Білім деңгейі сарапталар сәт
Биылғы оқу жылы да аяқталды. Үлкен үмітпен жаңа өмір жолына қадам басқалы тұрған мектеп бітірушілер ҰБТ-дан жоғары балл жинау үшін 11 жылда жинаған бар білім-білігін сарапқа салады.
Талапкерлер биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсырып, қайсысынан жоғары ұпай жинаса, сол нәтижемен грант конкурсына қатысады. Еліміз бойынша 130 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп, құжатын тіркеген. Талапкерлер сынақты 16 мамыр мен 5 шілде аралығында тапсырады. Түлек ҰБТ-ны екі рет тапсыру мүмкіндігіне ие болғанымен, бейінді пәндер комбинациясын ауыстыра алмайды. Мәселен, бірінші сынақ тапсырған уақытында қандай пән таңдаса, екінші рет тапсырғанда да сол пәндерді тапсыруға міндетті.
Аудандық білім бөлімінің мәліметі бойынша, биыл аудан бойынша 933 оқушы мектеп бітірсе,соның 661 түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берді.Сондай-ақ тестке қай күні кіретінін оқушы өзі таңдайды.
Айта кетерлігі, биыл ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ҰБТ «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидасы бойынша өткізіледі. Талапкердің жұмыс үстелінде негізгі камерадан басқа өзге адамның бар-жоғын анықтауға арналған қосымша веб-камера орнатылған және тест тапсыру кезінде компьютер мониторында калькулятор, Менделеев кестесі қарастырылған. Тестілеуге 240 минут беріледі. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут беріліп, олар үшін суретсіз, диаграммаларсыз және схемаларсыз сынақ дайындалады.
Биыл ҰБТ-дағы пәндер санында өзгеріс жоқ. Тестілеуде 3 міндетті пән, 2 таңдау пәні болады. Тест саны – 120, оның 15-і Қазақстан тарихы, 15-і математикалық сауаттылық, 20-сы оқу сауаттылығынан болса, қалған 35 сұрағы бейіндік екі пәннен қойылады. Ең жоғарғы ұпай – 140. Үміткердің тестілеу аяқталғаннан кейін жарты сағат ішінде апелляцияға беру мүмкіндігі бар.
Білім департаментінің мәліметі бойынша, егер бірінші тестілеуде талапкер ереже бұзса, яғни тыйым салынған көмекші құралдарды пайдаланса, ол ҰБТ-ның екінші тестілеуіне қатыстырылмайды. Ал екінші тапсыру кезінде ереже бұзатын болса, бірінші және екінші тестілеудің нәтижесі жойылып, талапкер гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Тағы бір жаңашылдық – академиялық адалдықты сақтау үшін әрбір талапкердің тест нұсқасы таңбаланады, яғни әрбір тестке қатысушының жеке тест нұсқасы болады. Ескерте кететіні, тестке қатысушы ереже бұзса, ол анықталып, тест нәтижесі жойылады.
Өмір белесінің алғашқы баспалдағынан аттағалы тұрған қай түлектің болсын мақсаты – мемлекеттік грант иегері атану. Ал ол мақсатқа жету үшін көп еңбектену қажет екені белгілі. Осындай маңызды сәтте әр шәкірттің көңілі алаңдаулы болатыны анық. Десек те әрбір жас түлек осы бір сынақтан сүрінбей өтіп, білім деңгейін дәлелдейді деген сенімдеміз.
"Толқын" ақпарат