Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мандаттық комиссияның отырысы өтті

Мандаттық комиссияның отырысы өтті

Ағымдағы жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясында талапкерлерді оқуға қабылдау жөніндегі мандаттық комиссияның отырысы өтті.
         Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Ергалиевич Алдажуманов төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға Шекара академиясының бастығы, генерал-майор Павел Константинович Поливанов, мандаттық комиссия мүшелері мен қабылдау науқанына жауапты лауазымды тұлғалар қатысты. Отырыс барысында талапкерлердің қабылдау емтихандары мен кәсіби іріктеу нәтижелері жан-жақты қаралып, конкурс қорытындылары шығарылды. Комиссия мүшелері әрбір үміткердің құжаттарын, дене даярлығының, медициналық тексерудің, психологиялық зерделеудің нәтижелерін саралап, әскери қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігін бағалады.
Биыл Шекара академиясына, сондай-ақ Түркия Республикасы мен Ресей Федерациясының жоғары әскери оқу орындарына түсуге 900-ге жуық талапкер құжат тапсырды. Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен талапкерлер оқуға ұсынылды. Жиын барысында генерал-майор Е. Алдажұманов қабылдау науқанының заңдылық, ашықтық және әділдік қағидаттарына сәйкес ұйымдастырылуының маңыздылығына тоқталды. Ол болашақ офицерлердің кәсіби даярлығы мен моральдық-психологиялық қасиеттері мемлекеттік шекараны қорғауда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Өз кезегінде Шекара академиясының бастығы, генерал-майор П. Поливанов талапкерлерді іріктеу жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілгенін айтып, Шекара академиясына қабылданатын жастардың сапалы әскери білім алып, болашақта ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында адал қызмет ететініне сенім білдірді.
Мандаттық комиссияның қорытынды отырысы қабылдау науқанының маңызды кезеңін аяқтап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету ісіне өз үлесін қосатын болашақ офицерлер құрамын жасақтаудағы жауапты міндеттердің бірі болды.
Аға лейтенант Айдос Курамысов
       ҰҚК Шекара академиясы
30 шілде 2026 ж. 52 0