Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ысырапшылдық ырысты азайтады

Ысырапшылдық ырысты азайтады

Қазақ «қазақ» болғалы баласын үш ауыз сөзбен тәрбиелеген. Олар – ұят болады, жаман болады, обал болады. Ұят болады деп – балаларын ұятты істерден аулақтатып тыйған болса, жаман болады деп – жақсы сөздер айтуға, жақсылыққа құштар болуға баулыған. Обал болады дегені – барлық заттың сұрауы бар екендігі. Бізге түкке тұрғысыз көрінген дүниенің өзге үшін қымбат зат екендігін ұқтыру еді. «Ысырап болмасын, босқа төгілмесін» деген ата-анамыздан қалған тыйымдар да санамызда жаңғырып тұр. Ол есімізге түскенде төгілген азық-түліктің ғана көз алдымызға елестейтіні рас. Ендігі сол «ысырап» дегенге не жатады? Өз ырысымызды өзіміз азайтып жүрміз бе?
Ысырап – бәріміз білетіндей адамның өз дүние-мүлкін, тапқан табысын адами тұрғыда да, діни тұрғыда да керек емес жерге жұмсауы. Қазіргі кезде халық арасындағы жарысып той жасалуы, зәулім сарайдай үйлер мен қоқыста жатқан түрлі тағамдар мен киімдер де осылардың қатарына кіреді. Ал сіз дұрыс пайдаланылмаған өз уақытыңыз бен қалаған киімді киіп, тамақтану да ысырап екенін білдіңіз бе?
Елбасымыз бір сөзінде: «...Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық пен қанағатшылдық, қарапайымдылық пен үнемшілдік және орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді» деген болатын. Қазіргі заманда тұрмыста кездесетін – суды, электр энергиясын шегінен тыс пайдалану, түрлі тыйым салынған зиянды заттарға құштарлық пен киілмейтін киімге, ішілмейтін асқа деген ысырап көптеп кездеседі. Тіпті, ғаламтордың қызығына алданып, күнделікті берілген 24 сағаттың жартысынан астамын ұялы телефонда жұмсау да біздің ысырапшылдығымыз.
Кезінде ата-бабамыз:«Барға қанағат, жоққа сабыр» деп, оны өсиеттеп, бар дүниесіне шүкіршілік етіп, асып-таспай өмір сүрген еді. Алланың берген несібесін орнымен жұмсап, «жақсылық жасауда ысырап жоқ, ысырапта жақсылық жоқ» деп, бар артық мүлкін тек жақсылыққа, кем-кетікті үй қылуға, жетімекті тойдыруға жұмсаған. Бертін келе уақыт та сырғып өтті, заман да дамыды. Хакім Абайдың өлеңінде: «...Еріншек, бекер мал шашпақ, бес дұшпанды білсеңіз...» деп, ысыраптың дұшпан екенін көрсеткен болатын. Оны ең нашар қасиеттердің қатарына қосып, жастарды барынша алшақтатқан.
Қазір кейбір жастар түгіл, орта жастан асқан, тіпті үлкен қарияларымыздың да түрлі киім киіп, құр уақыт жұмсап, тек ішіп-жемді ғана ойлайтыны өтірік емес. Осы сәтте ойымызға еріксіз Шәкәрімнің: «Қайтер еді, жігіттер, тым қымбатты кимесек, Мақтан үшін борышты, үсті-үстіне үймесек» деген өлең жолдары есіңе түседі. Қай жерге барсақ та, астамшылдық. Онымен ғана қоймай, қарыз алып осындай қате қадамға барған жандарды көргенде тіптен ішің ашиды. Жай ғана тойдан кейінгі тағамдарды алып қарасақ та, біз үшін күнделікті жейтін, той біткен соң қоқысқа кететін тағамдар өзге біреу үшін аштықтың алдын алушы баға жетпес байлық.
Бастысы, бұл жердегі түсінік бай болу қате деген пікір қалыптаспау керек екендігінде. Егер күнделікті отбасыңыздың керегіне, киіміңіз бен басқа да шығындарыңызға жетіп тұрса, бар затқа тағы ақша мен уақыт құртқаннан, оны жинау, білімге, рухани азық алуға, жетім-жесірге көмекке жұмсаудың нығметі туралы.
Қалай десек те, ысырап пен қанағаттың күнә мен кінәдан сақтап, екі дүниеде де жамандықтан арашалайтын асыл қасиет екенін ұмытпайық.
Г. МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
28 наурыз 2023 ж. 447 0