Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арланның ажалы

Арланның ажалы

Мектепке енді барамын деп жүрген кішкентай кезім. Үй Тәуіптің Алтықұдық   деген жайлауында отырған. Әкем колхоздың қойын бағады. Бір күні  әкем  Кенжебайдың  баспағын қасқыр жеп кетіпті, анау жуан құм жақта бір қасқыр бар сияқты, сірә, сол  болса  керек деп келді өрістен. Бір-жар күннен соң қасқыр Қарабаланың тайыншасын жарып   кетті. Көп ұзамай Төреқұлдың үйірде жүрген тайын жаралады, абырой болғанда, үйірдің   айғыры араша түсіп, аман алып  қалыпты.
         Сөйтіп жүргенде қасқыр өрісте жүрген қой  отарына шауып, бір қойды тамақтап кетті. Осыдан кейін маңайдағы малшылар   жиналып, ақылдаса  бастады. Бәрінің ойы мына жуан құм жақта бір қасқыр  бар, соның інін  табу  керек  дегенге  келді. Із  кесуге   әкем  баратын  болды. Ертеңіне әкем жолға жиналып  жатыр  еді, мен де  барам  деп  жармаса  кеттім. Үйдің  кенжесі   болғасын  әкем  менің  бетімді  қайтара алмайтын, амалсыз  көнді. Екеуміз  атқа  мінгесіп ет пісірімдей жүріп, біраз жерді шарладық. Бірақ  ешқандай із кездеспеді. Күн ысып, шекені күйдіре  бастады. Ауылға қайтайық деп енді бет ала бергенде, кенет құм  бетіне баттиып  түскен  қасқырдың ізін  көрдік. Із өте үлкен, шамасы ірі қасқыр  болу  керек. Ізді  қуалап  айырылып  қалмау   үшін  сақ қарап келеміз. Із құмды жиектей біраз жүріп отырып, бұйра  құмның  ішіне  кірді. Кішкене  жүргенде  құмның  ортасында  қалың жыңғыл  мен   ши   өскен  тереңдеу   шұңқырға  кезіктік. Әкем  қасқырдың  інінің осында  екенін  бірден  сезіп, ат басын  тартып, жан-жағына қарап алды, дыбыс  шығармай жаймен жылжып шидің ішіне  кіре  бердік. Ойлағандай-ақ, қасқырдың  іні  осында  екен, аузы апандай   үңірейіп  жатыр, жан-жағы  шашылған  сүйек. Бірақ  қасқырдың  өзі  жоқ, тек шиырлап   тастаған   ізі  бар. Әкем  жайлап  аттан  түсіп, үйден  алып   келген  ара  тісті  дәу  қара қақпанды  іннің   аузына   тақау  жерге  білдіртпей   құра  бастады. Қақпанның  жан-жағын  құммен   көміп, үстін  бұтамен   жауып, үш-төрт  метрлік  шынжырына  жалғанған  қазығын  қағып, оларды да  құммен, бұтамен  көміп  жасырды. Сөйтіп түс  ауа  ауылға   келіп, болған  жайды  әкем  малшыларға  хабарлады.
         Ертеңіне  әкем  қасына  үш-төрт  жігітті  ертіп, бәрінің қолдарында басында  ашамайы бар сырық, қасқырдың  ініне  кетті. Барса, қасқыр  қақпанға  түсіпті, бірақ  өзі  жоқ, қақпанды  сүйретіп кетіп қалған, сүйреткен ізі  жатыр. Бос   топыраққа  қағылған   қазық  шығып  кеткен. Қасқыр  інінен  көп  ұзай  алмапты,і рі  арлан  қасқыр. Қақпаннан  босанам   деп  аяғын  шайнап  тастап, қара  қаны  шыққан. Қасқырлар   әдетте  қақпанға   түскенде  аяғын  шайнап  қиып  тастайды  да, шолақ  аяқпен  құтылып  кете   береді. Бұл да  сөйткен, бірақ  қақпан  кедергі  келтірген  тәрізді.               
