Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт саулығына жауапты ұжым

Ұлт саулығына жауапты ұжым

20 ғасырдың 20-жылдарында азаматтық соғыс және одан кейінгі әлеуметтік-экономикалық сілкіністер Қазақстандағы әлеуметтік және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды едәуір нашарлатты. 1919 жылғы Ұлы жұт, 1920 жылғы егіннің жетіспеушілігі, аймақтың экономикалық және мәдени тұрғыдан құлдырауы халықтың жаппай аштыққа ұшырауына және жұқпалы аурулардың өсуіне себеп болды. Нәтижесінде 1920 жыл эпидемиологиялық және санитариялық-гигиеналық тұрғыдан өте ауыр болды, өйткені елдегі эпидемиялар кең көлемде таралды. Туындаған проблемалармен қатар медициналық кадрлардың, әсіресе санитариялық дәрігерлердің тапшылығы сезілді.
Ауыр эпидемиялық жағдайға байланысты ҚазКСР Денсаулық сақтау халық комиссары Михаил Шамов 1921 жылғы 25 маусымда барлық губерниялық денсаулық сақтау бөлімдерінің жанынан төтенше комиссияларды шұғыл қалыптастыру туралы өкім берді.
1920-1921 жылдары губерниялық денсаулық сақтау бөлімдерінде штаттық санитариялық дәрігерлермен санитариялық-эпидемиологиялық бөлімшелер ашылды.
1921 жылы алғашқы үш санитариялық-бактериологиялық зертхана ашылды. Осы жылы Денсаулық сақтау қызметінің Бүкілқырғыз кеңесі өткізіліп, онда Денсаулық сақтау халық комиссариатына мынадай бөлімдерді ұйымдастыру туралы шешім қабылданды: емдеу, санитариялық-эпидемиологиялық, балалар денсаулығын қорғау, фармакологиялық және санитариялық ағарту.
1922 жылы «Республиканың санитарлық органдары туралы» Жарлық қабылданды.
1931-1932 жылдары санитариялық-эпидемиологиялық станцияларды барлық жерде ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.
Арал ауданында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің негізі 1931 жылы қаланды. 1931 жылы Арал қаласында денсаулық сақтау бөлімі жанынан санитариялық қадағалау бөлімшесі ұйымдастырылды. Оған К.Г.Рязанцев мемлекеттік санитариялық инспектор болып тағайындалды.
1940 жылдың 1 қазанында С.Трофименко санитариялық дәрігер болып бекітілсе, 1951 жылдың 29 тамызында санитариялық-эпидемиологиялық станциясының дербес есепшоты ашылып, бас дәрігері болып А.М.Аврутова тағайындалды. 1956 жылдың 9 наурызында бас дәрігер болып С.М.Зиндельс бекітілді.
1957 жылдан 1960 жылға дейін бас дәрігер міндетін А.АКотова атқарса, 1960 жылы И.К.Кулахметов, 1961 жылы Л.Р.Некифорова, 1962 жылдың мамыр айынан Ш.Г.Қасымбекова, 1966 жылдан 1975 жылға дейін Б.Кульмаханов бас дәрігер қызметін атқарды.
1975 жылдың мамыр айынан бастап 2010 жылға дейін аудандық мемлекеттік санитариялық бас дәрігер, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы міндетін Г.Ж.Дошниязова болды.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары санитариялық-эпидемиологиялық қызмет күрделі реформалардан өтті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі бірнеше рет қайта құрылып, ведомстволық бағыныстылығы өзгерді.
2013 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті оның қарамағындағы органдар мен ұйымдарды жаңадан құрылған Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігіне бере отырып қайта ұйымдастырылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етумен қатар, агенттікке тұтынушылардың құқықтарын қорғау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау жөніндегі функциялар берілді.
