Қазақтың ырым-тыйымының тәрбиелік мәні
Қазақ халқы бала тәрбиесіне мән беріп, оның ырым – тыйымдарын, салт-дәстүрін ерекше сақтаған. Ырым – жақсылықтан өнеге алып, оған жету үшін жасалатын әрекет. Ал тыйым рәсімдері жас ұрпақты табиғатты қорғауға, әдепті болуға, қарапайымдылыққа, инабаттылыққа баулиды. Халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-санасын жақсы біліп, оны іс жүзінде орындай білу – әрбір перзенттің борышы. Ол – мәдениеттің белгісі. Тыйым – халықтың тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге, ақыл-кеңес берудегі тәрбие құралдарының бірі.Біз ата-бабаларымыздың даналығы сол – қанша ғасырдан бері тыйым сөздердің мәні өзгермей, қасиеті кетпей бүгінгі заман жастарына беретін өнегесі көп. Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтқан "Адамға бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы" деген сөздеріне қазақтың тыйым сөздері толық мысал бола алады
Әдет-ғұрып, салт-дәстүр арқылы халықтың күнкөрісі, тұрмыс-салты, мінез-құлқы ерекшеліктері мен дүниетанымының сыр-сипаты айқын көрінеді. Ата-бабаларымыз өздері тіршілік етіп отырған орта, табиғат, тұрмыс-тіршілік болмысын, ел-жұрт арасындағы қарым-қатынас, жақсы-жаман кезеңдерді ой елегінен өткізіп, әр кез оған деген өз көзқарасын білдіріп отырған. Халқымыздың ғасырлар бойы жасасып, бізге жеткен асыл мұралардың бірі – тыйым сөздер. Олардан халқымыздың әдет-ғұрпы, наным-сенімін ғана біліп қоймай, бойымызға тәлім-тәрбие сіңіреміз. Тыйым сөздер мазмұны мен мақсатына қарай тұрмыстық-шаруашылық, еңбек, мәдени-гигиена, экологиялық тәрбие, әдеп мәдениетіне тәрбиелейді.
Ежелгі халықтардың туған топырақ, атамекен, табиғат, жан-жануарлар туралы ұғым-түсініктері, таным-талғамдары ырымдар мен тыйым сөздерден ерекше орын алған. Олар негізінен жер мен суды, өсімдіктерді, құстар мен жануарларды, аңдар мен жәндіктерді қорғауға, оларға рақымшылық етуге, обал, сауап дегенді сезінуге тәрбиелейді.
Халқымыз көкті жұлма деген, көкті жұлсаң көктей соларсың деп жаман ырымға жорып, жұлғызбаған. Нанды бір қолыңмен үзбе, нанның үгіндісін аяққа баспа деген сөздерде дәмге, оны дастарқанға келтіретін еңбекке деген құрмет сезімінің ізі бар. Халқымыздың тобылғылы сайға қой түсіртпей, ши атаулыны қорық қылып, күзет қоюының өзі күнкөріс қамы ғана емес, табиғатты қорғау, аялау әрекетінен туындаса керек. Қазақ халқының жер, су туралы ұғым-түсініктеріне назар аударалық. Обал болады деп егінді, шалғынды жерді бет алды бастырмаған. Судың да сұрауы бар деп ағынды суды бұрғызбаған. Құстар мен аңдарға жасаған рақымшылығын мынадай ұғымдардан білеміз: құстың қарғысына ұшырайсың деп құстардың ұясын бұздырмаған, бетіңе шұбар түседі деп жұмыртқасын жарғызбаған. Халқымыз қыран құсты атқызбаған, аққу құс киелі деп оған құс салуға, оны атуға тыйым салған. Сондай-ақ қарлығашты киелі деп ұққан. Егер қарлығаш киіз үйдің шаңырағының шандуында ұя салса, балапандары ұшып кеткенше көшпей отырған. Ата-бабаларымыз малды тепкізбеген. Қойдың сүті қорғасын, қойды тепкен оңбайды деген, құты қашады деп малды басқа ұрғызбаған, балағаттамаған. Сиыр мен қойдың желіні ісіп кетеді деп төгілген сүтті аяққа басқызбаған.
Үйге қарай жүгіруге болмайды. Әдетте оқыс оқиға, жамандық болғанда адам үйге қарай жүгіреді. Бұл, біріншіден, балаларға жамандық шақырма деген ескерту болса, екіншіден, үйде үлкен бар, жүрегі әлсіз адамдар бар, елді үркітпе, қорқытпа дегені. Қонақ кете салысымен үйді қағып-сілкуге болмайды. Себебі қонақпен бірге үйге жақсы тілек, ықылас-пейіл келеді. Екіншіден, қонақ кете салысымен үйді қағып-сілку әдепке жатпайды. Ойлап қараған адамға бұл сендерден құтылдым ба, жоқ па деген ойға келтіреді. Саусақ, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды. Әдепсіздік екенін былай қойғанда, түрлі ауру шақыратын микробтар ауызға түсуі мүмкін. Құран оқығанда күлуге болмайды. Құран адамға имандылық тәрбие бере отырып, бұл дүниеге қанағатпен қарауға, төзімділікке, пайымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Дүниеден өткен адамдарды еске алып құран оқығанда күлу, сөйлеу, жалаңбас отыру – әдепсіздік. Аманатқа қиянат жасама. Бұл біреуге сөз берсең, міндетті түрде орындау керек деген сөз. Аманатқа адалдық – адамның биік парасат иесі екендігін көрсетеді.
