Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауқымды мәселелер талқыланды

Ауқымды мәселелер талқыланды

Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті жиырма жетінші сессиясы болып өтті. Сессия бастау алмас бұрын аудандық мәслихаттың депутаттары және аудан әкімінің орынбасары, бірқатар бөлім басшылары тұрақты комиссияда бас қосты. Кезекті жиырма жетінші сессия барысында күн тәртібіне қойылатын бірқатар мәселелер тұрақты комиссияға қатысқан депутаттар назарына ұсынылды.
Тұрақты комиссияда алдымен аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов «Аудан әкіміне жүктелген міндеттердің орындалуы туралы Арал ауданы әкімінің есебі» жөнінде хабарлама жасады. Мұнан соң, Арал ауданының жергілікті полиция қызметі басшысының есебін қарау және оның қызметін бағалау мәселесі бойынша аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Ә.Үмбетәлиев хабарлама жасады. Одан соң, «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Арал аудандық мәслихатының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы кезекті жиырмасыншы сессиясының №121 шешіміне өзгерістер енгізу туралы Арал аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы А.Байзақов хабарлама жасады. Тұрақты комиссияда аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісін және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Арал аудандық мәслихатының  шешіміне өзгеріс енгізу туралы және Арал қаласының көшелері мен тұйық көшелерін қайта атау туралы, Арал қаласы, Сексеуіл кенті және Тоқабай елді мекенінің көшелерін қайта атау және атау беру мәселелері жөнінде айтты. Тұрақты комиссияда аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Мадинов аудандық мәслихаттың 2018 жылғы екінші жарты жылдығына арналған жұмыс жоспары туралы хабарлады. Бұл мәселелер депутаттар тарапынан мақұлданып, кезекті жиырма жетінші сессия барысында талқыланатын болды. Сондай-ақ, тұрақты комиссия барысында Арал аудандық мәслихатының кезекті сессиясының төрағасын сайлау жөнінде ұсыныстар айтылды.
Түс ауа аудан әкімдігінің мәжіліс залында Арал аудандық мәслихатының кезекті жиырма жетінші сессиясы өтті. Кезекті жиырма жетінші сессия барысында күн тәртібіне қойылған мәселелер  қатысушылар назарына қайта ұсынылып, көтерілген мәселелер жөнінде жан-жақты талқылау болды. Сессияда алдымен аудан әкімі М.Оразбаев аудан әкіміне жүктелген міндеттердің орындалуы туралы хабарлама жасады. Сондай-ақ,аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы Ә.Үмбетәлиевтің хабарламасы тыңдалды. Бұл салаға байланысты өткен жылмен салыстарғанда біршама қылмыстық ахуалдың төмендігі байқалады. Дегенмен, ауданда қылмыстық әрекеттер мүлдем тыйылған деуге келмейді. Кейбір қылмыстың түрлері тіпті көбейіп те кеткен. Бұл жөнінде жергілікті полиция қызметінің басшысы айтты. Сондай-ақ, ол осы қылмыстардың алдын алуда және көшелердегі заң бұзушылықтарды анықтауда бейнебақылаудың көмегі әлдеқайда көп екендігін айтты. Сессияда депуттар бұл мәселеге баса назар аударып, алдағы уақытта тиісті органдарға бұл мәселеге қатысты арнайы ұсыныс берілетіндігін тілге тиек етті. Жарыссөзге аудандық мәслихаттың депутаты Ә.Ізбасаров қатысып, осы салаға қатысты өзінің ой-пікірін ортаға салды.
Сессияда Арал аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы А.Байзақов «2018-2020 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Арал аудандық мәслихатының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы кезекті жиырмасыншы сессиясының №121 шешіміне өзгерістер енгізу туралы хабарлады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылаған депутаттар Арал қаласының көшелері мен тұйық көшелерін қайта атау жөніндегі бірқатар ұсыныстарды мақұлдап, кейбір мәселелер кезектілігіне сай шешімін табатынын ортаға салды.
Аудандық мәслихаттың кезекті жиырма жетінші сессиясы соңында көтерілген мәселелер аудан әкімдігі және аудандық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау табылатындығы айтылды. Сонымен қатар, келесі болатын сессияның төрағасын сайлау жөнінде сессия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ж.Жалғасбеков ұсыныс жасады. Дауысқа салу нәтижесінде аудандық мәслихаттың келесі сессиясының төрағалығына Райым ауылдық округінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Д.Жалғасбаев сайланды.
«Толқын» ақпарат.
24 шілде 2018 ж. 1 283 0