2017 жылы кезекті реформалардың нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық қызмет Ұлттық экономика министрлігінің құрамынан шығарылып, қайтадан Денсаулық сақтау министрлігіне берілді және Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті басшылық еткен қоғамдық денсаулық сақтау қызметі қалыптастырылды, оның құрылымында медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау бөлімшесі болды.
2018 жылы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесіне тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау функциялары мен бөлімшелері беріліп, нәтижесінде Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті, 2020 жылы пандемия кезеңінде Денсаулық сақтау министрлігінде кезекті қайта ұйымдастыру жүргізіліп, нәтижесінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды.
2003 жылдың тамызынан бастап аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласы Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы және «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының Арал аудандық бөлімшесі болып, осы екі мекеме ауданда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағытында бірлесе жұмыс атқаруда.
2010 жылдың мамыр айынан бастап ауданның санитариялық-эпидемиологиялық қызметін Ақзия Қасымқызы Сатекеева басқарып келеді. Еңбек жолында 2001 жылы «Жылдың үздік дәрігері», 2005 жылы «Жыл бас маманы» атақтарын иеленіп, дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
2022 жылы аудан әкімі С.Сермағамбетовтің «Денсаулық сақшысы» номинациясы бойынша «Жыл үздігі – 2022» атағын иеленіп, дипломмен марапатталды.
2024 жылы "Қазақстанның Алтын кітабына" енгізіліп, медалімен марапатталды.
Бүгінгі таңда басқармада үш бөлім бар: жалпы санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімі, эпидемиологиялық қадағалау бөлімі, ұйымдастыру-құқықтық жұмыстар және мониторинг бөлімі. Штаттық кестеге сәйкес барлық мамандар конкурстан өтіп, жұмыс жасауда.
Қазіргі таңда басқарманың материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. 2024 жылдың шілде-тамыз айларында 11 млн 800 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимарат түгелдей жаңаланды. Үш бөлімге бөлек-бөлек бөлмелер қарастырылып, ішкі санитариялық торап жасалып, қойма мен архив, тұрмыстық бөлмелер ұйымдастырылды. Басқарманың оргтехникамен жарақтануы қанағаттанарлық жағдайда.
Басқарма 2020 жылы LADA автокөлігімен, 2022 жылы CHEVROLET COBALT автокөлігімен жаңартылды.
Тәуелсіздік алған жылдары мекеменің материалдық-техникалық жағдайы, мамандармен қамтамасыз етілуі біршама жақсарды. Атап айтқанда, 1990 жылы мекеме бейімделген ғимаратта орналасып, жылу пеш арқылы беріліп, су тасымалды түрде жеткізілді, лас су желісі қарастырылмаған болатын. 1994 жылы типтік жобадағы екі қабатты ғимаратқа көшіріліп, жергілікті сұйық отынмен жанатын бу қазандығы арқылы жылытылып, орталықтандырылған су желісі тартылып, жергілікті лас су септігі орнатылды.
1990 жылы техникалық құралдардан бар болғаны екі жазу машинкасы болса, бүгінгі таңда басқарма толық компьютерлендіріліп, барлық компьютерлер электрондық байланыс желісіне қосылған. Мамандар компьютерді 100 пайыз меңгерген және «ЕРСОП», «ЕРАП», «Е-лицензия», «Е-өтініш», «Е-қызмет», «Бұлтты құжат айналымы» бағдарламаларымен жұмыс жасауда.
Аудандық басқармада 1990 жылы білімін жетілдірген мамандар саны 40 пайызды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 90 пайызға жетті. Ал біліктілік санаттары бар мамандардың үлесі 10 пайыздан 60 пайызға дейін көтерілді. 2003 жылдың қазан айынан бастап басқарма мамандары мемлекеттік қызметке өтіп, мамандық мәртебесі жоғарылады, сонымен қатар міндеті мен жауапкершілігі де күшейді. Мамандар үш жыл сайын мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталықтарында білімін жетілдіруде.
2000 жылдан бастап санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау шараларын жүргізуге қажетті нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етілу барысы жақсарып, қадағалау жұмыстары санитариялық ережелер мен қағидаларға сәйкес жүргізілуде.