Қыз бала шашын жайып жүрмейді. Ата-баба салтында тек жақыны қайтыс болған әйел ғана шашын жайған. Бүгінгі таңдағы қыз балалардың шаштарын жалбыратып жайып жүргені әдептілік емес. Жиналған, өрілген шаш адамды ұқыпты көрсетеді, әрі жұмысқа да, оқуға да ыңғайлы. Қыз баласы тамақ дайындағанда басына міндетті түрде орамал байлауы қажет. Өйткені тамаққа шаш түсіп кетуі мүмкін. Әлем-жәлем киінбе. Қазіргі таңда қыздарға ішін ашып жүру сәнге айналған. Бұл өте жағымсыз әдет, әрі қыздардың денсаулығына да зиян. Бүйрек аурулары, гинекологиялық аурулар пайда болуы әбден мүмкін. Қызға қырық үйден тыю. Қыз бала орынсыз күліп, орынсыз сөйлеп, бейуақытта қыдырмағаны абзал. Өйткені қыз балалар – болашақ аналар.
Бос бесікті тербетуге болмайды.Үйге келген адамға бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей-ақ білдірген. Бесікті саудалама, бұл оның құны жоқ зат екендігін білдіреді. Ал қазақ халқында бесік – ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым.
Жолға шығып бара жатқан адамнан қайда барасың, қашан келесің? деп сұрамайды. Бұл адамның көңілін алаңдатып, сәтсіз сапарға ұрындыруы мүмкін. Тек іштей тілектес болып қалу керек. Барып-қайтар жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды, бұл астамшылық, күпірлік болады. Алла жазса, Құдай қаласа, барар жердің дәмі тартса деп нысаппен сөйлеу керек.
Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді. Аяқ киімді де солай. Бұл тірлігінің барлығы оң болсын деген ниеттен туған. Киімді желбегей жамылмайды. Себебі қолы жоқ адам ғана киімді желбегей жамылады. Әрі жұмыс істегенде де ыңғайсыздық туғызады. Бас киімді тебуге, лақтыруға, теріс киюге болмайды. Жақсылықтың барлығы адамның маңдайына жазылады деп есептеледі. Сондықтан бас киімнің орны ерекше. Бас киімді әрқашан таза, ұқыпты ұстап, төрге іледі.
Үйге кіріп келе жатқан бала құлап қалса – үйге береке, ырыс келеді. Бала жол қараса – қонақ келеді. Бала тілін шығарса – хабар келеді. Сәби анасынан ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін отырып емсе – мырза, жомарт болады. Баланың желкесі терең шұқыр болса – қырсық болады. Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі. Бүк түсіп жатса – уайымшыл, жігерсіз болады. Етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – батыр, кемеңгер болады. Кішкентай бала табаққа аяғын салса – тоқшылық белгісі.
Баланы қырқынан шығарып, ит көйлегін ауыстырғанда оны бойына бала бітпей жүрген әйелдер арнайы сұрап алатын ырым бар. Оларға баланың анасы ит көйлекті бүтіндей бере салмай, жыртып береді. Баланың тісі түскенде, оны кесек ет, май немесе бауырсаққа қосып, тісі иттің тісіндей өткір, мықты болсын деп итке асатады. Сонымен қатар көктей болып өссін деп түскен тісті жеміс ағашының түбіне көмеді, таудай болсын деп тауға қарата лақтырады. Бала тісі періште бұйымы ретінде есіктен кіретін түрлі пәле-жала, қаскөй күштерден қағып тұрады делініп, есік жақтауы арасына да қыстырылады. Бала еңбектей бастағанда, бауырын жерден тез көтерсін деп бауырынан табақ өткізетін ырым бар. Тәй-тәй басып, апыл-тапыл қадамдар жасай бастағанда жүйрік болсын деп бұтының арасынан сирақ асып өткізетін ырым да болған.
Халықтың педагогикалық тәрбие құралдары мен тыйымдарын жүйелі түрде пайдаланып, сөзіміздің қадірін арттыру өз қадірімізді арттырумен бірдей. Ертеде дүниеден өткен көнекөз аталарымыз бен әжелеріміз айтып кеткен ескертпелерін әр кезде есімізде сақтап жүрейік. Қазақта ырым-тыйымнан көп нәрсе жоқ. Оған біреу сенер, біреу сенбес. Алайда әр ырымның шығу төркінін ойланып көрсеңіз, сену-сенбеу керек екенін түйсігіңіз айтады.
Дайындаған К. Махсұт
Арал қаласы