Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаншиге ел қонып, мал жайлаған

Атаншиге ел қонып, мал жайлаған

Қазақ жерінің бел тұсында жантайып жатқан батырдай ке­се түсіп көсіліп жатқан киелі Қара­құмның бір жәннат көгал­ын­дай жайқалған пұшпағы Ат­ан­ши аталады. "Қарақұм деген­ше, қарағым десейші" деп дана халқымыз баға берген жер осы! Төрт түлік малға жайлы, қай за­маннан қарақұрым ел-жұртқа пана болған майсалы жерді мекен еткен көшпелі жұрт қасиетті өңірдің өзіндік ерекшелігін, қоныс етуге аса қолайлылығын көріп, бұл жерді иесіз тастамай жазиралы сауырында жаз жайлап, қыс қыстағаны анық.
Атанши атауы қайдан шық­қан дегенде, оның жақын маң­ын­дағы Астауши, Жалпақши деген жерлермен тұстасып жат­қа­нына назар аудару керек. Бұл аумақ кешегі бір кезге дейін, өт­кен жиырмасыншы ғасырдың ал­пысыншы-жетпісінші жыл­дар­ына дейін қалың өскен шилі жер болғанын көзі көрген үлкен­дерден естігенбіз. Атаншидің та­бандығындағы шидің биіктігі сондай - ішіне енген атан түйе көрін­бейтіндей болған. Содан да осылай деп сол жерге атау бер­ген.
Ертеде тұрғындар ши бұта­ларына қарап, қай жерден құдық қазуға болатынын дәлме-дәл ан­ықтаған, өйткені ши жер асты суы жақын жерде өседі. Шиді мал жақсы жейді.Сол себепті малшы қауым өз қыстауларын шилі жерге салған. Қалың ши қыста қойға бораннан ықтасын және таптырмас азық болады.
Міне, осылайша ел-халқына құтты қоныс болған, төрт түлік малға жайлы, шөбі шүйгін Атан­ши өңірі ерте кезден-ақ берекесі тасыған құнарлы мекен болғаны рас. Осы ғажайып жерде нешеме ғасырлар бойы біздің көшпенді жұртымыз көптеген жақсы-жа­манды заманды бастан өткерді. Арғы жағына алыстамай-ақ, бер­іректен айтқанның өзінде, қазақ халқының басынан өткен небір  ауыр кезеңдердің ізі осы жерде де сайрап жатыр. Ұлан-байтақ ел­імізге XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығының зұлматты қаупі төнгенде, бүкіл қазақ жұр­ты бірлік танытып Құлжұмыр-Қасқа төбеде жиын өткізіп, оның тарихта "Қарақұм құрыл­тайы" деген атпен жазылып қал­ғаны белгілі. Халқымыздың ау­ызбіршілігін танытқан, келелі кеңес қылған құрылтайдың өту кезеңінде Атанши өңірінің мем­лекетіміздің тарихында үлкен саяси маңызын көре аламыз.
Тағы бір тарихи үлкен оқиға - өткен ғасырдың 30-жылдары қанқұйлы тоталитарлық Кеңес өкіметіне, оның құйтұрқы сұм сая­сатына қарсы жасалған Қара­құм көтерілісі еді. Ауқымды ау­мақты қамтыған көтерілісші­лер­дің бас қосып жиналған ор­та­лықтың бірі Қараүңгір-Тұз­дақ, Мұзбел төңірегінде болған. Және де жергілікті көте­рілісші­лер­дің мұздай қарулан­ған боль­шевиктік қызыл әскер­мен 1930 жылы 7 сәуір күні бол­ған ірі ай­қа­сы Қараүңгірдің бас­ында өт­кен. Бұл көтеріліс сол жылдары Қазақстанда болған толқулар­дың қатарынан орын алады. Осы жерде ата-бабалар­ымыз­дың азаттық үшін қаны төгілген.
Қан-жоса жауыздықпен ор­на­ған Кеңес өкіметі сайын да­ла­да нықтап орнаған соң, бұл өңір­лердегі көшпелі тіршілік кешкен мал шаруашылығымен айналысқан малшылар ортақ шаруашы­лық - артельдерге бір­іктірілді. Кей­ін ұсақ артельдер колхоз­дар­ға айналдырылды. Осы ай­мақ­тарда бірнеше кол­хоз­дар ондаған жылдар бойы жартылай көшпелі қалпында мал бақты.