Санитариялық ережелерге сай емес нысандардың құжаттары Қызылорда облысы ауданаралық сотына жолданып, мәселелер оң шешімін тауып, жыл сайын орташа есеппен 7-10 нысан жабылып, олардың орнына жаңа нысандардың салынуына және күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне ықпал жасалды.
Санитариялық-эпидемиологиялық тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік шаралар қолдану, салынған айыппұлдарды өндіру бағытында сандық және сапалық жағынан ілгерілеушілік байқалды. 1990 жылы 344 айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы 2752 сомды құраса, оның 72 пайызы ғана өндірілген. 2016 жылы өндірілген айыппұл көлемі 10 млн 180 мың 800 теңгені құраса, 2025 жылы 23 млн 614 мың 032 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 100 пайызы өндірілді.
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясы 2001 жылы облыстық конкурсқа қатысып, озық үлгілі көрсеткішімен, қызметтік міндетті қоғамдық жұмыстармен тікелей ұштастыруға атсалысқаны әрі мекеме тазалығы мен ауланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлгені үшін «Озық мекеме – 2001» атағын жеңіп алып, облыстық СЭС-тің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын арттырудағы 2009 жылдың қорытындысы бойынша жоғары көрсеткішке ие болып, «Ең үздік мекеме» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды.
2017 жылы басқарманы Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы С.Евилхан қасиетті Рамазан айына орай дәстүрлі дінімізді насихаттау ісіне белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.
2018 жылы басқарма Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігі тарапынан мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге және ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтудегі жемісті жұмыстары үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Арал ауданының санитариялық-эпидемиологиялық қызметі ауданның экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалардың қабылдануына бастамашы болып, олардың орындалуына санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізуде сүбелі үлес қосты.
Аудан халқы 1987 жылдан бастап Сарыбұлақ жерасты суымен қамтамасыз етіліп келеді. 2003-2010 жылдарға арналған «Таза су», 2010-2017 жылдарға арналған «Ақбұлақ», 2017 жылдан бастап іске асырылған өңірлік бағдарламалардың нәтижесінде бұрын дария мен құдық суын пайдаланып келген аудан халқының бүгінгі таңда 95,6 пайызы сапалы жерасты суымен қамтамасыз етілді. Арал қаласына ұзындығы 179 шақырым су құбыры желісі тартылып, екі су көтеру мұнарасы салынды, барлық жеке тұрғын үйлерге су құбыры жеткізілді. Аудандағы 46 елді мекенге су құбыры тартылып, барлық 46 елді мекенде ішкі су желісі іске қосылып, жаңғыртылды.
Барлық осы игі жұмыстардың жүргізілуіне мемлекеттік санитариялық қадағалау жасауда санитариялық дәрігер Қ.Тарғынов, санитариялық дәрігер көмекшілері Ж.Тілеуқабылова мен Т.Назаров аянбай еңбек етті. Бүгінде бұл нәтижелі жұмыстарды басқарманың бас маманы Ж.Оразбаев жалғастыруда.
Ауыз су сапасының жақсаруына байланысты бұрын 1970-1986 жылдары аралығында 120 жағдайға дейін тіркелетін іш сүзегі мен паратиф «В» ауруларының тіркелуі тоқтады. Сальмонеллез бен дизентерия аурулары 15 есеге төмендесе, соңғы бес жыл көлемінде бұл аурулар тіркелген жоқ. Жұқпалы ішек аурулары 1368 жағдайдан 17 жағдайға дейін, яғни 81 есеге дейін азайды. Ал «А» вирусты гепатиті 3051 жағдайдан бірлі-жарым жағдайға дейін, яғни үш мың есеге жуық төмендеді.
