Қаіуіптің алдын алу – ортақ міндет
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы таралатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бұл індет адам өміріне қауіп төндіретін жұқпалы дерттердің қатарына жатады. Аурудың негізгі қоздырғышы – вирус. Ол көбіне ауру жұқтырған кененің шағуы арқылы немесе ауру малдың қаны мен биологиялық сұйықтықтарымен байланыс кезінде адамға жұғады. Сондықтан көктем және күз мезгілдерінде кенелердің белсенділігі артатын кезеңде сақтық шараларын күшейту ерекше маңызды.Мамандардың айтуынша, аурудың алғашқы белгілері дене қызуының көтерілуі, қатты бас ауруы, әлсіздік, бұлшық еттердің сырқырауы, жүрек айну және дененің сырқырауымен басталады. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда аурудың асқыну қаупі жоғары болады. Сол себепті тұрғындарға табиғат аясында немесе мал шаруашылығымен айналысу кезінде қорғаныш киімдерін пайдалану, кенеден сақтану және кене шаққан жағдайда бірден медициналық ұйымға жүгіну ұсынылады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алуда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының маңызы ерекше. Бұл жұмыстар аурудың таралу қаупін төмендетуге, санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтауға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді профилактикалық шаралардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты Арал ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында күзгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары басталды. Науқанның басталуына орай арнайы техникалар мен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін мамандардың қатысуымен саптық қарау ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында жауапты мекемелердің дайындығы тексеріліп, залалсыздандыру жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізілуі жан-жақты пысықталды. Кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын жүзеге асыратын мердігер мекеме – «Дезинфекция и К» толық серіктестігі. Мекеме қажетті арнайы техникамен, құрал-жабдықтармен және тәжірибелі мамандармен толық қамтамасыз етілген.
Саптық қарауға аудан әкімдігі, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, аудандық ветеринария, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі, сондай-ақ Арал қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты. Жиын барысында күзгі залалсыздандыру жұмыстарының ұйымдастырылуы, жауапты мекемелердің өзара іс-қимылы және бекітілген жұмыс кестесінің сақталуы мәселелері талқыланды.
Биыл аудан көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша «қолайсыз» санатына енгізілген 20 елді мекенде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес жұмыстар екі кезеңмен ұйымдастырылып, әрбір елді мекенде бекітілген кестеге сәйкес атқарылады. Мамандар тұрғын үйлердің ауласы мен қора-жайларды, мал ұстайтын орындарды және қауіпті аймақтарды арнайы дәрілік препараттармен өңдейді.
Мұндай профилактикалық жұмыстардың негізгі мақсаты – кене арқылы таралатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты сақтау және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау. Сондықтан бұл жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуы ерекше маңызға ие.
Мамандар тұрғындарды жеке бас гигиенасын сақтауға, табиғат аясына шыққанда жабық киім киюге, арнайы қорғаныш құралдарын пайдалануға және үй жануарларын кенеге қарсы тұрақты өңдетуге шақырады. Егер денеге кене жабысқан жағдайда оны өз бетінше жұлып алуға әрекет жасамай, жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгінген дұрыс. Ал дене қызуы көтеріліп, әлсіздік немесе өзге де күмәнді белгілер байқалса, уақыт оздырмай дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу – тек жауапты мекемелердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ міндеті. Санитариялық талаптарды сақтау, залалсыздандыру жұмыстарына түсіністікпен қарау және мамандардың ұсынымдарын орындау арқылы ғана қауіпті індеттің таралуына жол бермеуге болады.
Аудан тұрғындарын күзгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін кезеңде мамандардың жұмысына қолдау білдіріп, санитариялық қауіпсіздік талаптарын сақтауға және қоғамдық денсаулықты қорғау ісіне белсенді атсалысуға шақырамыз.
О.ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ










