Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Обал мен сауаптың орнын білген абзал

Обал мен сауаптың орнын білген абзал

Қазақтың айтулы билерінің бірі – Малайсарының: «Үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген насихат сөзі бар. Дәстүрлі дінімізде де «обал» және «сауап» деген түсініктің маңызы терең. Міне, осы жағдайды жақсы ұғынған бабаларымыз ұрпақтарының санасына «обал» деген ұғымды сіңіре білген. Тіпті оны жай тұрмыста да «ай, обал-дағы-ай» деген секілді ауызекі қолданыста жиі еске түсіріп отырған. Ондай сөзді бала күнімізде өзіміз де жиі естіп өстік. Қазір оған ысырапшылдық деген ынсапсыз ұғым қосылды. Енді осы жөнінде...
Нанның қиқымын шашсаң, обал болады, күшікті немесе мысықты бекерге қинасаң, обал болады, малды ұрып-соқсаң, обал болады, көктеп тұрған бұтақты сындырсаң, обал болады. Міне, осы сынды сөздер біздің санамызға әбден сіңіп қалғаны сонша, есейсек те жоғарыдағы ескертулерді жиі ұстанып жүреміз. Десе де адам болған соң оның таным-түйсігі мен сана сезімі түрлі деңгейде жаратылады. Жылдығын емес, күндігін ойлап өмір сүретін, қиямет түгіл, ертеңін ойламайтын адамдарға заттың обалы жайлы түсіндіру қиын, әрине. Өкінішке қарай, түрлі-түрлі обал істерге жол беріп, дым білмегендей жүре беретін безбүйректер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады. Олардың қатарында қанағатсыз "қарынбайлардың" бой алдыратын ысырапшылдығын тағы қосыңыз. Мұның алдын алмасақ, бүгін де, ертең де жақсылыққа жете алмасымыз жасырын емес.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болған Серікбай қажы Ораз кезекті бір сұхбатында ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлтымыздың танымы мен түсінігі жайлы ойларымен бөліскен.
– Біздің ұлтымыз өскелең ұрпақтың жадына «обал болады» немесе «сауап болады» деген ұғымды сіңірген. «Обал болады» мен «сауап боладының» түпкі мәні тереңде. Нан қиқымын шашу – обал болады. Біреудің ала жібін аттау – обал болады. Өзгенің хақысын жеу – обал болады. Қарияға құрмет – сауап болады. Жабырқаған жанның жүрегіне үміт сыйлау – сауап болады. Міне, қарап отырсаңыз, осының бәрі отбасыдан басталатын тәрбие негіздері. Біз сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан халқымыздың осындай қасиетті ұғымдарын жастарымыздың санасына сіңіре беруіміз керек, – деп атап өтті.
Қазір адам баласы сағынып ас ішпейтін болған. Фаст-фуд мәдениеті өмірімізге енгелі жүре тамақтанып, қалдығын кез келген жерге тастай салатынды шығардық. Салдарынан әлемді қоқыс жайлап, зардабын жан-жануарлар мен түрлі жаратылыстар көріп жатыр. Обал ма, әрине! Зер салып жан-жағыңызға қарайтын болсаңыз, пакет-пакет үйілген нандар жатады кейде. Адам аяғы баспайтын жер өз алдына, сол нандардың қоқыста жатқанын көріп жатамыз кейде. Бұл да көрер көзге оғаш, обалды еске түсіретін сұрықсыз көрініс. Біз ішкен-жегеніміздің сауабын білмейтін, біле тұра байыбына бармайтын бойкүйез елге айналып барамыз ба, сонда?! Мұндай келеңсіздік тек біздің басымызда емес, барша әлем елдерінің тұрмысына тән көрініс болып кеткен шығар. Сонда да біз обал мен сауаптың орнын білетін халықтың ұрпағы емес пе едік?!
