Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ-2026: Қанша талапкер грант конкурсына өтті?

ҰБТ-2026: Қанша талапкер грант конкурсына өтті?

233 мың талапкердің 76%-ы грант конкурсына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) шамамен 233 мың талапкер қатысып, олардың 76%-ы шекті балл жинап, мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу құқығына ие болды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижесімен қатысу мүмкіндігі берілді. Соның нәтижесінде 233 мың талапкер тестілеуден жалпы 422 мың рет өткен.

Тестілеуге қатысушылардың 73%-дан астамы қазақ тілінде, 26%-дан астамы орыс тілінде, ал 383 талапкер ағылшын тілінде тест тапсырды. Биылғы ҰБТ-ның орташа нәтижесі 69 балды құрады.

ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары нәтиже – 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ нәтижелерін конвертациялау арқылы) жинады. Сондай-ақ 821 талапкер 130 балдан жоғары нәтиже көрсетті.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін де қажетті жағдайлар жасалып, негізгі ҰБТ-ға 800 талапкер қатысты.

Тестілеудің ашықтығы мен академиялық адалдық қағидаттарын сақтау басты назарда болды. ҰБТ барысында 95 мыңнан астам апелляциялық өтініш қаралып, ереже бұзудың 890 дерегі анықталды. Тыйым салынған заттарды алып кіруге немесе пайдалануға әрекеттенген талапкерлердің нәтижелері жойылды.

Ұлттық тестілеу орталығы 31 қазанға дейін бейнежазбаларды талдау жалғасатынын ескертті. Егер осы кезеңде тестілеу ережелерін бұзу фактілері анықталса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ҰБТ нәтижелері күшін жояды.

Қазіргі уақытта Республикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. ҰБТ сертификаттары талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді. Ал мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері 7 тамыз күні жарияланады.
Фото: baq.kz
06 тамыз 2026 ж. 57 0