Ауданның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі тарапынан емдеу-сауықтыру мекемелерінің санитариялық-техникалық жағдайына, санитариялық-гигиеналық ережелердің сақталуына, ауруханаішілік жұқпалы аурулардың алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлініп, талап күшейтілді. Сонымен қатар емдеу мекемелерінен шығатын медициналық қалдықтардың талапқа сай жойылуы қатаң бақылауға алынды.
Ауданда «Денсаулық сақтауды дамыту» бағдарламасына сәйкес 1990 жылы 160 төсектік аудандық аурухана ғимараты салынды. Уақыт өте келе ғимараттың апаттық жағдайына байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің экономикалық сотқа берген құжаттарының негізінде 2018 жылдың тамыз айында қазіргі заманғы медициналық қондырғылармен жабдықталған типтік жобадағы 150 төсектік аудандық аурухана ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтар айында аудандық орталық ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып, кардиология және нейроинсульттік бөлімшелер ашылды, жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Ауданда 2006 жылы бір ауысымда 300 адам қабылдауға арналған аудандық емхана салынды. 2009 жылы 100 төсектік аудандық туберкулезге қарсы диспансер емханасымен бірге пайдалануға берілді. Кейін құрылымдық өзгерістерге байланысты 15 мың халыққа медициналық қызмет көрсететін «Байтұрсынов» ауылдық емханасы болып қайта құрылды. Еліміз тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде ауданда 25 төсектік «Сексеуіл» ауылдық ауруханасы, «Сексеуіл» ауылдық емханасы, 10 дәрігерлік амбулатория және 18 медициналық пункт салынды.
Ауданда өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу мақсатында типтік жобадағы балабақшалар мен мектептер салу, оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуын қатаң қадағалау бағытында санитариялық қызмет мамандары біршама жұмыстар атқарды.
Апаттық жағдайдағы мектептер мен балабақшалардың құжаттары ауданаралық экономикалық сотқа дайындалып, сот шешімімен жабылып, олардың орнына жаңа типтік жобадағы мектептер мен балабақшалардың салынуына ықпал жасалды. Санитариялық қызметтің табанды талап етуінің нәтижесінде тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде ауданда типтік жобадағы 46 мектеп пен 10 балабақша бой көтерді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің жеке қаражатына 11 бөбекжай-бақша салынды.
Осындай игі істердің жүзеге асуына санитариялық бақылау бөлімінің басшысы С.Қалмағамбетова, санитариялық дәрігер көмекшісі Е.Якименко, жетекші мамандар А.Жиеналиева мен Т.Қосмамбетова өлшеусіз үлес қосты. Кейін бұл игілікті істерді бөлім басшысы болған Н.Жүрсімбаева (2019 жылы қайтыс болды), одан кейін бөлім басшысы болып тағайындалған Г.Сақтағанова, бас маман А.Айназарова және жетекші маман М.Қуантаева жалғастыруда.
2024 жылы басқарманың жетекші маманы М.Қуантаева «Үздік мемлекеттік қызметші» сайысына қатысып, жүлделі І орын иеленіп, дипломмен және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Ауданымызда Арал кеме жөндеу зауыты, Арал электротехникалық зауыты, «Ажар» фабрикасы, Арал мұнай өнімдері, «Казсельхозтехника», Арал автокөлік кәсіпорны, Арал электр желісі, Арал байланыс торабы, Арал жол жөндеу мекемелері секілді іргелі өндіріс орындары мен кәсіпорындар жұмыс жасады. Осы өндіріс орындары мен кәсіпорындарда еңбек жағдайларының, санитариялық-гигиеналық ережелердің сақталуын қадағалау және кәсіби аурулардың алдын алу бағытында қажырлы еңбек еткен санитариялық дәрігер Қ.Айдосов пен санитариялық дәрігер көмекшілері Р.Әзіралиев пен Ұ.Орынбаеваларды ерекше атап өткен жөн.
