Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» АТТЫ АУҚЫМДЫ ЖОБАМЕН ҰШТАСТЫ

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» АТТЫ АУҚЫМДЫ ЖОБАМЕН ҰШТАСТЫ

Бүгін аудандық мәдениет үйінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Мәдениет – ұлттың мәйегі» атты салтанатты мерекелік кеш өтті.

Биылғы мерекелік шара мазмұны жағынан өзгеше сипат алып, ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтайтын ерекше форматта ұйымдастырылды. Мереке аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, Halyk Bank демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» ауқымды мәдени жобасы аудан жұртшылығына ұсынылды.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» – ұлттық музыкалық мұраны жаңғыртуға бағытталған, халқымыздың ғасырлар қойнауынан жеткен рухани қазынасын заманауи форматта насихаттайтын бірегей жоба. Жоба аясында дәстүрлі өнер мен заманауи сахна мәдениеті үйлесім тауып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Аталған жоба шеңберінде министрлікке қарасты жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңірінде гастрольдік сапар ұйымдастыруда. Ауданымыздағы «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасының ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы жүзеге асырды.

Салтанатты кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев пен облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Күлбаев сөз сөйлеп, мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ел болмысын айқындайтын асыл құндылық екенін атап өтіп, сала мамандарының өңірдің рухани дамуына қосып жүрген елеулі еңбектеріне жоғары баға берді.

Мерекелік іс-шарада ауданның рухани-мәдени дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мәдениет қызметкерлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттары сала үздіктеріне табысталды.

Кеш барысында «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» концерттік-гастрольдік туры аясында «Astana Musical» мемлекеттік театрының «Мюзикл әлемі» атты концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды. Өнерпаздар түрлі жанрдағы шығармаларды орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады. Әсіресе, дәстүрлі халық әндері мен әлемдік өнер жауһарлары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекелік кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлы қазақ өнерінің қарашаңырағы саналатын Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымына аудан жұртшылығы атынан шынайы ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстады.

Өз кезегінде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының ресми өкілі Ержан Алданазаров аудан жұртшылығы мен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, шығармашылық ұжым еңбегіне берілген жоғары бағаның ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

22 мамыр 2026 ж. 34 0