Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » ​ҚҰМАЛАҚШЫҒА көзқарасыңыз қалай?!

​ҚҰМАЛАҚШЫҒА көзқарасыңыз қалай?!

 Бірде досым екеуміз бір құмалақшы апаға бардық. Ол кісі жайында бұрын-соңды естімеппін де, көрмеппін де. Тек жанымдағы досым өтініш айтқан соң келісе кеткем. Сонымен не керек, әлгі кісінің үйіне адаспай тез келе қалдық. «Үйге кіре беріңдер» деген ер кісі бізді әлгі құмалақшы апаға қарай сілтеді. Шамасы, баласы болса керек. Әлгі апаның құмалақты бір салып айтқаны 500 теңге екен. «Құмалақ бұрынғының бойтұмары болған, құмалақ алдамайды, шын алдаған болса, мен қырық жыл бойы елге жаманатты болар едім» дейді егде тартқан әжей. «Кел, балам» деп, ақ шүберекке құмалағын шашып жіберді де: «Сен бала бірдеңе жоғалтқан жансың ғой» деп қысқа қайырды.
 Мұнысы жобалады енді. Айтса айтқандай, әлгі досым жоғалған малына құмалақ салдырмақшы болып барған еді. «Уайымдама, малың бастысы ит-құстан аман. Жүрген жері құрсаулы сияқты. Бәлкім, біреу ұстап отырған болар. Сен біраз іздеуің керек, сонда барып тауып қалуың мүмкін» деді әлгі құмалақшы апа. Біз сенген сыңай танытып, қолына жасыл қағаз қыстырдық та, сыртқа шықтық. Сол күні досым ауылына қайтты. Құмалақшы ізде деген соң іздеп шығыпты. Ертесіне маған қоңырау шалды. Алайда, жақсы жаңалық айтпады. Әлгі іздеген малы әлдеқашан сорға батып өліпті. Жолы болып үстінен түскен. Осылайша, «Малым–жанымның садақасы» деп біржола байыз тапты. Кім білсін, жоқ іздеп шыққан күні әлгі өлексені кезіктірмесе, құмалақшының айтқанына сеніп, әлі талай сандалған болар ма еді. Менің осылайша құмалақтың көбіне дұрыс айта бермейтініне кезекті рет көзім жетті.
Ауылда ертеректе абыз кеуде, өмірден көргені мен көкейге түйгені мол ақсақалымыз болды. Сүйегі асыл сол бір қазыналы қартымыздың бала күнімізде үйіне жиі баратынбыз. Сонда әлгі ақсақал жылы пештің түбінде отырған күйі құмалағын жайып, іштей сыбырлап бірдеңелерді айтып отыратын. Сол кісі өмірден өткенше жайнамазын қолынан тастамай кетті. Бәлкім, құмалақ салу да бір қасиет шығар. Алайда, ол кісі бұл ісін саудаламады немесе ел-жұртқа жария етіп жарнамаламады. Алдына бара қалған кісінің мұңына құлақ түріп, қолынан келгенше құмалағын сөйлетуге тырысатын. Десе де, алдына бара қалған жанды әлгі құмалаққа сендірмейді. «Шырағым, бір шешімге келіп, өз ойымды айтармын» деп келген адамдарды кері қайтаратын. Бірақ, сол күні ол кісі құмалағын бірнеше рет ашады. Керек болса, кешке дейін. Осылайша бір тоқтамға келетін. Жауабын айтпас бұрын «Құмалақ екі сөйлейді. Бірақ бүгінгі құмалақ көбіне былай деп тұр» деп өзінің болжамын айтатын. Еңбегіне ақы да алмайды. Бірақ, сол кісінің айтқанымен жоғын тапқандар өз разылығымен әлгі ақсақалға шапан-бөркін ала келетін. Міне, біздің бала күнімізде көзіміз көрген құмалақшы жанның бірі сондай болатын. Ал, қазіргі уақытта бәрі бизнес болып кеткен. Қалай болғанда сізді сөзіне сендіріп, қалтаңызды қағып қалуға тырысады. Кім білген, бәлкім, бұл да Құдайдың құдіретімен келетін ерекше бір қасиет шығар. Алайда, сол бір қасиетті құлқынға айырбастап жіберетіндер бүгінде өзінің де, өзгенің де қадірін қашырып отыр. Мәселен, мен аузына келгенін айта салған әлгі құмалақшыға енді бармайтындай болдым. Ал, оған дейін құмалақшы деген қауымға сәл де болса сенімім бар еді.
Біз қалай дегенмен, бүгінде емші де, көріпкел де, сөзіне сендіретін сәуегейлер да көбейіп кеткен. Алдына барсаң, басыңды шыр айналдырып, қалтаңды қағып алады. Олардың басқасында шатағы жоқ. Бәлкім, халық даналығындағы «Аңқау елге–арамза молда» деген тәмсіл осындайларға қарата айтылған болар. Осы тұста өзіме қатысты тағы бір жайтпен бөлісе кетсем.
Мен өмірге келгенде өте әлжуаз әрі аурушаң болыппын. Ата-әжем үміттерін үзе бастаса керек. «Бұл баланың адам болуы екіталай» деп үнемі алаңдаумен жүріпті. Қалада бір жақсы құмалақшы бар дегенді естіп, мені сол кісіге алып барыпты. Айтса айтқандай, әлгі құмалақшы сөзге келместен мені тура 8 күннен соң шетінейді деп кесіп айтқан екен. Әдетте мұндай суыт хабар жақын адамдарыңа оңай тимесі анық қой. Әсіресе, анам байғұс мені өледі дегенге сенбей бауырына қысып, «ақ сүтімді кеш» деп жылай берген екен. Осылайша, 8 күннен соң шетінейді деген шақалақ арада 8 күн өткен соң, керісінше тіріле бастаған. Ал, одан кейінгі жайт сізге мәлім. Себебі, мен бүгінде осы жайтты сізге жазып жеткізіп отырмын. Бұл менің басымнан өткен жағдай. Бастысы, бұралаңы көп бұл тірлікте ойына келгенді соға салатындар көбейген. Олар бұрын да болған, қазір де бар.
Иә, мен бұл ойым арқылы көпке топырақ шашудан аулақпын. Ел іші болған соң қандай кәсіптің болмасын тіршілікте аз да болса септігі тиіп жатады. Алайда, менің бар ұққаным, «Жаратушы тұрғанда, жаратылғандардан жәрдем сұрау» мұсылманның жолы емес екен. Біздің басымызға қандай іс түссе де, Алладан өзге жәрдемші болмасы анық. Ал, жер бетінде жүргендер тек себепшілер ғана. Қорыта айтсақ, кім қандай іске барса да өз еркі. Бастысы, сәуегей- балгерлерді Жаратушыдан жоғары қоймасақ болғаны.

А. БИСЕНОВ
21 қаңтар 2019 ж. 1 654 0