Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ –2023 94 мың талапкер білім грантынан үміткер

ҰБТ –2023 94 мың талапкер білім грантынан үміткер

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 94 мың талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берген. Ал 2022 жылы 80 мың өтініш қабылданған еді.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде биылғы негізгі ҰБТ қорытындыларын атады. «5 шілдеде негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Жалпы ҰБТ электронды форматта, 43 тестілеу орталығында «1 компьютер-2 камера-1 тестіленуші» қағидаты бойыша өткізілген болатын. Осыған дейін айтқанымыздай, ҰБТ-дағы маңызды артықшылықтардың бірі – әр бала екі мүмкіндігін қолданып, ең жақсы нәтижесін грант конкурсына жолдай алады», – дейді вице-министр. Оның сөзінше, биыл негізгі ҰБТ тапсыруға 166 мың талапкер 305 мың өтініш білдірген.
«Олардың 162 мыңы ҰБТ-ның екі мүмкіндігін қоса есептегенде 291 мың рет тест тапсырды. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83 пайызына тең. Былтырғымен салыстырғанда бұл бірнеше есе жоғары. Былтыр 37 пайыз ғана болған. ҰБТ-ның орташа балы өткен жылмен салыстырғанда 7 балға өсті. Биыл орташа балл 73 болды. 5 адам ең жоғары көрсеткіш алды – 137 балл 120 балдан жоғары алған балалардың саны – 2868», – деді Қуаныш Ерғалиев.
Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылдан бастап елімізде ҰБТ тапсыру кезінде жаңа тыйым пайда болуы мүмкін. Енді оқушылар сынаққа өздерінікі емес, арнайы сол жерде берілетін қаламдармен ғана кіре алатын болады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мектеп түлектеріне қаламсаппен тестілеуге келуге тыйым салынуы мүмкін екенін жеткізді. Айтуынша қалам арқылы көп оқушы шпаргалка кіргізуге тырысады.
«Түлектердің көпшілігі шпаргалкаларды қаламсапқа жасырады. Осыған байланысты біз келесі жылы ҰБТ кезінде аудиторияда қалам тарататындай шешім қабылдағымыз келеді», – деді Емелбаев.
Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, бір талапкер емтиханға өткізуге рұқсат етілген дәрумендерге формулалар жазып алып кірген. Тағы біреуі пиджак қалтасына смартфонын жасырып, ол жерге кесінді жасаған. Руслан Емелбаев соңғы жылдары мұндай жағдайлардың азайғанын да атап өтті.
"2020 жылдан бастап тыйым салынған зат табылса, талапкерді тестілеуге жібермейтін ереже қабылданғанын қайталаудан жалықпаймыз. 2020 жылға дейін бұл ереже болған жоқ. Статистика бойынша 2019 жылы 102 000 талапкер ҰБТ тапсырса, тармақ саны 128 мыңды құрады! Биыл кіре берістен 402 тыйым салынған зат тәркіленді",– деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.
Биыл педагогикалық квота 47 пайызға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ алғаш рет ауыл шаруа¬шы¬лық және инженерлік бағыттарды қолдау мақсатында қанатқақты режімде арнайы квота бө¬лін¬ді. Бұл гранттар өңірлік жоғары оқу орындарына берілген. Жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінетінін білеміз. Биыл да әлеуметтік осал жеті топқа квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35 пайыз болып бекітілген. Жылдағыдай білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.
«Толқын» ақпарат
28 шілде 2023 ж. 183 0