Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңселі ғимараттар қала ажарын ашуда

Еңселі ғимараттар қала ажарын ашуда

«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» деген жыр жолдарының астарына үңілер болсақ, көп құбылысты үйреншікті дүниеге балап тұратынымызды анық байқаймыз. Расында, көзіміз үйренген, өзімізге таныс нәрселердің барлығы көп жағдайда таңсық емес сияқтанады. Бірақ жақсылықты да, жамандықты да байқайтындар бар. Осының барлығы, әсіресе өзгенің көзіне оттай басылатыны анық. Қазақтың «Сырт көз – сыншы» деген тәмсілі содан қалған болар.
Енді айтар ойымыздың турасына көшейік. Бұл оқиғаға өзім куә болғандықтан жазып отырмын. Қозғамақ болып отырған әңгімем де бардың қадірін біліп, бағасына жете білу жайлы болмақ.
Жақын мен жаттың қуанышына ортақтасу – қазақтың қанына сіңген қасиет. Бірде осындай бір қуанышымызға Өскемен қаласында тұратын туысымыз келді. Амандық-саулықтан соң дастарқан басына жайғастық. Шалғайдан келген қонақ шығыстың жаңалықтарын айта отырып, әңгіменің ағымын Аралға ауыстырды.
– Қазір сыртқа кеткеніме де 20 жылға жуықтап қалыпты. Балалық шағымыз осында өткесін бе, әйтеуір, осы жасқа келсем де Аралды аңсап, баладай асығып тұрамын. Бірақ жағдай келе бермейді. Бір күн ары, бір күн бері жол жүріп, барып-қайта салатын да жер емес. Сонау шығыстан келіп-кету де оңай шаруа емес қой. Жолды да көтере алмай қаламыз. Бірақ балалар келіп-кетіп тұрады ғой. Жаңалықтарыңды солардан естіп қуанып, тілеулеріңді тілеп отырамыз, – деп ертеден сөз қозғады туысымыз.
Кейде бір атым насыбайдан қалатын көңілі құрғыр көп нәрсені елей беретіні бар. Мақтаса марқайып, сынаса шытынай кететініміз жасырын емес. Десе де туыстардың туған жер туралы айтқан жағымды пікірі жанымызды жадыратты. Әрине көрер көзге байқалып-ақ тұратын Аралдың ажары ай өткен сайын ашыла түсуде. Шығыстан келген мейманның да пікірі соған саяды.
– Бала кезімізде әкеміз балыққа шығатын. Біз олардың келгенін күтеміз. Шаршап келгеніне қарамастан тізесіне отырып алып, теңіз, балық жайлы сұрай жөнелеміз. Әр нәрсеге қызыққыш келетін бала көңілімізде бүгінге дейін сол кездегі әкеміз айтатын балықшылыққа қатысты барлық сөздер жаттаулы. Маяк көрінді дегенде, «маяк деген не?» деп өзімізше қиялдай жөнелетінбіз. Кейіннен әкеміз аттанды, өзіміз шалғайға кеттік. Теңіздің тартылған уақытындағы жағдайын да көрдік. Кеше қалаға кіріп келе жатқанда сол бала күнгі маягым алдымнан қарсы алды. Қалаға кіреберістен орын тепкен «Маяк» көңілімді қозғап жіберді. Қарт адам көңілшек келеді ғой. Бір жағынан әкемді еске алып, бір жағынан Аралдың символы, теңіздің белгісі болып қалған осы мұнараның қала ортасына салынғанына деген қуаныштан. Ал қаланың сәулетті көшелерін көргенде, өзім көрген бұрынғы Аралды танымай қалдым. Көше бойы самсаған самаладай шамдар, жол жиегіндегі үлкен экрандар, түрлі сауда орталықтары мен көрікті ғимараттар сонау шақтағы мекеннің қайта түлегенін көрсетіп-ақ тұр. Бала кездегі балағымызды шаңға былғап жүгіріп, асыр салатын тұстарды тас жол айырбастаған. Ал ғимараттарының салтанаты көз тартады. Расында, еңселі ғимараттар елдің еңсесін көтеріп тастайды, – деді қадірлі қонағымыз.
Міне, қала қонақтарының пікірі осындай. Бұл – Аралдың даму деңгейіне, елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан атқарушы билікке берілген лайықты баға.
А.Қарабеков,
Арал қаласының тұрғыны
12 қаңтар 2021 ж. 488 0