Алтықұдықтан Аралға дейін
Алдымыздағы 2027 жылдың басты мерейтойы – Арал қаласының ірге тасының қаланғанына 180 жыл толады. Бір айта кетерлігі, осыған дейін де Арал қаласына қатысты мерейтойлар болып өткені мәлім. 2003 жылы Аралдың 100 жылдығы атауымен өткізілді. Ол 1903 жылы «Арал теңізі» теміржол бекетінің салынуына байланысты болса, 2022 жылы Аралдың 1927 жылы қала статусы алуының 95 жылдығы аталып өтті.Ал қаланың алғашқы қоныс, мекен ретінде іргесі қалануы көзден таса қалып қойғаны шын. Бірақ оның тарихы кеңес заманында салғырттау болса да, талай мәрте нақты айтылып та, баспасөзде жазылып та отырғанын білеміз. Арал теңізі жағалауына жақын кішкентай ғана Алтықұдық ауылы XIX ғасырдағы орыс карталарында мекен ретінде көрсетілген екен. Ол ауыл қазіргі Жақсықылыш бетке қарай шығатын теміржол тұйығының орта шамасында болған. Ауылдың басты ғимараты «Қызыл үй» аталған там болса керек. Бұл 1846 жылы деп таңбаланып қалған. Осы маңнан үлкен керуен жолы өткен. Қызыл үйді ұзақ жылдар бойы ұстаған кісі – халық арасында тамақсаулығымен аты шыққан Әбдірахман Меңдіқұлұлы (1825–1910) деген адам. Ұрпақтары өткен ғасырда қазіргі Шижаға ауылында тұрып жатыпты. Атақты зерттеуші Лев Берг Арал теңізіне алғаш XIX ғасырдың аяғында келгенде, сол Алтықұдық ауылында болғанын жазған. Қызыл үйлі Алтықұдық ауылы кейін қазіргі мал базары тұсына көшірілген.
Сөйтіп, XX ғасырдың басында «Арал теңізі» теміржол бекеті аталған соң, бұл елді мекеннің Алтықұдық атауы жойылған. Ал аты одан кейінгі бекетке берілген.
Міне, тарихқа үңіле қарасақ, қандай үлкен қала болса да, әуелі шағын елді мекендерден бастау алатынын білеміз. Осылай есептесек, сүйікті қаламыздың келер жылы 180 жылдық мерейтойы иек астында тұр. Тарихты түгендеп отырғанымыз ұрпақтар үшін аса қажет-ақ.
Ерғали АБДУЛЛА