Санитариялық дәрігер Қ.Айдосовтың мол тәжірибесін насихаттау мақсатында 20 жылдан астам уақыт облыс бойынша еңбек гигиенасының озық тәжірибе мектебі жұмыс жасап, басқа аудандардағы әріптестеріне үйретері мол ұстаз бола білді.
Аудан халқын жұқпалы ішек ауруларынан қорғау, астан уланудың алдын алу, қоғамдық тамақтандыру орындары, сауда орындары мен базарларда, тамақ өндірісі нысандарында санитариялық-гигиеналық ережелердің сақталуын және сапалы азық-түліктің халыққа сатылуын қадағалау барысында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тамақ нысандарын қадағалау жөніндегі мамандары қарқынды жұмыстар атқарды.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің қатаң қадағалау жұмыстарының нәтижесінде аудан тарихында қоғамдық тамақтандыру орындарында, балабақшалар мен мектептерде, сауықтыру лагерьлерінде астан улану жағдайы тіркелген жоқ.
Санитариялық қызмет саласында жұмыс істеудің қиындығына қарамастан, аудандағы білім беру ұйымдары, емдеу-сауықтыру мекемелері, өндіріс кәсіпорындары мен тағам нысандарын санитариялық талаптарға сәйкестендіру бағытында біршама жұмыстар атқарылып келеді. Санитариялық талаптарға сәйкес келмейтін нысандарды жабу және айыппұл салу бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Осындай нәтижелі жұмыстардың басы-қасында санитариялық дәрігерлер Қ.Оңдасынов, А.Сатекеева, санитариялық дәрігер көмекшілері С.Нұржанова мен М.Елеуовалар болды.
Бүгінгі таңда бұл жұмыстарды, сондай-ақ қызметтің барлық басым бағыттары бойынша басқарма басшысы А.Сатекеева, басшының орынбасары А.Балшамбаева, бас маман Ж.Оразбаев және жетекші маман А.Разақова жоғары жауапкершілікпен, кәсіби шеберлікпен, істі терең білумен және оған адалдықпен атқаруда.
Басқарма басшысының орынбасары А.Балшамбаева 2013 жылы «Үздік санитариялық дәрігер» байқауына қатысып, ІІ орын иеленіп, дипломмен және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Қазіргі таңда басқарманың басым бағыттары ұлғайып, жұмыс ауқымы кеңейді. Тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы мемлекеттік сатып алу жұмыстары А.Разақовамен жүргізілуде.
Сонымен қатар қазіргі таңда басқарманың басты бағыттарының бірі – қоғамдық денсаулықты сақтау және инфекциялық емес аурулардың алдын алу. Осы бағытта «Салауатты мектеп», «Салауатты жұмыс орындары», «Салауатты университет» жобаларына аудандағы бақылаудағы нысандарды енгізу және оларда салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жетекші маман Б.Бектілеу атқаруда.
Аудан халқының арасында соматикалық, жұқпалы және паразитарлық аурулардың алдын алу, олардан сақтану шараларын кеңінен насихаттауда Несібелі Князбаева апайдың еңбегі ерекше. Н.Князбаева өзінің қоңыр, жағымды дауысымен тыңдаушыларды ұйыта білді, қажетті мәліметтерді халыққа түсінікті әрі әсерлі жеткізе білді. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда «Жұртшылықпен байланыс және медиа жұмыстары» бағыты бойынша басқарманың жетекші маманы А.Ержанова тарапынан аса жауапкершілікпен жүргізілуде.
Арал ауданының аумағы оба, құтырма, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруларының табиғи ошағында орналасқан. Ауданда сібір жарасының 14 стационарлық қолайсыз пункті есепке алынған.
Арал ауданында 1947 жылы Авань елді мекенінде ауырған түйені сойып, оның етін тұтынған 140 адам оба ауруына шалдығып, көпшілігі аурудың асқынуынан қайтыс болды.
1967 жылы Қарақұм елді мекенінде ауру түйені сойған төрт адам оба ауруымен ауырып, оның екеуі аурудың асқынуынан қайтыс болды.
