқорлық деп ойлаймын. Еңбекақының артуы да кез келген маманның ынталануына және әлеуметтік дамуына жаңа серпіліс беретіні сөзсіз.
Әрбір қазақстандық өз тарапымыздан Жолдау айқындаған мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуіміз керек.
Жанар ӘЛІШЕВА,
«Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры
24 қыркүйек 2021 ж. 352 0