Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Домбыра ұлықталған тағылымды кеш

Домбыра ұлықталған тағылымды кеш

Ұлттық рухтың айнымас айғағы, халқымыздың төл өнерінің темірқазығы саналатын қара домбыраны дәріптеуге арналған «Домбыра – ұлттың асыл мұрасы» атты мерекелік мәдени шара бүгін қаладағы Балықшылар аллеясында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Ұлттың рухани қазынасын ұлықтап, күй өнері мен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауды көздеген салтанатты кешке аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік жиын аясында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енген Конституцияның негізгі қағидаттарын тұрғындарға жан-жақты түсіндіруге бағытталған арнайы ақпараттық жұмыстар да жүргізілді. Жұртшылық назарына ұсынылған мазмұнды бағдарламалар арқылы «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бағыттарында айқындалған азаматтық жауапкершілік, заң үстемдігі, адал еңбек пен табиғатты қорғау секілді маңызды құндылықтар кеңінен дәріптелді.
Кештің көркемдік мазмұнын аудан өнерпаздарының орындауындағы күйлер, халық әндері, жыр-термелер мен ұлттық өнер туындылары айшықтай түсті. Домбыраның қоңыр үні мен дәстүрлі өнердің көркем өрнегі көрермен қауымға ерекше әсер сыйлап, ұлттық рухты асқақтатты.
Ұлттық домбыра күні – халқымыздың төл мәдениетіне тағзым жасап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұраны қадірлеуге үндейтін мәні терең мереке. Күмбірлеген қара домбыраның үні ел бірлігінің, ұлттық болмыстың және мәңгілік мәдени құндылықтардың символы ретінде әрдайым халқымыздың жүрегінен орын алып, рухын биіктете беретіні сөзсіз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
09 шілде 2026 ж. 36 0