1990-2003 жылдар аралығында ауданда 10 адам оба ауруымен ауырып, оның төртеуі аурудың асқынуынан қайтыс болды. Жүргізілген профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында оба ауруының ошақтары дер кезінде жойылып, аурудың басқа елді мекендерге таралуына жол берілген жоқ.
Ауданда 1957-1958 жылдары Сыр бойындағы елді мекендерде бөртпе сүзек ауруы өршіп, 70 науқас тіркелді. Дер кезінде жүргізілген шаралардың нәтижесінде ауру ошақтары оқшауландырылды.
Ауданда 1981 жылы – 1, 2013 жылы – 1, 2014 жылы – 1 құтырма ауруы тіркеліп, барлығы да өлім жағдайымен аяқталды.
Аудан эпидемиологтарының қажырлы еңбегінің нәтижесінде сарып ауруы 66 жағдайдан 1-2 жағдайға дейін, яғни 60 есеге дейін, ал туберкулез ауруы 250 жағдайдан 36 жағдайға дейін, яғни 6,9 есеге дейін төмендеді.
Ауа арқылы таралатын жұқпалы аурулардың ішінде қызылша ауруы 1970 жылы өршіп, 682 жағдай тіркелді. 1982 жылы – 326, 1985 жылы – 279, 1993 жылы – 150, 2023 жылы – 150, 2024 жылы – 74 жағдай тіркелді. Ауру ошақтарында эпидемиологтардың алдын алу шараларын сапалы ұйымдастыруының арқасында аурудың өршуі тоқтатылды. Кейін қызылшаға қарсы тұрақты егу жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде 2025 жылы бар болғаны 4 қызылша жағдайы ғана тіркелді.
Ауданда 1978 жылы сары ауру өршіп, 3051 адам ауырды. Осыған байланысты 800 төсек-орынға есептелген жұқпалы ауруларды уақытша емдеу стационарлары ашылып, 9867 адам зертханалық зерттеуден өткізілді. 2966 бала мен жүкті әйелге гаммаглобулин егілді. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станцияның мамандары медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып, аурудың таралу деңгейін төмендету және алдын алу бағытында күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек етіп, індеттің өршуін тоқтатты.
Кейін ауданда «А» вирусты гепатитінің 1997 жылы – 530, 2005 жылы – 153, 2006 жылы – 33 жағдайы тіркелгенімен, СЭС мамандарының ауру ошақтарында жұмысты сапалы ұйымдастыруының нәтижесінде аурудың таралуы тоқтатылды. Бүгінде 2 жастағы балаларға «А» вирусты гепатитіне қарсы егу шараларының жүргізілуінің нәтижесінде 2010 жылдан бастап ауданда аурудың бірлі-жарым жағдайлары ғана тіркелуде.
Аудан халқын аса қауіпті карантиндік жұқпалы аурулардан және басқа да жұқпалы аурулардан қорғау бағытында дәрігер-эпидемиологтар Ж.Есмағамбетов, Т.Садуақасов, Д.Суханберлиева, О.Мошанов, эпидемиолог көмекшілері С.Сексенбаев, Н.Жанпейісов, Н.Сағындықов, С.Серікбаев, Ж.Сарсенбаева, М.Сайымова, А.Ержанова, медициналық статистер В.Бобкун, А.Сайымова, М.Үмбетова, Г.Тілеуқабылова сүбелі үлестерін қосты.
Эпидемиологиялық бақылау бөлімі мамандарының ұйымдастыруымен жұқпалы және паразитарлық ауру ошақтарында індетке қарсы іс-шаралар дер кезінде жүргізіліп, ауданда аса қауіпті жұқпалы аурулардың (оба, бөртпе сүзек, тырысқақ, сібір жарасы, құтырма), сондай-ақ жұқпалы аурулардың («А», «Е», «В» вирусты гепатиттері, іш сүзегі, паратиф «В», сальмонеллез, дизентерия, жұқпалы ішек аурулары) таралуына жол берілген жоқ.