1964 жылға дейін Атанши өңірінде "Арал", "Приарал", "Қара­құм" кеңшарларының жаз жайлауы болғаны белгілі. Атақты қоянның қысынан соң, мал басы ауданда тіпті кеміп кетіп, бұл өңір бірнеше жыл мал тұяғы тимей бос қалған түрі бар.
1967 жылы Арал ауданының батыс бетінде жыл бойы жаңбыр жаумай құрғақшылық болып, көктемде мал аузына ілігетіндей шөп шықпай қалып, Құланды жылқы зауыты аяғында малы қырылатын болғандықтан, әуелі жылқы үйірлерін, сосын қой отар­ларын амалсыздан алысқа айдап, тың жатқан, шөбі қалың, нулы да сулы, тың жатқан Атанши өңіріне қарай көшірген. Бұл - шындығында осы өңірді қоныс­танудың жаңа кезеңінің бастауы. Осы істі ұйымдастырудың басы-қасында Құланды жылқы зауыт­ының ди­ректоры Жақсылық Жет­­есов пен бұл маңның жер-суын өте жақсы білетін мал дәрі­гері Шәкебай Мақашов болды. Саңлақ жылқы­шылар Бимырза Әлназиев, Әбдірасулла Алпыс­баев­тарды Құл­жұм­ыр-Қасқа төб­енің астына әке­ліп отырғызды. Жаздай ағаш үй тігіп отырған олар сол жылы кері қайтпай осында қыстап қал­ған. Ағаш үй ішіне тамір ошақ-пеш салып, соны жағып үйді жылытатын. Қиянда осы қыстың қыр­аулы күндері жылқышыларға анда-санда фер­ма жүргізушісі Қиба­дул­ла Жол­дасбаевтың көлі­гімен мал дәрігері Шәкебай Ма­қа­шов қана келіп, азық-түліктерін, керек-жарақтар­ын жеткізіп тұра­тын.
1968 жылдың жаз айларында осындағы Жаршағыл деген жерде бұл фермаға орталық салынды. Зауыт құрылысшылары Сағым­бай, Берғалилар қасындағы көмек­ші кісілерімен бірге шағын-шағын төрт-бес үй салып, оларға бастау­ыш мектеп, дүкен мен мамандар отбасылары кіріп орналасты. Үш жылдық мектептің мұғалімі Аман­­келді Сейітжанов болды. Ал 1969 жылы ферма орталығы болуға қо­лайлы жер делініп Атанши таңда­лып, мектеп, дүкен,  маман басшы­лар сонда көшті. Бастапқы жылы бір-ақ үй болған, қалғандары жер­төле бастырмалар еді. Мектепке 1970 жылы Қосаманнан көшіп келіп, Бағира Жилібаева сабақ беріп, өзі меңгеруші болды, жол­да­сы Жақан Көптілеуов осы мек­тептің шаруашылық жүргізу қыз­метін атқарды.
Малшы қауым бірте-бірте ор­наласа бастағанымен де, Атанши өңірі Құланды жылқы зауытынан тым-тым шалғай болғандықтан, екі арада қатынаудың ауырлығы­нан жылқы үйірлері кері  алынып кетті де, мұнда тек №1 фермасы­ның бірыңғай қой отарларын қалдырды. Қой бағып қалғандар­дың қатарында аға шопандар Кен­жебай, Ізбас, Қарамырза, Әм­иядиндер болды. Бұл жылдары ферманың бастығы Қолғанат Жансүгіров деген азамат еді.
1973 жылы 29 сәуірде Атан­ши фермасы Арал аудандық ат­қару комитетінің №140 шешімі­мен Құланды жылқы зауытынан алынып, "Қарақұм" кеңшарына беріліп, № 6 ферма аталды. Әуелі­де Шайқыслам Елеусізов деген кісі басқарған, одан кейінгі  жылдары белгілі мал маманы Бозғұлан Құл­мағамбетов ферма басқарушысы болып келді. Ол бұған дейін жыл­қышылар бригадасының бригади­рі боп қызмет атқарған еді.
Қазақстан Республикасын­да қой санын 50 миллионға жеткізу мақсатына орай, Арал ауданында 1976 жылы 20 мың бас қоймен "Жіңішкеқұм" кеңшары құрылды да, Атанши "Қарақұмнан" бөлі­ніп, жаңа кеңшардың №1 ферма­сы атанды.
