Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңселі орда есімде қалды менің

Еңселі орда есімде қалды менің

Тәуелсіздігімізге 30 жылдан астам ғана уақыт өтсе де, егемен еліміздің еңсерген биігі көп. Санаулы жылдың ішінде жаһан жұртшылығымен терезе теңестіре алдық. Әлемдік деңгейдегі түрлі конференцияларда қазақтың елдігі танылып, еңсесі тіктелді. Әлем қызығар сәулетке ие болды. Сол жетістіктердің бірі Сарыарқаның төсінен бой көтерген Нұр-Сұлтан қаласы.
Расында көрерге көз керек мекен екен. Бұрын естуші едім. Астанамыздың ажары күн санап айшықталып келеді, жаңа өзгерістер көп дейтін-ді. Бірақ көзбен көргендей болмайды екен. 2017 жылы EXPO көрмесін көрудің сәті түсті. Айнадай тазалық. Сән-салтанаты келіскен сәулетті ғимараттар. Көңілімізді көтеріп, еркіндіктің, азаттықтың бағасын көрсетіп тұрды. Тек біз ғана емес, шет елдерден келген қонақтар да өзінің таңданысын жасыра алмай, естелік фотоға түсіп жатқанын көргенде, еңселі Елорданың, тәуелсіз халқымыздың осындай деңгейге жеткенін мақтаныш етеді екенсің.
Содан бері бес жыл уақыт өтсе де әлі күнге дейін алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барша қазақтың болмысын көрсетіп, жас қала болса да кешегі уақыт пен бүгінді байланыстыра білген тарихқа негізделген Нұр-Сұлтан қаласының құрылған күні біз үшін тарихи сәт болып қала бермек. Қазақтың маңдайына біткен маңғаз қала әлемнің кереметіне баланар күн де алыс емес деп сенемін.

Р. ИСМАҒҰЛОВ
06 шілде 2022 ж. 535 0