ШАТАҚТЫ ЖЕҢГЕН ШАПАН

Сонымен мезгілінде әлгі ас та басталыпты. Әр жерде ду-ду күлкі, абыр-сабыр қимыл, дүбірлі думан қызып жатыр. Балуандардың күресі мен жыршылардың өнерін тамашалап жүргендердің ортасында алшаң басып шатақ шал да жүреді. Әңгімеге құлақ тосса, біреулер елден жүлдеге түсетін жүйріктер мен балуандарды санап әуре. Астың бәйгесіне не тігілетін айтып сырттай тон пішіп жүргендері де аз емес.
Атсейістер мал танитын сыралғылығына салып, бәйге аттарына өзінше сын айтып, өзара гу-гу. Осылайша, думаншы топ той қызығымен жүр.
Ол керілдескендердің кеу-кеуіне араласпай, арқа қоздыратын төңіректен шиыршық атса да көзін сүзіп өтеді. Оқшау жүрген оған өзіндік сән-салтанатымен жалғасып жатқан думан тіпті қызықсыз көрініпті. Әлденеге алаң боп, жүрегі ойнақшыған ол: “Тәйірі, төбелессіз өткен той - той ма екен?” деп көңілі қоңылтақсып, өзі-өзінен күбірлеп жүреді. Әрі-беріден соң “Шапан беремін дегені құртып отыр ғой мені. Әйтпесе талай жанжалдың реті кетті-ау! Әттең, әттең! “ - деп, жерге шырт түкіріп, қолын ысқылайтын көрінеді. Осы сәтте кешегі аз ғана қызықты келте дәурені еске оралып, көз алдына дәл осы қазір көріп отырғандай елестейді. Білекті сыбанып жіберіп, дереу кезекті шатақты бастап кеп жіберейін десе, қу дүние ішін тесіп барады. Талай қияметті көрген шапаны иығынан түсуге айналған.
Не керек, қалың жұрттың ортасында алшаң басқан қиқарың ас аяқталғанша әзер шыдапты. Мәз-мейрам болған жұрт ауыл-ауылдарына бет алса, мұның назары мүлде сынық. Ақсақалдар дастархан басында ұзақ мақамдап бата қайырғаннан кейін асқа жиылған тойшыл қауым да тарқай бастайды. Ал, “Шапан кигіземін” деп өзін иліктірген елші жігіттен әлі хабар жоқ. Шыдамы таусылған ол әлгі жігітті тауып алып:
– Уәде – Құдайдың бір аты деген. Мен берген сертімде тұрып, бүгінгі аста ешқандай дауға араласпадым. Сондықтан шатақ та шықпады. Маған беретін шапаның қайда? - дейтін көрінеді ерлік жасағандай екіленіп. Анау да әзір жауап сабаз екен:
– Үстіңдегі шапаның бүгін жыртылмай аман қалды емес пе? Егер осы жолы шатақ шығарғаныңда иығыңдағы тозған шапаннан түк те қалмайтын еді. Оның бүтін қалғаны сізге жаңа шапан жапқанмен бірдей. Осы олжаңа да риза бол, - дегенде, сырғытпа сөзге сеніп төбелестен құр қалғанын күйінген ол:
– Қап, әтеген-ай, мені бұлардың шапан беремін дегені құртты ғой. Көптен
төбелесті көксеп жүргенімде оны құр жіберіп алғанымды қарашы! - деп өкініштен санын соққан екен.
Р.АРЫСТАНБАЙ