Ысырапшылдық ырысты азайтады
Қазақ «қазақ» болғалы баласын үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Олар: «ұят болады», «жаман болады» және «обал болады». «Ұят болады» деп баласын ар-ұжданға, әдептілікке баулып, арсыздықтан аулақ етсе, «жаман болады» деп жақсы сөз сөйлеуге, ізгілікке құштар болуға шақырған. Ал «обал болады» дегені – әрбір дүниенің, әрбір ризықтың сұрауы бар екенін ұқтыру еді. Бұл – бізге түкке тұрғысыз болып көрінген титтей де заттың өзге бір жан үшін баға жетпес құндылық екенін түсіндіретін үлкен педагогикалық философия.«Ысырап болмасын, босқа төгілмесін» деген ата-анамыздан қалған тыйымдар санамызда әлі күнге дейін жаңғырып тұрады. Бірақ өкінішке қарай, «ысырап» десе, көз алдымызға тек төгілген ас-ауқат пен ысырап болған нан ғана елестейтіні жасырын емес. Ал шын мәнінде, «ысырап» дегеніміз не? Өз ырысымыз бен берекемізді өзіміз азайтып жүрген жоқпыз ба?
Ысырап – адамның өз дүние-мүлкін, тапқан табысын, тіпті Алла берген нығметтерін адами тұрғыда да, діни тұрғыда да қажетсіз, пайдасыз жерге жұмсауы. Қазіргі қоғамда бұл дерт асқынып тұр. Халық арасындағы бәсекеге айналған шашбаулы тойлар, шамадан тыс зәулім үйлер, ысырап болып қоқыста жатқан тонналаған тағамдар мен киім-кешектер – сөзіміздің айқын дәлелі. Бірақ ысырапшылдық мұнымен шектелмейді. Дұрыс пайдаланылмаған уақыт, мөлшерден тыс су мен электр энергиясын ысырап ету, мақтан үшін алынған қарыз бен кредиттер де – ысыраптың ауыр түрі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде осы мәселеге ерекше тоқталып, «Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады» деп атап өткен болатын.
Бүгінгі таңда тұрмыста кездесетін шектен тыс су ысырабы, құмар ойындар мен зиянды әдеттерге ақша шашу, киілмей шкафта жатқан киімдер – ұлттық трагедияға айналып барады. Тіпті, ғаламтордың қызығына алданып, күнделікті берілген 24 сағаттың жартысынан астамын әлеуметтік желілерде мағынасыз өткізу де адам өмірінің ең қымбат капиталы саналатын уақытты ысырап ету.
Кезінде ата-бабамыз «Барға қанағат, жоққа сабыр» деп, өзінде бар дүниеге шүкіршілік етіп, асып-таспай өмір сүрген. Несібесін орнымен жұмсап, «жақсылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ» деген ұстанымды берік ұстанған. Артық мүлкін жақсылыққа, жетім-жесірге көмектесуге, елге пана болуға жұмсаған. Хакім Абай да өз өлеңінде:«...Еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпанды білсеңіз...» деп, бекер мал шашуды, орынсыз ысырапты адам баласының негізгі пәлесі, бес дұшпанның бірі ретінде көрсеткен болатын.
Өкінішке қарай, қазір кейбір жастар түгіл, орта жастан асқан, тіпті ақ сақалды қарияларымыздың да мақтан қуалап, ішіп-жеуді, сән-салтанатты бәринен жоғары қоятыны шындық. Осындай сәтте ойымызға еріксіз Шәкәрім ұстаздың: «Қайтер еді, жігіттер, тым қымбатты кимесек, Мақтан үшін борышты, үсті-үстіне үймесек...» деген данышпандық жолдары оралады. Неге біз бөркімізді аспанға атып, қарызға батып той жасаймыз? Тойдан кейінгі қоқысқа төгілген тамақты көргенде ішің ашиды. Біз үшін артылып қалған ас – әлемнің бір бұрышында аштықтан зардап шегіп жатқан миллиондаған адамдар үшін баға жетпес өмір нәрі екенін неге ойламаймыз?
Бастысы, бұл жерде «бай болу – қате, дәулетті болу – айып» деген теріс түсінік қалыптаспауы тиіс. Ислам да, адами өркениет те адал жолмен байып, еңбек етуді қолдайды. Мәселе тапқан байлықты қайда және қалай жұмсауда. Егер отбасыңыздың негізгі қажеттілігі, киімі мен тамағы қамтамасыз етілсе, асып-тасқан қаржыны мағынасыз салтанатқа емес, сапалы білім алуға, өз танымыңды кеңейтіп, рухани дамуға, денсаулықты нығайтуға және мұқтаж жандарға, жетім-жесірге қол ұшын созып, қайырымдылық жасауға бағыттаған әлдеқайда сауапты әрі пайдалы.
Қалай десек те, қанағат пен үнемшілдік –күнә мен кінәдан сақтайтын асыл қасиеттер. Ысырап бар жерде береке тұрақтамайтынын ұмытпайық!
Г.ӘЛНИЯЗИНА









