Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қала тазалығына қайран қалдым"

"Қала тазалығына қайран қалдым"

«Толқын» редакциясы қашанда қалам тербейтін, рухани қазынаға жақын, шығармашылықты жаны сүйетін жандардың сағынып келіп, сусындап қайтатын шаңырағына айналғаны белгілі. Аралға табан тіреген көптеген ел ағалары мен газет оқырмандары, ақпарат саласының ардагерлері мен қазіргі уақытта сол салада жүрген талай азамат «Толқынға» сәлем бермей кетпейді.
Жақында газеттің журналистерімен тілдесіп, 90 жылдан астам тарихы бар шығармашылықтың қара шаңырағына Аралдың тумасы «Ер намысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядинұлы да арнайы сәлем беріп келді. Мектеп бітіргендеріне жарты ғасыр уақыт болған азаматпен бірге келген «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік, спорттық-патриоттық журналдың Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бойынша шеф-редакторы Жандос Аянбекұлы да редакция тілшілерімен пікірлескен еді.
Бүгінгі біздің айтпағымыз Жандос Аянбекұлының мына бір сөзінің төңірегінде болмақ.
– Мен осы уақытқа дейін бірнеше республиканы, көптеген қаланы аралап, көзбен көріп қайттым. Әр қаланың өз ерекшелігі бар, сұлулығы болады ғой. Бірақ мен бүгін Аралға келгенде ерекше көзіме түсіп, көңілімді көтеріп тастаған жағдай қаланың тазалығы болды. Қала тазалығына қайран қалдым. Осы уақытқа дейін мен көрген қалалардың ішінде тек Грозный қаласының ғана тазалығын Аралмен теңестіре аламын. Көшеден бір шашылып жатқан, қаланың сәнін кетіріп жатқан қоқыс көрмедім. Бұл да болса халықтың тазалық мәдениетін меңгергенінің көрінісі, – деп бастаған еді сөзін.
Бұл бір азаматтың ғана пікірі. Қалаға мұнан бөлек қаншама қонақ келіп жатыр. Расында сырт көз сыншы. Келген бойда жан жағына қарап, көңіліне ұнағанды көкейіне түйіп, жақсыны жүрген жерінде айта жүреді ғой. Ал жақсы сөзге іліккен де бір мәртебе.
Осы ретте мына жайтты айта кеткім келеді. Бүгінде Аралдың ажары айшықты. Күн санап жағымды өзгерістер орын алып жатыр. Тұрғындар тілегіне құлақ түрген атқарушы билік қаладағы мөлтекаудандардан балалардың ойнайтын алаңын салып, тынығу орындары да көбейіп келеді. Жарықтандыру мен абаттандыру жұмыстары да жыл сайын жоғарғы деңгейде ұйымдастырылады. Бірақ жұмыс жасалған сайын жауапкершілік те арта түседі ғой. Сондықтан қала тұрғындары да алдағы уақытта халық игілігі үшін жасалған сол нысандарға жанашырлықпен қарап, күтім жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Көпшіліктің көңілінде тазалығымен сақталған Аралдың ажары тіпті айшықтала түсетіні даусыз.
О. ЖОЛДАСОВ
11 маусым 2022 ж. 622 0