Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ескерткіштері көп қала

Ескерткіштері көп қала

Тәуелсіздік алған жылдары елімізде ескерткіштердің саны еселеп артты. Әсіресе, бұрын есімдерін атауға рұқсат етілмеген, қазақтың бостандығы мен азаттығы жолында азап шеккен тұлға¬ларға көптеген ескерткіштер қойылып, олардың есімдері жас ұрпаққа жете танытылды. Бірақ ескерткіштер орнату тек тұлғаға ғана бағытталған дүние емесін жақсы білеміз. Сондай-ақ ескерткіштер белгілі оқиғаны есте қалдыру үшін де қойылады. Мейлі ол қандай пішінде, қандай кейіпте болса да, белгіленген бір тарихи сәттен, маңызды оқиғадан белгі ретінде болып қалады. Триумфалды аркалар мен бағаналар, мемориалдық кешендер, тіпті тұғырға қойылған түрлі қаңқалары мен естелік тақтайшалар да осыған жатады.

Иә, өткен мен бүгінді, болашақты сабақтастыратын осындай құнды дүниелер көп орналасқан қаланың бірі – Арал қаласы. Аудан бойынша тарихи-мәдени мұра объектілеріне енгізілгенінің барлығы 67 болса, бір ғана Арал қаласының өзінде 10-ы бар. Мұның ішінде республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш 1-еу болса, 39 жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш, 27 алдын-ала тізімге алынған тарихи-мәдени мұра объектісі бар.
Қаланың 95 жылдық мерейтойы қарсаңында Арал қаласындағы 10 нысан жайлы айта кетсек. Олардың қатарына ғасырдан аса тарихы бар екі нысан енгізілген. Олар теміржол вокзалы ғимараты мен бұрынғы теміржолшылар ғимараты. Алғашқысы 1905 жылы салынған. Аралды тек республика көлемінде ғана емес, шет елдермен де байланыстырып отырған Орынбор-Ташкент шойын жолының құрылысымен қатар салынған темір жол вокзалы аралдықтарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде "Қазақстан темір жол" ҰК" АҚ-ның теңгеріміндегі бұл ғимарат талай жылдардың, том-том тарихтың куәсіне айналған. Ғимарат цемент-құм ерітіндісімен бекітіліп, күйдірілген кірпіштен тұрғызылған темір жол вокзалына ене қалсаңыз, Аралдың, аралдық балықшылардың өлшеусіз еңбегі мен өшпес ерлігі көз алдыңызға келеді. Ғасыр бұрын Поволжье жұртшылығын аштықтан арашалаған балықшылардың құрметіне арнайы жасалған бейнені вокзал қабырғасынан әлі күнге дейін көруге болады. Ал бұрынғы теміржолшылар ғимараты қазіргі уақытта аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің теңгерімінде. Бұл ғимараттың салынғанына да бүгінде ғасырдан асты. 1910 кірпіштен салынған нысанда "Орынбор-Ташкент" темір жолы салынған кезде Арал қаласындағы теміржол вокзал ғимаратынан кейін салынған. Қазіргі уақытта тарихи жәдігерге айналған ескі ғимарат сыртында «Бұл үйде 1919 жылдың тамызында Арал маңындағы Колчак әскерінің жеңілісіне үлес қосқан Ақтөбе майданының штабы орналасқан» деген жазу тақтайшасы орнатылған. Мұнда да талай тарих сайрап жатыр. 1920 жылдан бастап осы ғимарат бастауыш орыс мектебі, 1941-1997 жылдар аралығында орталау орыс мектебі, 1997 жылдан бері қазақ орта мектебі болып жұмыс істесе, 2014 жылы жаңа мектеп ғимараты салынған соң, бұл нысан бос қалды. Айта кетейік, бұрынғы теміржол ғимараты алдын-ала тізіміне алынған тарихи-мәдени мұра обьектілері қатарында.
Бұл тізімде 2007 жылы ортатылған З.Шүкіров ескерткіші де бар. Арал қаласы әкімі аппараты теңгеріміндегі бюст гипстен жасалған. Тұғыры қыш кірпіштен қаланып, мрамор тақтамен қапталған. Ал Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған «Тағзым алаңы» 2005 жылы салынды. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай, 2 Кеңес Одағының батыры, 16 Еңбек Ерінің есімдері мен бейнелері мрамор тасқа қашалып жасалған. Алаңның ортасында ана бейнесі, алдына барыс мүсіні қойылған бұл алаң кейінгі ұрпаққа батырлық пен қайсарлықты нұсқап, елін, жерін сүюдің, патриоттықтың нағыз символына айналып үлгерді.
2009 жылы қаладан бой көтерген Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші де қаладағы тарихи-мәдени мұралардың біріне айналды. Ақтан батыр және Жанқожа батыр ескерткіші 2010 жылы салынып, жергілікті халықтың мақтанышына, аңызына айналған батырлардың қатарын толықтырды. 2015 жылы салынған Айдарбек батыр ескерткіші де Арал халқының бабалар рухына көрсетер құрметінің қаншалықты биік екенін көрсетіп тұр.
Аралдың тарихынан сыр шертетін тұлғаларды құрмет тұту – жергілікті халықтың міндеті. Аралға келгеннен теңізді өлкенің тарихын терең тануға тырысқан сондай тұлғалардың бірі Тарас Шевченко мүсіні 2014 жылы аудандағы білімнің қара шаңырағына баланған Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебі ауласына орнатылды.
Арал халқы мақтанышпен айтар тұлғалардың бірегейі Төлеген Медетбаев пен Ұзақбай Қараманов десек артық айтқандық болмас. Бірі–Аралдың өсіп-өркендеуіне, сол уақыттан-ақ жаһанға танылуына себепші болған басшы, ерен еңбектің иесі болса, екіншісі тәуелсіз еліміздің тұңғыш Премьер-министрі болды. Төлеген Медетбаевтың бюсті қола материалынан құйылып, қаладағы орталық алаңға қойылса, Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының ауласына 2020 жылы Ұзақбай Қарамановтың ескерткіші орнатылды.
Қорыта айтқанда, ескерткіш қоюға жауапкершілікпен қарап, олардың мүсін өнерінің талаптарына сәйкестігі мен көркемдігіне назар аударылып отыратыны белгілі дүние. Өйткені, ескерткіш бір мезеттік дүние емес, ұрпақтарға қалатын тарихи мұра ғой. Аралдың тарихы да мәңгілік болғай.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
18 қазан 2022 ж. 1 807 0