Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Салықты уақытында төлеу – әр азаматтың жауапкершілігі

Салықты уақытында төлеу – әр азаматтың жауапкершілігі

Салық – мемлекет қазынасының негізгі кіріс көзі. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, жол құрылысы сияқты көптеген маңызды салалар дәл осы салық түсімдері арқылы қаржыландырылады. Сондықтан әрбір азамат пен кәсіпкердің салық міндеттемесін уақытылы орындауы – заң талабы ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігі. Шілде айынан бастап кәсіпкерлердің жылдың алғашқы алты айы бойынша есептілік тапсыру уақыты басталды. Осы орайда Арал аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының құқықтық жұмыс және өндіріп алу бөлімінің басшысы Құлманов Руслан Құттыболатұлы салық заңнамасы туралы түсіндіріп берді.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 36-бабына сәйкес, салық төлеуші салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгіленген мерзімде және толық көлемде төлеуге міндетті.
– Биыл салық берешегін өндіріп алу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Оның басты мақсаты – салық төлеушілерді алдын ала хабардар етіп, берешекті өз еркімен өтеуге мүмкіндік беру және мәжбүрлеу шараларын кезең-кезеңімен қолдану.
Жаңа тәртіп бойынша «салық берешегінің шекті мөлшері» ұғымы енгізілді. Егер берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспаса, алдымен ескерту хабарламасы автоматты түрде  жолданып, өсімпұл есептейді. Бұл – салық төлеушіге өз міндетін уақытында орындауға берілетін мүмкіндік.
Ал берешек көлемі 20 АЕК-тен асқан жағдайда банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкімдер шығарылуы мүмкін. Егер берешек 45 АЕК-тен жоғары болса, мүлікке шектеу қою және дебиторлық берешектен өндіріп алу сияқты қосымша шаралар қолданылады, –  дейді салық маманы.
Руслан Құттыболатұлының айтуынша, берешек өте ірі көлемге жетіп, 27 мың АЕК-тен асып, сот шешімінен кейін үш ай бойы өтелмесе, заң талаптарына сәйкес борышкердің шетелге шығуына уақытша шектеу қойылады.
Дегенмен мемлекет тек талап қойып қана қоймай, уақытша қаржылық қиындыққа тап болған салық төлеушілерге де қолдау көрсетеді. Белгілі талаптарға сәйкес келетін азаматтар мен кәсіпкерлер салық төлемдерін кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге өтініш бере алады. Кейбір жағдайларда бұл мүмкіндік кепілсіз де беріледі.
Тағы бір жаңалық – салықтық әкімшілендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылуда. Бұл жүйе қызмет көрсету сапасын арттырып, рәсімдерді жеңілдетуге, салық төлеушілер мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты барынша ашық етуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке де ерекше назар аударылады. Егер әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз 6 АЕК-тен асса, ол тәуекел деңгейіне қарамастан өндіріп алынады. Сонымен қатар екі ай қатарынан 2 500 АЕК және одан жоғары салық берешегі қалыптасқан жағдайда, заңнамаға сәйкес борышкердің банк шоттарындағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер сұратылады.
Салық органдары әрбір салық төлеушіні өз міндеттемелерін уақытында орындауға шақырады. Өйткені салықты мерзімінде төлеу – артық өсімпұл мен шектеу шараларынан сақтанудың ең тиімді жолы. Ал адал әрі жауапты салық төлеу – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған нақты үлес.
Н. МАРАТ

Фото: egemen.kz
09 шілде 2026 ж. 39 0