Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы тәрбиелейміз бе, сананы тәрбиелейміз бе?

Баланы тәрбиелейміз бе, сананы тәрбиелейміз бе?

Қала ажары күн санап айшықталып келеді. Бұл сөзімізді ешкім жоққа шығара алмас. Қалаға кіреберіс қақпадан бастап тақтайдай тегіс тас жолды көрген жан ерекше әсерге бөленеді. Тек осы тұс қана емес, қаланың қай аумағында болмасын салтанаты мен сәулеті келіскен ғимараттардан бөлек, ойын алаңдары, тынығу орындары, өзге де нысандар мен мұндалап, жанарыңды өзіне еріксіз тартып тұрады.
О. ТІЛЕУ

Сондай нысандардың бірі Арал қаласының солтүстік-батыс беткейінен бой көтеріп, қаланың шеткі аумағына шырай келтірген болатын. Осыдан екі жыл уақыт бұрын ғана «Спорт алаңы», «Рәміздер алаңы» және «Балалардың ойын алаңы» салынды деп сүйіншілеген едік. Көпшіліктің көңіл қуантқан қаз-қатар орналасқан үш нысан тек балалар мен жастардың, салауатты өмір салтын ұстанамын деушілердің ғана емес, барша аралдықтың тынығу орнына айналды. Тіпті қала қонақтары да қызықтап барып, таңданысын жасырмайтын.
Әлі есімде. Қалаға қонақ болып келген жақындары мен балаларын ертіп, кешкі уақытта саяхаттап қайтуды жөн санаған бір танысымның жанындағы сырттан келген адамдардың «Аралға осыдан бес жыл бұрын келгенмін. Бірақ қазір тіпті танымай қалдым. Сол кездегі қаланың ажары мен бүгінгі бейнесін салыстыру мүмкін емес» деп ішкі ойын жасыра алмай, жайып салғанын көзіммен көрдім. Сол сөзден, оң пікірден кәдімгідей-ақ ішіміз жылып қалған еді. Естелік суретке де түсіріп алды. Ал жанындағы балалардың қуанышын айтсаңызшы. Айналада жүгіріп, асыр салып, шаттанып қалды.
Міне, содан бері екі жыл ғана уақыт өтсе де, біз куә болған жағдайлар мынадай. Салауаттылыққа жол ашқан жасыл алаңның көңіл қуантар келбеті көп ұзамай-ақ көзден бұл-бұл ұшты. Бір емес, бірнеше рет қайта жаңартқанымен, футбол қақпасының торсыз тұрған кезі көп болды. Тіпті қаңқасы қалған қақпаның өзін қаңыратып, сындырып кеткендер қаншама?!
Тек бұл ғана емес, жанындағы елдігімізді танытатын рәміздер бейнеленген алаңның да ажарын кетіргендер болды. Маңдайындағы жазуды жұлып кетіп, ол да жаңартылған көріністердің де куәсі болдық.
Ал ең сорақысы – бүлдіршіндердің қуанышын еселеп тұрған балалар алаңының бүгінгі жайы. Бара қалсаңыз, тербелгіштегі кезекті ғана көреміз. Сынған айналмалар мен өзге де келбеті кеткен ойын құралдары қараусыз қалғандай көрінеді. Алаңсыз ойын баласының бір ғана тербілгіштің босағанын күтіп кезекте тұрғанын көргенде, кінәні кімнен іздерімізді де білмейміз.
Әдетке айналғандай жауапты құзырлы орындарды кінәлаймыз. Десе де атқарушы билік тұрғындар қажеті үшін қаншама жұмыс істеп жатыр. Енді неге бардың қадіріне жетіп, қолда бар алтынды бағалай білмейміз?!  Бүлдіршіндерге бақыт сыйлаған алаңды осындай күйге түсірген өзіміз екенімізді де ойлайтын кез келген сияқты. Әйтпесе ойын баласы аялап ұстамаса, аяусыз сындыратын күшке ие емес қой, әрине. Баланы тәрбиелейміз деп ұрандаймыз келіп. Бірақ алдымен сананы тәрбиелеу керек сияқты көрінеді маған. Сонда ғана сәніміз бен бағымыз еселей түсер еді.
17 қазан 2020 ж. 455 0