1976 жылы Атанши ауылында бар болғаны екі-үш-ақ ақ шатыр­лы үй болған. Қалған үйлердің құр­ылыстары жаппай енді-енді қолға алынып жатты. Жаңа фер­ма­ның басқарушысы Бозғұлан Құлмағамбетов, зоотехнигі Кема­ли Мырзалиев, мал дәрігері Тоқ­тықара Баймырзаев, есепшісі Абы­лай Төреханов, медициналық пункттің меңгерушісі Марат Нұр­ымбетов, кітапханашы Тілек­тес Алпысбаев, дүкенші Саржан Қарамырзаева, бастауыш мектеп меңгерушісі Бағира Жилібаева, ферманың көлік жүргізушісі Қибадулла Жолдасовтар болған.
Алғашқы жылдардан бастап ферманың шаруашылық көші түз­елуіне аға шопандар Әмірхан Әбу­бәкіров, Алмат Ахметов, Елемес Қаражанов, Дәулет Қызылбаев, Ата­хан Махамбетов, Кенжебай Рахманов, Сағымбай Ибраев, Ашықбай Жанысов, Әлнияз бен Әлім­жан Жұмақовтар, сондай-ақ механизаторлар, басқа да шаруашы­лық мамандары Рахманберген Беріс­тембаев, Бірлән Исаев, Қани­бек Аб­дуллаев, Мелдебек Досов, Оралша Жолдасова, тағы басқа­лар білек сыбанып, ел ризығы үшін уақытпен санаспай еңбек етті.
"Жіңішкеқұм" қой кеңшарына қарасты орталығы Атанши бол­ған №1 ферманы 1976-1979 жыл­дары Бозғұлан Құлмағамбетов, 1979-1980 жылдары Жаныс Мы­саев, 1981-1982 жылдары Әділ Бай­жақанов, 1982-1988 жылдары Шындалы Әбдіраманов, 1988-1991 жылдары Тоқтықара Бай­мыр­­заев, 1991-1997 жылдары Әділ­хан Дәрімбетов абыроймен басқарып, ел игілігін тасытып, дәулетін асы­ру жолында жанқиярлықпен ең­бек етіп, малшы қауымның мұқтаждықтарын шешіп, ауыл тұр­ғын­дарының әлеуметтік-тұрмыс­тық жағдайларын жақсартып от­ырды. Атанши ауылының өсуіне, заманға сай жетістіктерге қол жет­кізулері үшін барша мүмкіндік­терге жол ашып отырды. Халық­тың ел ағаларына айтар алғысы әр кезде де мол болып отырды. Ауыл тұрғындарының әл-аухаты жылдан-жылға жақсарған үстіне жақсара берді. Жоғары және орта арнаулы білім алған ондаған мал мамандары, мұғалімдер, медици­на қызметкерлері осы елді мекен­де алғашқы еңбек жолдарын сәтті бастап, біраз тәжірибе жинап, әрі қарай қызметтік жолдарын аудан­да, облыста, басқа аймақтарда ман­саптық өсу жолдарымен жал­ғастырды. Атанши ауылына, он­ың мейрімді де ақ көңіл тұрғын­дарына деген олардың құрметі зор.
Жоғары кернеулі электр подс­тансасына қараған элекрик Мах­шат Аймағанбетов, аэропорт ком­енданты Ағыбай Әбдіраманов, медпункттің акушер-фельдшері Кенжекей, ауыл моншасын жақ­қан Ербол Әлиев, дизель қосып жарық берген Арғынбай Өмірзақ­ов, дүкенші боп халыққа алғау­сыз қызмет көрсеткен Мәрия Жүнді­баева, мал шаруашылы­ғына бай­ланысты әр түрлі қызмет жасаған Жантілеу Қаратаев, Ор­азалы Дом­баев, Іскендір Жүндібаев, Шал­ғын­бай Өмірзақов, Жақсылық Әлімбетов, Қуан Қал­пақов, халық­тың қамын жеген айт­улы аза­мат Хангелді Жарбо­лов, ұжымда­ғы жалғыз әйел шоп­ан Әсем Жан­ысова, ферма радисі "жаңалық жаршысындай" көрін­етін Галия Әбдіжәлиева, ферма­ның шаруа­шылық меңгерушісі Жұбатхан Дармағанбетовтермен қатар ауыл мектебінің директор­лары болған Көшекбай Дүйсенов, Шыңғысхан Балапановтың аян­бай еткен өл­шеусіз еңбектері мен қадірлі есім­дерін бұрынғы ауыл­дас­тары қай жерде жүрсе де үнемі шына­йы көңілмен, ыстық ықылас­пен, сырлы са­ғынышпен айтып от­ыра­ды. Ол­­ар­дың әрқайсысы Атанши ауыл­ы­ның гүлденуіне, мәртебесі жо­ғар­лауына барынша атсалысты.
