Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асфальт жол қала ажарын ашады

Асфальт жол қала ажарын ашады

«Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» дейміз. Расында, қаланың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты бейнелі көріністі осы жолдың жайы екені жасырын емес. Қаланың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі және көлік қозғалысының икемділігі де жайлы жолдың көмегінен болары анық. Олай болса, жыл басынан бері қала көшелерінің жолдары мәселесі төңірегінде атқарылған жұмыстарға тоқтала өтейік.
Атқарылған жұмыс ауқымды. Мұны ел көріп, біліп отыр. Тұрғындардың өтінішін орындау мақсатында биыл қала көшелерінің жолдары жаңарды. Бұған дейін де Жаңаауыл мөлтек ауданы тұрғындарының аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа, яғни аудандық атқарушы билікке айтқан алғысын аудандық газет бетінде жариялаған болатынбыз. Енді, міне, аталған мөлтек аудан тұрғындары ғана емес, қаланың өзге де көшелеріне тақтайдай тегіс жол төселіп, елдің қалауы жүзеге асып отыр.
Нақтырақ тоқтала кетер болсақ, қазіргі таңда Арал қаласы бойынша «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында көптеген  жобалар жүзеге асырылуда. Осы жобалар қатарында Арал қаласының автомобиль жолдарын орташа жөндеуге басымдық берілді. Қолға алынған 33 көшенің 27-сі толықтай асфальтталса, 1 көшеге асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ  5 көшеге 4,9 км болатын қиыршық тас төселді. Жоспардағы жұмыс жақын арада толықтай аяқталып, тұрғындар игілігін сезінетін болады дейді жауапты мамандар. Айта кету керек, қаладағы Ақтан батыр көшесіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылды.

– Міне, халық үніне құлақ түрудің нәтижесінде қазіргі таңда аудан бойынша көптеген жұмыстар жасалып келеді. Бұл жайлы әлеуметтік желіден, бұқаралық ақпарат құралдары бетінен оқып жүрміз. Жағымды жаңалық көңіл жадыратады емес пе?! Осындай жағымды жаңалықтың бірі асфальт мәселе болды. Біз тұратын Ақтан батыр көшесінің тұрғындарының басты қиындығы да осы болатын. Көктем мезгілінде көшеге жиналған судан жүріп-тұру жайы тіпті қиындап кететін. Енді бұл қиындықтың барлығы артта қалды. Аудандық бюджеттен қаржы қаралып, жөндеуден өткен жолдың рақатын сезініп отырмыз. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа халық ризашылығы шексіз, – дейді.
Иә, «Жол – ол өмір» деген шетелдіктердің сөзін еске түсірер болсақ, біздегі сапалы жол жақсы өмірдің айғағы болмақ.  Жылдар бойы айтылып та, жазылып та келе жатқан жолдың жайы көптің көкейіндегі жауапсыз сұрақтардың бірі болатын. Қалаішілік көшелердің осыншама бөлігі тақтайдай тегіс жолға айналуы аралдықтардың көңілін көтергендей. Бастысы, халықтың ертеңге деген сенімі, келешекке деген үміті үзілмесе, ел көңілін марқайтар мақтаулы істер әлі де жалғасын таба берері сөзсіз.
О.Жолдасов
21 қараша 2020 ж. 1 003 0