Эпидемиологиялық бақылау бөлімінде қазіргі заманғы биологиялық қауіп-қатерді азайту бағдарламасы аясында ауруларды қадағалаудың электрондық ықпалдастырылған жүйесіне жұқпалы және паразитарлық ауруларды тіркеу және бағдарламаға енгізу жолға қойылған.
Бүгінгі таңда ауданда жұқпалы аурулардың алдын алу және профилактикалық егу шараларының жүргізілуіне қадағалау жасауда бөлім басшысы О.Мошанов, бас мамандар Қ.Қаппаров, М.Садықова, А.Қыдырбаева, жетекші мамандар А.Бакишев пен Г.Әйімбетова өз үлестерін қосуда.
Басқарманың эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы О.Мошанов 1999 жылы облыстық конкурсқа қатысып, «Үздік дәрігер-эпидемиолог» атағын жеңіп алып, дипломмен марапатталды.
Басқарманың бас маманы М.Садықова 1985 жылы облыстық эпидемиолог көмекшілері арасындағы сайыста «Жылдың үздік эпидемиолог көмекшісі» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. 1984 жылы аудан көлемінде өткен түрлі спорттық жарыстарға белсене қатысып, үстел теннисінен және шахматтан І және ІІ орындарды иеленіп, ұжым намысын қорғады.
2021 жылы Арал ауданы әкімінің жыл қорытындысы бойынша «Пандемия күрескері» номинациясында «Үздік эпидемиолог» белгісімен марапатталды.
2025 жылы басқарманың жетекші маманы Г.Әйімбетова «Үздік мемлекеттік қызметші» сайысына қатысып, ІІ орын иеленіп, қаржылай сыйақымен марапатталды.
Аудан көптеген жылдар бойы паразитарлық ішек-құрт аурулары мен жұқпалы тері аурулары бойынша қолайсыз аймақтардың қатарында болды. Пәрменді іс-шаралар жүргізудің нәтижесінде ішек-құрт ауруларының ішінде энтеробиоз 1553 жағдайдан 13 жағдайға дейін, яғни 119 есеге, гименолепидоз 51 жағдайдан 1–2 жағдайға дейін, яғни 50 есеге, ал қышыма ауруы 147 жағдайдан 4 жағдайға дейін, яғни 65 есеге төмендеді.
Осы жұмыстарды үйлестіруде, ұйымдастыруда, анықтауда және қадағалау жүргізуде дәрігер-паразитолог Г.Жүсіпова, энтомолог В.В.Губенко, көмекші энтомолог Д.Тайлақов, сарапшылар М.Климова мен Б.Джиеналиева нәтижелі еңбек етті. Қазіргі кезде бұл жұмыстарды бас маман К.Жалмағамбетова жалғастыруда.
2019–2021 жылдары COVID-19 вирусының таралу географиясы үлкен ауқымды қамтыған кезеңде басқарма мамандары тынымсыз еңбек етіп, санитариялық-эпидемиологиялық және шектеу-карантиндік іс-шараларды тиімді ұйымдастыру арқылы инфекцияның таралуының алдын алуға елеулі үлес қосты. Бұл бағыттағы жұмыстарда басқарма басшысы А.Сатекеева, басшының орынбасары А.Балшамбаева, бөлім басшысы О.Мошанов, бас мамандар М.Садықова мен К.Жалмағамбетова, жетекші маман А.Бакишевтің еңбегі зор. Атқарған ауқымды еңбектері еленіп, басқарма басшысы А.Сатекеева, бас маман К.Жалмағамбетова және жетекші маман А.Бакишев Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Жаңадан құрылған Қызметті жоспарлау және талдау бөлімінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, кіріс-шығыс құжаттары мен орындаушылық тәртіпті бақылау, «Бұлтты құжат айналымы» ақпараттық жүйесінің жұмысын қадағалау міндеттерін бөлім басшысы М.Жолмырзаев атқарып келеді. Ал «Е-қызмет», «Е-өтініш» ақпараттық жүйелерімен жұмысты ұйымдастыруда бас маман Е.Сұлтаниязовтың өзіндік үлесі бар.