Негізі, біз көп нәрсеге өз деңгейінде мән бере алмай келеміз-ау. Жан-жануарлар мен әртүрлі тіршілік иелеріне көрсететін озбырлығымыз өз алдына, ішіп-жемімізден артылған ақ адал асымызды да ойланбастан далаға тастай салатын деңгейге жеттік. Тойлар мен ас-жиындарда дорбалап аударылатын тағамдар қаншама?! Шүкір дейік. Осының барлығы тоқшылықтың арқасы. Бірақ бір күндері сол әрекетіміздің сұрауы болуы бек мүмкін. Дегенмен бір сәт ойлансақ, біз тастап жатқан сол үзік нанға зар болып отырған елдер қаншама?! Сол ашаршылық бір кездері біздің ата-әжелеріміздің де басынан өтті емес пе?! «Үрерге иті, сығарға биті болмаған» жұртымыздың бұлайша обалға орын бергені ойландыратын-ақ дүние. «Судың да сұрауы бар» дейтін халқымыз үшін мұндай қылық жараспас. Жалпы, обал мен сауаптың шариғаттағы үкімі бойынша да лайықты өлшемі бар. Бұл жөнінде аудандық орталық мешіттің бас имамы Қ.Қабылғазиевпен сөйлестік.
– Қазақ халқы ертеден обал мен сауаптың орнын білген ғой. Әрине қолдан келсе сауапты іс істеген жақсы, есесіне, обалды іске де орын бермеген дұрыс. Өйткені шариғат ұғымында «обал» өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық ретінде қарастырылады. Ал қасиетті Құранда: «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген де аят бар. Бұл аятты мұсылман ғалымдары «Адамдар жасаған күнәлі істерінің жазасын бұл дүниеде де, ақиретте де тартады» деп түсіндірген. Сондықтан асыл дінімізде
обалды іске орын жоқ. Біз елдің арасында жүргендіктен, садақалар мен астарда аста-төк дастарқанды көріп жүрміз. Астың текке ысырап болып, аяқ асты етілер сәті де осы кезде. Көбіне осындай көріністерге көңіл құлазиды. Қазалы үйге біреу жылап барады, біреу сынап барады. Десе де мұндай жағдайларда ысырапшылдыққа жол бермей, обал болады деген түсініктен танбау керек. Шашылған нан мен төгілген ақтың обал екенін білсек, соның өзі сауап болуы мүмкін. Менің түсінігімде обалды іске орын жоқ, дін де мұны құптамайды, – дейді бас имам.
Жаһандану заманында бағзыдан жеткен обал мен сауапты жас ұрпаққа отбасыдан бастап ұғындырған жөн. Немерелерін ұлттық таныммен сусындатып отырған Д.Жолдығұлова осы қос ұғым ұлттық тәрбиенің өзегі болуы керек, дейді. Расында, «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, бүгін буыны бекіген бала ертең обал мен сауаптың ара-жігін ажырата білуі керек. Сонда ол ержете келе қоғам өміріне араласып, өзінің ұрпағына да ненің обал, ненің сауап болатынын ұғындыра біледі.
– Біздің әке-шешеміз сонау бала күнімізден «обал болады» деген түсінікті санамызға сіңірді. "Нанды шашпаңдар, малды теппеңдер, ақты төкпеңдер, жас бұтақты сындырмаңдар, дәрменсіз тіршілік иелерін қинамаңдар" деген сынды обалды істерді жиі айтып отыратын. Сауапты істі ер жете келе өзіміз біліп, мектеп қабырғасында жүріп түйсіндік. Өскелең ұрпақтың алдында әже атанып отырған соң, біз оларға әркез бағдаршамбыз. Олар біздің айтқанымызды санасына түйіп, істегенімізді істейді. Халқымыз «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Сондықтан бала тәрбиесінде ұлттық негіз саналатын обал мен сауаптың мен үшін салмағы зор. Балаларыма да соны ұдайы ескертіп отырамын, – дейді көпбалалы ана.
Түйін: «Обалды біліп өссең – сауапқа кенелесің» деген халық даналығында үлкен мән бар. Құстың қос қанаты іспетті осы тәрбиелік мәні зор ұғымдар бүгінгі қоғам үшін аса қажет. Әсіресе ата-ана үшін отбасынан бастау алатын тәрбиенің таптырмас құралы. Сол себепті үлкендердің «обал болады», «сауабын аласың» деген сөздеріне немқұрайлы қарамай, олардың мәнін түсіне отырып орындап, ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдану адамды жақсылыққа жетелейтіні сөзсіз. Демек бізге обал мен сауаптың орнын біліп, қай істе болмасын қанмен келетін қасиетті жоғалтпай, тәрбиенің тамырын үзбеген абзал.

А. ҚАРАСАЙ
13 наурыз 2021 ж. 1 002 0