Ал "Жіңішкеқұм" кеңшары 1976 жылы құрылғаннан бастап, ел­іміздің нарық кезеңіне өтуіне бай­ланысты қайта тарауға мәж­бүр болған 1997 жылға дейін Шәке­бай Мақашов (1976-1980), Қазы­бай Мүгінісов (1980-1985), Қоң­ыр­бай Рыстығұлов (1985-1988), Наурызбай Абубәкіров (1988-1991), Жарас Оразаев (1991-1992), Кішкене Айбосынов (1992-1995), Жетпісбек Зиманов (1995-1996), Сахитжан Керимов (1996-1997) секілді белгілі азаматтар, мал шаруашылығының білікті көшбасшылары басқарып, аудан­да қой шаруашылығының дамуы­на елеулі үлес қосты.
Жаңарған,  жасарған Атанши ауылы 1980-1990 жылдар аралы­ғында әр жыл сайын сәтімен жал­ғасқан, ел-жұртты қуантқан жақ­сы-жақсы өзгерістердің, жағым­ды жаңалықтардың куәсі боп отырды.
1983 жылы мектептің жаңа, кең ғимараты салынып, бастау­ыш мектеп орталау білім беретін білім ұясына айналды. Мектеп жанынан отардағы малшы балалары үшін 40 орындық жайлы интернат ашылды. Сол жылы 75 шақырымнан жоғары кернеулі электр сымы тартылып, ауыл қараңғылық құшағынан бір­жолата шықты.
1984 жылы ауыл іргесінен аэ­ропорт алаңы жасалып, аудан ор­талығынан Жіңішкеқұм ауы­лы арқылы АН-2 ұшағы аптас­ы­на бірнеше рет ұшып келіп, тұрғындардың қалаға қатынасын жақсартты. Жазатайым өртеніп кеткен мектеп ғимараты 1989 жы­лы қайта салынып, мек­теп оқу­шыларының игілігіне беріл­ді.
Атанши фермасында 1980 жылы 17 отардан 12395 бас ана­лық қой, 1982 жылы 18 отардан 13782бас аналық қой, 1985 жы­лы 19 отардан 14005 аналық қой, 1991 жылы 18 отардан 13631 бас аналық қой төлдеген.
1986 жылы Атанши фермасы мал басын өсірудегі үлкен жетіс­тіктері үшін Бүкілодақтық соц­иалистік жарыстың жеңімпазы деп танылып, атаулы вымпел мен Мәскеуден берілетін Ю. Гагарин атындағы жүлденің иегері атан­ған. Бұл марапатты облыстық ауылшаруашылығы мен тамақ өн­еркәсібі қызметкерлері кәсіп­одағының төрағасы Молдиман Елеуов ферма бастығы Шындалы Әбдірамановқа салтанатты түр­де тапсырған.
1992 жылы №1 фермада 17556 бас қой, 189 бас ірі қара (сиыр) малы, оның ішінде саулық қой 14394 бас, тоқты 2784 бас, қошқар 378 бас болған екен.
1997 жылдың сәуір айында еліміздің сол кездің нарықтық-экономикалық саясатына орай үш фермасымен бірге "Жіңіш­ке­құм" кеңшары тарады. Ауыл мал­шылары жаңа құрылым - ко­оперативке бірігіп, оған 278 адам мүше болды. 2014 жылы ко­оператив жабылып, мүшелері өз үлестерін алып шықты. Атанши өңірінде қалған малшылар жеке шаруа қожалықтарын ашып алып, бүгінгі күндері ата кәсіпті жолға қойып отыр.
Атанши өңірінен қазір Сек­сеуіл-Жезқазған теміржолы өтіп, Мыңбала теміржол бекеті жергі­лікті малшы ауылдардың тұр­ғын­дарына жан-жақпен қатынас­ты жақсартты, алысты жақ­ындатты.      
Құтты да киелі мекен, қыз­ырлы орта Атаншидің алда қайта түлейтініне осындағы жұртшы­лықтың сенімі мол.
Ерғали Абдулла.
24 шілде 2026 ж. 77 0