Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев айтқан әңгімелер

Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев айтқан әңгімелер

Халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаевтың өзі туралы көптеген әзіл-шыны аралас аңызға бергісіз әңгімелер бар. Ал танымал журналист-жазушы Құлтөлеу Мұқаштың 1995 жылы "Біз білмейтін Құдайберген" кітабынан алынған әңгімелердің өзі бір төбе. Төменде Құдайберген Сұлтанбаев айтыпты деген әңгімелердің бір парасын ұсынып отырмыз, қабыл алыңыздар.

БЕТХОВЕН НЕГЕ КЕЛМЕГЕН?
– Баяғы Одақтың тұсында елге армянның атақты скрипкашысы Вартанян келіп, жер-жерде концерт береді. Бір сапары түкпірдегі ауылдарга түсіпті. Әртіске атқосшы болып ерген администратор селоға кірген бойда афишаларын көтеріп ауыл басшысына кіреді.
– Ағасы, – дейді, – ауылдарыңызға үлкен классикалық шығармаларды орындайтын, Одаққа, қала берді әлемге белгілі музыкант келіп қалды. Көрермен жинауға көмектесіңіз. Сырт адам ғой, ұятқа қалмайық. Жәрдемдесіңіз!
Сонда басшы алдында жатқан афишаға қарап:
– Жарайды. Дұрыс қой бәрі. Тек, ауылда қонақ үйіміз жоқ еді, қайда қонады бұ кісі? – дейді.
– Жоқ... Қонбайды о кісі. Концертін береді де қайтып кетеді.
– Хорошо! Ал, енді не тамақ, не арақ ішеді бұл?
– Ішпейді ештеңе. Сіз тек халық жинап берсеңіз болды.
– Ал, қалғандарын қайтесіңдер?!
– Ойбай-ау, бір-ақ адам ғой, ағасы!..
– Қалай?! Сонда мына жазылған Бетховендер келмей қалған ба, немене?!
Сөйте, афишада Вартанянның фамилиясымен қатар скрипкашы шығармаларын орындайтын Бетховен, Глинка, Чайковский, Моцарт, Шопеннің аты-жөндері жазылған екен.
Басшы бұлардың бәрін артистер деп ойлапты.
«ӨЗІҢ БІЛ, АЙНАЛАЙЫН!»
– Тағы да сапардамыз. Шыжыған шілденің кезі. Астымызда – «Кубань». Адасып келеміз.
Бәріміз шаршағанбыз. Маңайға анда-санда ғана самарқау қарап қойып, қалғып-мүлгіп отырмыз. Тек көбірек сөйлейтін бір кұрбымыз ғана әр нәрсені айтып қоймайды. Оны тыңдап жатқан да ешкім жоқ, сонда да бес сомның радиосы секілді самбырлай береді.
Діттеген аудан орталығы жеткізбеді. Жолдағы ауылға соғып едік, кездескендер:
– Ойбай-ау, мүлдем қиыс кетіпсіздер ғой. Шопыр қай жақтың баласы еді? Іздеген ауылдарыныз тіптен ана жақта, – деп келген жағымызды нұсқады.
Қайта кері бұрылдық. Шопырымыз жас па, әлде жол білмей ме, түнеріп ап, шынында да, әбден әуреге түсіріп келеді.
Бұрылыстан қол кетеріп бір шал кездескен. Жөн сілтеймін деген соң отырғызып ала кеттік.
Сөйлесетін адам таппай келе жатқан әлгі құрбымызға жақсы болды, енді шалдың қасына жайғасып алып, «Ата!» деп мән-жайын сұрай бастады.
Шаңдақ жолдың топырағын бұрқыратып ұзақ жүрдік. Бір тұста кірпік астынан шал мен қыз отырған жаққа көз тастап едім, екеуі де көңілсіздеу екен. Олар да жол соғып шаршаған сыңайлы. Бірақ кұрбым қалғып кетіп отырса да әлі сөйлеп қояды. Аузы да кеберсіп кетіпті. Тілі де күрмеле бастағандай. «Тү-у, мынаған дауа жоқ екен!» – дедім де, қалпақты көзге түсіріп, қайта мызғи бастадым. Бір кезде жігіттер әлгі қызға:
– Сұрасайшы ана кісіден, анау осы район ба?! – деп шуласып кетті.
Алыстап ағараңдап елді мекен көрінген екен.
– Ата-а, осы райын ба-а? – деді әбден шаршаған қыз.
Шал бұған аң-таң қарады.
– Осы райын ба? – деді құрбымыз қайталап. «Осы район ба» дегісі келгені де.
Сонда түк түсінбеген ақсақалдың:
– Өзің біл, айналайын! – дегені ғой көзі ежірейіп.
Күлкіден қыран-топан болдық.
Іздеген ауданымыз сол екен.
Күлкі дүр сілкіндіріп, сергітіп жіберді. Ештеңені ұға қоймаған қыз да бізге қарап ыржаң-ыржаң етеді.
ЕКІНШІ АСАНӘЛІ
– Осыдан бірталай жыл бұрын гастрольдік сапармен Түркістанға барып, «Келіндер көтерілісі» комедиясын қойдық. Ел көп жиналды.
Қойылым сәтті жүріп жатқан. Жұрт сәт сайын қыран-топан күледі. Зал у-ду.
Бір мезетте байқап қалдық, көрермендердің орта тұсы үйме-жүйме болды да кетті. Әлдекімдер әлдебір әйелді сүйемелдеп есікке ұмтылды.
Сөйтсе, екіқабат бір келіншек ішегі қатып күле-күле, толғағының қалай келгенін де байқамапты. Содан театр табалдырығында босануына тура келген. Ұл тауыпты. Есте қалар оқиға болды.
Тобымыздың жетекшісі Асанәлі Әшімов еді, сондықтан, әлгі балаға Асекеңнің атын қойып, астанаға көңілді аттандық.
Екінші Асанәлі қазір қайда екен?..


20 ақпан 2018 ж. 2 988 0