Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰБТ: білім деңгейі сарапталар сәт

ҰБТ: білім деңгейі сарапталар сәт

Бүгінде түлектердің алтын ұя – мектепте алған 11 жылдық білім деңгейі сарапқа түсуде. Жаңа өмір жолына қадам басқалы тұрған мектеп бітірушілер ҰБТ-дан жоғары балл жинау үшін бар күш-жігерін салуда.
Статистикаға сүйенсек, жыл сайын түлектердің 75-80 пайызы ҰБТ тапсырады. Әуелгі кезде ҰБТ қорытынды сынақ әрі жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде тапсырылатын еді. Былтырдан бастап «бір компьютер, екі камера, бір сынақ тапсырушы» қағидасы да қолданылып келеді. Талапкерлер биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсырып, қайсысынан жоғары ұпай жинаса, сол нәтижемен грант конкурсына қатысады. Еліміз бойынша 130 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп, құжатын тіркеген. Аудандық білім бөлімінің мәліметі бойынша, биылғы 2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 926 түлек бітірді. ҰБТ-дің 1 кезеңіне 732 оқушы (79,5%) қатысты, енді 2 кезеңінде 726 оқушы (78,5% ) білім сынағын тапсырады.
Бұл тұрғыда Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев: "Оқу жылының басында ережелерге енгізілген өзгерістерге сәйкес бұдан былай негізгі ҰБТ-ға екі мүмкіндік беріледі. Бұл балалардағы психологиялық күйзелісті жеңілдету үшін жасалып отыр. Ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатыса алады. Сынақ тапсыруға онлайн тіркеледі. Талапкер тапсыратын күнді, уақытты және тапсыру орнын таңдайды",– деді.
Биыл ҰБТ-да үш міндетті пән, екі таңдау пәні болады. Жалпы тестінің саны – 120. Оның 15-і Қазақстан тарихы, 15-і математикалық сауаттылық, 20-сы оқу сауаттылығынан болса, қалған 35 сұрағы бейіндік екі пәннен қойылады. ҰБТ-ның жаңа форматына сәйкес 140 балдан шекті меже – 50 ұпайды жинай алмаған оқушы жоғары оқу орнында ақылы негізде де оқи алмайды. Жалпыға ортақ шекті ұпай – 50, ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға ең төменгі өту ұпайы – 65, медициналық мамандықтарға – 70, педагогика мен құқық мамандықтарына оқуға мүмкіндік беретін ең жоғары шекті ұпай – 75. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут). Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыты сақталады.
Үміткер тестілеу аяқталғаннан кейін жарты сағат ішінде апелляцияға шағымдана алады. Сертификатты апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестілеушінің жеке кабинетінен алады. Талапкердің жұмыс үстелінде негізгі камерадан басқа бөгде адамның бар-жоғын анықтауға арналған қосымша вебкамера орнатылған. ҰБТ тапсыру кезінде компьютер мониторында калькулятор, Менделеев кестесі қамтылады.
Өмір жолының алғашқы қадамын басқалы тұрған қай түлектің де мақсаты – мемлекеттік грант иегері атану. Ол үшін әрбір түлек еңбектенуі қажет-ақ. Мұндай шешуші әрі маңызды сәтте әрбір шәкірттің көңілі алаң болатыны белгілі. Дегенмен мектеп бітіруші түлек өміріндегі маңызды сынақтан сүрінбей өтіп, мақсатына жетеді деген сеніміміз мол.
"Толқын" ақпарат
06 маусым 2023 ж. 360 0