Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара

Ауданға қарасты маңызы бар автожолдарды орташа жөндеу жұмыстары бойынша жалпы көлемі 121,8 шақырымды құрайтын 7 жоба қамтылған. Соның маңыздысы өткен жылы басталған «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» бағытындағы он бесінші және жетпіс шақырымы аралығындағы жол жөнделіп жатса, бүгінде соның жалғасы – үшінші бөлік басталғалы отыр. Бұл жұмыс аталған жолдың 70,6 шақырымы мен 98,4 шақырымы аралығындағы жолды жөндеу бойынша жүргізілмек. Осылайша жылдар бойы қордаланып келе жатқан аудандық маңызы бар автожолдың жыры осы жылдан қалмай аяқталмақ. Мұнан өзге, «Ақлақ-Қаратерең» бағытындағы 4,9 шақырымдық және «Самара-Шымкент- Бекбауыл» бағытындағы алғашқы 1,2 шақырымдық жолды орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталып кетті. Сондай-ақ Арал қаласына кіреберіс 9,3 шақырымдық жол мен «Жаңақұрылыс-Бекарыстан би» бағытындағы 23 шақырымдық жол осы жылдан қалмай орташа жөндеуден өткізілмек.
Аудандық маңызға ие тағы да бірнеше шақырымдық жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша да біршама жұмыс биыл қолға алынады. Мердігерлермен келісімшарт жасалып, жұмыстар басталуға жақын. Олардың қатарында Қамыстыбас елді мекеніне кіреберіс жол, «Самара-Шымкент-Сексеуіл», «Самара-Шымкент-Шижаға» және Сексеуіл кентінің ішкі жолдарын орташа жөндеуден өткізу жұмыстары бар. Айтпақшы, Арал қаласы бойынша да қалаішілік Қызылорда, Жетес би және Байқоңыр көшелері де биылдан қалмайды. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар атқарылатын болады.
Аудан бойынша аудандық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 681 шақырымды құрайды. Оның 100 шақырымнан астамы қазіргі таңда тақтайдай тегіс болса, қалған 30 пайызы, яғни 205 шақырымы орташа деңгейде деп бағаланды. Осы көрсеткішті жыл басындағы индикаторлық есеппен алғанда 45 процентті құрайды екен. Республика бойынша есептегенде, 200-ге жуық аудан арасынан қомақты қаржыны осы жолға бағыттап отырған аудан кемде-кем шығар. Мұндай көрсеткішке қарап, аудандағы экономикалық жағдайдың тұрақты екенін бағамдай беруге болады. Осы жол мәселесіне тұрақты деңгейде көңіл бөлініп келе жатқандығының нәтижесінде бізде қалаішілік көптеген жол жақсарды.
2020-2022 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру мақсатында 67,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызға ие автомобиль жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жалпы құны 2 933 679 мың теңгені құрайтын 7 жобаға бюджеттік өтінім тапсырылған. Алдағы жылдары осы жұмыстардың қаржылық мәселесі шешімін тауып жатса, аудандағы жолдардың жағдайы біршама жақсарады деуге болады.
А. Қарасай.