              Түс ауа  әкемдер  қасқырды  тірілей  ауылға  алып   келді. Иттер алыстан   үріп, қойлар маңырап үй  маңына  жоламай, ауылды  азан-қазан  қылды. Бәрінің   көзі –  қасқырда. Тайыншадай  ірі  арлан қасқыр  екен. Үй  жануарлары да, түз жануарлары да  бәрінің  де  аты  бір мақұлық қой. Бірақ түйсіктері басқа. Иттер де, қойлар  да  қасқырдың  өздеріне  жақын емес  екенін  болмашы  түйсіктерімен  сезініп тұр. Ал қасқырдың  бәрін  ықтыратындай не құдіреті  бар. Сірә, түркілердің көк бөріден жаралғанбыз дейтіні  осыдан   шығар.
         Әкемдер  қасқырдың  аузын  кендір  арқанмен  ноқталап   байлап   тастапты. Аузы  болар-болмас  қана  ашылып, арасында  ұлып   қояды. Бағана  жігіттердің  ашамай  сырықты  алып   жүргені  сол  екен, жан-жақтан  қаумалап, ашамаймен  бастырып, қасқырдың  тырп  етуіне  шамасын  келтірмеген. Сонда да   айбатын  қояр   емес, жерді  тырналап  бұлқынып  тұр. Ауылдың   бүкіл  баласы  болып  тірі  қасқырды  тамашалап   тұрмыз, біз  үшін таптырмайтын   қызық. Тірі қасқырды  ауылға   әкелгені  несі, атып  тастаңдар  деп  апам  әкеме   кейіп  жүр. Шамасы  әкемнің   қасқырды  қолға  үйретем   деген  ойы  болса керек. Алдына  бір  кесек  ет   тастап  еді, оған   ауыз  салмады, тіпті   қарамады  да. Бөрілік  тектілігіне  барып  тұр.
         Жігіттер қасқырды үйден  аулақтау  жерде   өсіп  тұрған  жыңғылдың  бір  бұтағына  байлап  тастады. Бұл  күні   оны  өлтірген  жоқ, бірақ  түнімен  ұлып, оған  иттер  қосылып  маза   бермеді. Азанда   қасқыр  орнында  жоқ, жыңғылдың бұтағын  сындырып, сүйретіп  кетіпті. Жігіттер  олай-бұлай  ойқастап  қарағанмен  таппады, жым-жылас. Қасқыр  сол  кеткеннен  мол  кетті. Малға қасқырдың  шабуы да  тыйылды. Малдың  өрісінен   әкем  анда-санда  қасқырдың  ініне  барып   тұрды, бірақ  ол  онда  соқпады. Бәлелі  жерге   енді  жоламайын  дегені  болар.
         Арада   біраз  күн   өткенде   әкеме   еріп  қой  жаюға  мен де  шықтым. Қойдың   өрісімен   қасқырдың   ініне  тақау   келіп   қалыппыз. Жақын  келіп  тұрғасын  қасқырдың   ініне   бардық. Барсақ, қасқыр  ініне  тақау   жерде  жатыр. Әдепкіде қорқып  кеттік. Бірте-бірте  жанына  жақын  келіп, әкем  таяқпен  түртіп  еді, қозғалмады, өліп  қалыпты. Сүйретілген  кендір  арқан  әбден  жырымдалып, бір  тұтам  болып  қалған. Бірақ  басындағы ноқтасы шешілмей  сол  күйі  тұр. Бұрынғы  тайыншадай  арлан  қасқыр  емес, әбден  жүдеп, ырсиып, қу  сүйек  болып  қалған. Бірден  түсіндік, аштыққа  ұшыраған. Аузы  жабық  болғасын қоян, киік аулап жей  алмай, ұсақ кесіртке, тышқан  арлан   қасқырға  тамақ  болмаған. Өлер  халге   жеткенде  өзінің  ініне  келіп  жан  тәсілім   еткен  сияқты. Әкем  денесін  ұстап, жүнінен  тартып  көріп  еді, жүні  жұлынбады, әрі  ешқандай  борсып, сасыған  иіс  те  шықпады. Өлгеніне  онша  көп   уақыт  өтпеген   сыңайлы. Бір   өңірді  бір  өзі  иемденген  арлан  осылай  ажал   тауыпты.
Әкем терісін сыпырып, тері  алатын  агентке  өткізбей, арланнан  белгі  ретінде   көпке дейін  үйдің төріне іліп қойды.                                
Жақсыбай Төребеков,
мәдениет саласының ардагері
18 қаңтар 2022 ж. 945 0