Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

АУДАН ӘКІМІ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Бүгін аудандық мәслихаттың кезекті елу тоғызыншы сессиясы өтті. Сессияға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы және қала әкімі, бөлім басшылары қатысса, кенттер мен ауылдық округ әкімдері жиынға онлайн түрде қатысты. Сессия отырысының күн тәртібіне енген мәселелердің негізгісі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың 2020 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстарының есебі болды.
Сонымен қатар, Арал ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведмствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 8 қарашадағы №106 шешіміне, аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы 2018 жылғы 16 сәуірдегі №148 шешіміне өзгерістер енгізу мәселесімен қатар «Арал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметтік куәлігін беру қағидаларын және оның сипаттамасын бекіту туралы аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 8 қарашадағы №112 шешімін жойылды деп тану мәселелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан көлемінде жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Атап айтар болсақ, ауданға 2,7 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылған. Ауданда индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында 5 жоба жүзеге асырылуда. 2020 жылдың 6 айында 1270 тонна балық өңделіп, 1260 тонна балық өнімдері экспортталды. Ауданда құрылыс саласында барлығы 14 жоба іске асырылуда.
«Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде Арал қаласы көшелерінің автомобиль жолдары жөнделіп, нәтижесінде жалпы ұзындығы 22,3 шақырымды құрайтын 33 көшенің 28 көшесіне асфальт жабындысы төселетін болса, қалған 5 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары атқарылатын болады.
Аудандық мәслихат сессиясында алғашқы жартыжылдықтағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы есеп берген аудан басшысы алда тұрған міндеттер жөнінде жан-жақты баяндады.
Сессия соңында ауданда атқарылған жұмыстармен таныс болған Сенатор Мұрат Бақтиярұлы:
– Ауданға жасалған сапарымда бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен таныстым. Биыл «Жұмыспен қамту, жол картасы бағдарламасы» бойынша бөлінген қаржының тиімді игерілуін, жұмсалу бағытын бақылау барысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына көз жеткіздім. Әсіресе көп жылдан бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген, жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарда жұмыс істеліп жатқанын көріп, тиесілі қаржы тиісті жұмысқа жұмсалғанына көзім жетті, – деді.
Сессия отырысында көтерілген өзге де мәселелер жайында хабарламашылар тыңдалып, аудандық мәслихат депуттары тарапынан оң шешім тапты.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

07 тамыз 2020 ж. 725 0