«Жас алаштықтар» Аралда

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов жүргізіп:
– Жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жас Алаш» газетінің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап: «Жас Алаштың» жүз жылдық жолы – төл тарихымыздың жылнамасы, ұлт руханиятының шежіресі. Оның алғашқы нөмірі осыдан тура бір ғасыр бұрын 22 наурызда, Ұлыстың ұлы күнінде жарық көруінің символдық мәні зор деп атап өткенін айтып, газет бетінде халықтың біртуар перзенттерінің қолтаңбасы барын жеткізді. Кеңес заманынан бері оқырман қауым «Жас Алашты» өткірлігі мен батылдығы, жаңашылдығы мен тапқырлығы үшін сүйсіне оқыса, тілшілікті өміріне арқау еткен қазақтың әрбір азаматы бұл газетті журналистердің ұстаханасы ретінде пір тұтатындығын тағы бір еске салды.
Одан кейін Арал топырағына табан тіреген қонақтар сөз алып, газеттің тарихы мен бір ғасыр бойы басып өткен белестерін, қазіргі бағыты мен болашақтағы жоспарларын ортаға салды. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова сынды қабырғалы қаламгерлердің осы басылымда қызмет еткенін әркез мақтан ететіндігін және сол жолды әрі қарай абыроймен жалғайтындығына тоқталды.
Жиында Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлестігінің Арал аудандық филиалының төрағасы Жұмабай Жақып, Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арал әлемі» газетінің редакторы Ерғали Абдулла, ардагер Әнес Әуезов сөз алып бұқаралақ ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызы мен «Жас Алаш» газетінің ерекшеліктеріне тоқталып, ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Ауданға келген қонақтар Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйінде болып, жазушының өміріне қатысты деректермен және шығармашылығымен танысты.
Оңталап Жолдасов