Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аңызда бар ақиқат

Аңызда бар ақиқат

         «Қырықтың бірі – Қыдыр» дейді халық. Күніге қырық адамға кездесіп, сәлемдескенде, соның бірі Қыдыр болуы да мүмкін. Қыдырдың бармағы сүйексіз. Сол себепті, қазақ баласы бір-бірімен амандасқанда қос қолын қатты қысып, ыстық қауышып, құшақтасады.
Әжем – аңыз-әңгімелерді көп білетін адам. Наурыз мерекесінің қарсаңында айтқан аңыз-әңгімелерін тыңдағаннан кейін, ойланып қалдым. Қай сөздің, тілектің болсын мағынасына жете мән берген дұрыс екен.
«Ертеде Бақ пен Қыдырдың тау бөктерінде келе жатқанын көрген жетім-жесір, ғаріп-кәсір, бай-манаптар ол екеуінің алдын орап, шапағат сұрапты дейді. Көзін жабағы қасы жапқан Бақ тұқырайып тұрып, қалың қасын жалп еткізіп басын жоғары көтеріп қалғанда, тау басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Қыдыр ақ таяғын қолын алып, жылап тұрған қызға қарата бір нұсқап қалыпты да екеуі де көзден ғайып болыпты. Көп өтпей-ақ әлгі қыз  сауығып, күйеуге шығып,  үйлі-баранды болып, басына дәулет дарып, барша мұратына жетіпті».  «Бақ қараса – Қыдыр дариды» деген тәмсіл осыдан қалған екен-мыс деп бір тоқтаған әжем келесі аңызын былайша жалғастырды.
«Бір кісінің үйіне жаяу, мүсәпір адам қоныпты. Қонақты үй иелері жөнді елемепті. Ертеңіне елең-алаңда тұрған әлгі қонақ үй иесінің әйеліне: «Бәйбіше, не нәрсеге мұқтаж, ділгірсіз?» деп сұрапты. Сонда әйел: «Байғұс, не нәрсеге ділгір болайық, тек бір-екі күннен бері ошағымның бір бұты түсіп қалып, сол ғана ділгір болып тұр» депті. Қонақ қош айтысып, шығып кетіпті. Кеткен соң қараса, ошақтың түсіп қалған бұтының орнына алтын бұт бітіп қалыпты. Үй-іші жүгірісіп, ауыздарын ашып, санын бір-ақ соғып қалыпты. Қонақ Қыдыр екен».
Осындай әңгімелерді тыңдағаннан кейін, аңыздың түбінде ақиқат болатынын ұғындым. Жеті қазынаның бірі ит жылы барша шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарығай!
Әзира Иманбаева.
20 наурыз 2018 ж. 1 772 0