Ауданның санитариялық-эпидемиологиялық қызметі мамандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде шаруашылық меңгерушісі Ж.Сансызбаев, автокөлік жүргізушілері Ө.Разақов, С.Сарсенбаев, Р.Көмекбаев, Б.Баекешов, О.Баекешов, М.Баекешов, С.Әділов, Ә.Борашев, электрик С.Бермағамбетов, тазалықшылар К.Сабыралиева, Р.Разақова, Б.Ақмамбетова, Б.Әленова, М.Байғабылова және М.Өтегенова өз үлестерін қосты.
Есеп жұмыстарын жүргізуде Ә.Дүйсенбаева, М.Жұмахметова және Г.Өтегенованың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Компьютер операторы болып еңбек еткен Г.Кірбасова мен шаруашылық меңгерушісі болған Т.Еңсепов те осы сала жұмысына өз үлестерін қосты.
Қазіргі таңда бұл жұмыстарды хатшы М.Үмбетова, инспектор Г.Алдабергенова, жүргізушілер А.Азілханов пен Ә.Сұлтанияз, сондай-ақ тазалықшы А.Махамбеталиева жалғастыруда.
«Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының Арал аудандық бөлімшесін ұзақ жылдар бойы Бақыткүл Тұрмағамбетқызы Есжанова басқарды. Кейін зейнеткерлік жасқа толуына байланысты мекемені Бақыткүл Қайыңбайқызы Қайыңбаева басқарып келеді.
«Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының Арал аудандық бөлімшесінің санитариялық-гигиеналық және санитариялық-бактериологиялық зертханалары қазіргі заманғы қондырғылармен толық қамтамасыз етілген. Зертхана аккредиттелген.
Осы жылдар ішінде бактериологиялық зертхананың зерттеу номенклатурасы 57-ден 87-ге, ал санитариялық-гигиеналық зертхананың номенклатурасы 147-ден 368-ге дейін өсті.
Бактериологиялық зертханада жұқпалы ішек ауруларының, сальмонеллез бен дизентерияның зертханалық нақтылану көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Осындай нәтижелі жұмыстардың басы-қасында білікті дәрігерлер Г.Асауова, Б.Есжанова, Б.Жүсіпова, лаборанттар Б.Тілеуқабылова, Ж.Исанова, А.Даниярова, М.Кемалашова және Е.Нажмадинова болды.
Бүгінгі таңда бұл жұмыстарды дәрігерлер Ф.Жаймақова, Б.Қайыңбаева, Г.Алдамжарова, Ж.Қанибаева, А.Сембиева, С.Аманов, А.Домбаева, инженер А.Жылмағамбетова, лаборанттар Р.Шынжанова, М.Медетова, Б.Джиеналиева, Б.Өтешова, К.Жанықұлова, Г.Исатаева, Ж.Есенова, Ж.Ильяшова, М.Абдраманова, Р.Есенжолова, тазалықшылар Г.Ақбаева, Б.Бермағамбетова, С.Құрманбаева, жүргізушілер Т.Баекешов пен А.Жақсылықов жалғастыруда.
Жұқпалы аурулар ошақтарын уақытылы оқшаулау, оларда сапалы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу және аурудың таралуына жол бермеу бағытында дезинфекциялық нұсқаушылар Ж.Баймағамбетов, М.Садықов, дезинфекторлар Т.Сексенбаев, К.Ақбаева, Е.Айназаров аянбай еңбек етті. Бүгінгі таңда бұл жұмыстарды дезинфекциялық нұсқаушы Б.Жанысова мен дезинфектор Н.Баекешова тынымсыз еңбек етіп келеді.

Онталап ЖОЛДАСОВ
04 тамыз 2026 ж. 50 0