Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлшылыққа қастандық жоқ

Құлшылыққа қастандық жоқ

«Апыр-ай, ә?!» деп күлдік басында. Сонсоң ойланып қалдық. Шынында, қасқыр болмаған күннің өзінде айдалада намаз оқып отырған тақуаның алдын кеспей, беймарал келіп, қасына отырғаны… «ит болса да, тегін емес-ау» дегізбей қоймайды. Әлеуметтік желілерде тарап жатқан оқиға былай болған.
Бұл – Майқұдықтағы Бала қажы мешітінің наиб имамы Нұржан Қалмағамбетов деген жігіт. Өскеменде, тау арасынан отбасымен өтіп бара жатса керек. Жайнамазын жайып жіберіп, мінәжат қылған бойда қасына қасқырдың қаншығы келіп жайғасқанын анық байқайды. Намазын оқи береді. Бір ғажабы, алдын кесіп өтпеген. Намазын оқып болған соң, ишара қылса, қарсылық танытпаған. Басынан сипайды да, жолдасынан суретке түсіруін өтінеді. «Әлгі мақлұқат сонда барып «арр» етті. Өлген жерім осы болды-ау деп, зәрем зәр түбіне жетті сонда. Дегенмен, суретке түсіргенге ырылдап қарсылық қылды да қойды, тиіспей кете барды» дейді Нұржан.
Алғашында әлеуметтік желі арқылы келген бұл сурет пен аудиожазбаға (Нұржанның түсінік берген сөзі) сенбеген біз кейіпкердің өзімен телефон арқылы тілдесіп барып, бір-ақ жазып отырмыз оқиғаны. Әлгі мақлұқаттың қасқыр екенін, жоқ, ит екенін Нұржанның өзі де білмейді. Қасқыр болса, қандайда бір құбылыстың белгісі, Алланың емеуріні. Ал, ит болса, анандай айдаладан оның да бұрылып келіп, ишара қылуы – таңқаларлық дүние. Кездейсоқ емес.
«Дінді, мұсылмандықты насихаттайын деген ой болған жоқ. Мешіттегі әріптестер арасындағы топқа (чат) салып жіберіп ем, күллі әлеуметтік желіге тарап кетіпті оқиға. Олай болады деп ойлағам жоқ. Негізі, бөрі емес шығар, мен анық білмеймін. Ал, бөрі болса, тарихта мұндай оқиғалардың саны болған. Ақадыр жағында Иса молда деген өткен. Ол кісі намаз оқып отырғанда, бес қасқыр тап болған үстінен. Алайда, шабуыл жасамаған, тиіспей өтіп кеткен» дейді Нұржанның өзі.
Құтырған қасқыр немесе ит болуы мүмкін деген оймен біз ветеринария мамандарына хабарластық. Олар «құтырған күнде осылай жуас, жайбарақат жүре беретіндері болады. Адамды тістеп, таламаса залалы жұқпайды. Десек те, мұндай жағдайда ит болсын, қасқыр болсын арнайы екпе жасап жіберген дұрыс» дейді.
Ал, суретті көрген кәнігі аңшылар «бұл қасқыр емес. Аяқ, бас бітісі бөріге келмейді. Иттің қасқырға ұқсайтын осындай тұқымдары бар» дейді. Ит болса да, тегін емес.
Дін өкілдерінің бірі «Адамды барлық жан-жануарларды бағындырушы бұл дүниенің халифы етіп жаратқан, Құранда сондай аят бар» десе, енді біреулері «қиямет күні жақындағанын Алла Тағала құлдарына осылай хайуанаттар арқылы аңғартады» деп қортындылайды.
Суреттегі бейне бір қарағанда қасқырға келеді. Итке де. Төрт аяқты хайуандар арасында Аллаға ең жақыны – осы бөрі, түркі текті қазақтың киесі. Адам баласын асырап алды деген аңыз да бар. Оның үстіне, оқиға Түріктің Отаны Алтай тауына жақын жерде болған. Асыранды қасқыр деуге тағы келмейді. Жүні жығылмаған, жұнттай. Аш-арық емес. Ит болған күннің өзінде, айдаладағы ит иесі болмаса, бөтен адамға келіп еркелемесі анық. Құлшылық етушіге адам түгілі, қасқыр мен ит те қастандық қылмайды екен. «Қой терісін жамылған қасқырға» ұқсап, теріс пиғылды ағымдарды жамылып, дәстүрлі дінімізге қастандық қылушылардыкы не сонда? Қасқыр мен ит құрлы болмағандары ғой. Біздің түйін – осы. Сіз не дейсіз?
https://ortalyq.kz
24 шілде 2019 ж. 1 378 0