Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Болашақты бүгіннен түзейміз

Болашақты бүгіннен түзейміз

Біз баламызды қалай қорғап жүрміз? Сұрақты төтесінен қоюмыздың себебі бар. Бүгінде бала тәрбиесіне қатысты көп сын айтылып жүр. Әсіресе, интернеттің ішкі иірімі кеңейіп, ғаламтор ғаламат күшке ие болып тұрған мына заманда балаларымыз жұтылып кетпей ме? деген қауіп қылаң береді. Қазір тамағын бердім, тымағын кигіздім дейтін дәурен өтті. Киімін көк, қарнын тоқ етуден бөлек үнемі бақылауда ұстау керек дейді мамандар. Бір ғана мысал келтірейін. Әлгі біз айтқан интернеттің қыр-сырын білетіндер «ютуб» желісіндегі видеолардың көрілім динамикасына көз жүгіртіпті. Сөйтсек, көш басына «момо» деп аталатын балалар ойыны шыға келген. Ал мына қызықты қараңыз. Апталық сараптамада балалар ойыны сенбі, жексенбі күндері күрт өсіп, тіпті максималды деңгейге жетеді екен. Осыдан-ақ баламызды кім тәрбиелеп жатқанын байқауға болатын секілді. Бес күнгі сабақтан соң демалыстарын тиімді бағытқа бұру ата-ана міндеті емес пе еді?! Жоғарыда атап өткен «момо» видеосы бала психологиясын бұзатын ең қауіпті ойын көрінеді. Яғни, тапсырма беріп, оны орындай алмаса оңай болмайтынын айтып, санасына сан түрлі нәрсені құяды. Кішкентайынан қауіп төніп тұрғандай күй кешіп өскен баладан қандай азамат дайындап шығамыз. Балаларды телефонға телміртпей, пайдалы үйірмелер мен ойын-сауық алаңдарына апарумен алмастырған жөн екенін айтады мамандар. Сондықтан балаларға деген қамқорлықты оның барлық қалауын орындау деп түсінбей, виртуалды әлеммен емес, шынайы қоғаммен шыңдаған абзал болар. Жоғарыдағы мысалдарды өзек етіп алуымыздың негізгі себебі қазіргі балаларға жасалып жатқан қамқорлықтың қай деңгейде екенін жеткізгіміз келген. Әрине, еліміз ертеңгі жарқын күнді бүгіннен бастауға күш салып келеді. Солай болуы да тиіс. Өйткені өркенің жайылсын, өшкенің жансын десең, болашақты бүгіннен бастауың керек. Ал шыбықтың түзу шықпағы бағбанына байланысты. Сонымен ұзын сөздің қысқасы, ауданда келешегімізге деп қандай инвестиция салдық?
Өткен жыл ауданда әлеуметтік нысандардың көптеп ашылуымен есте қалды. Қалада ғана емес, ауылдарда да жағымды жаңалықтарға куә болдық. Мәселен, былтыр қаланың батыс беткейінен ауқымды жерге балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Көрген адам көзі тоятын нысанда жүгіру мен жаттығуға қажетті барлық құрылғы бар. Кешкілік серуен құрып бара қалсаңыз, бала жетектеген қарттардың, доп қуған бүлдіршіндердің қызығына куә боласыз. Одан соң Сексеуіл кентінде де бір емес, бірнеше нысанның ашылу салтанатына да арнайы қатыстық өткен жылы. Алдымен зәулім спорт кешені есігін айқара ашса, жанынан ойын алаңы көп ұзамай көптің қолданысына берілді. Ал жеке кәсіпкердің «Қарақат» ойын-сауық орталығы ірі қалалардан ғана көретін түрлі құрылғыларды әкеліп, ауылдағы балғындардың бір сәт бой жазуына жағдай жасады. Сонымен қатар түрлі үйірмелердің жұмыс жасауы мен мәдениет саласындағы жеткіншектеріміздің жеңісі де ел келешегіне қамқорлық. Осылардың ішіндегі ең негізгісі білім саласы екені белгілі. Айтайық, қазір сандалған жастардың санын азайту үшін түрлі бағыттағы үйірмелерге басымдық берілуі керек-ақ. Бүгінде «коворкинг» орталықтар іске қосылып, жастардың еркін қимылына жағдай туғызды. Бұл біз айтқан, көз көрген шаралардың бір парасы ғана.
Кішкентайынан қызығушылығын оятып, бір саланың құлағын ұстауға бағыттасақ, әлгі интернеттегі ит-ыржың видеоларды көруге баланың шамасы келмес еді. Сондықтан бала үшін дейтін ауқымды шаралардың арасын үзбей, үздіксіз жалғап отыру мемлекеттің де, ата-ананың да міндеті. 
М.ҚҰРМАНӘЛІ
05 маусым 2019 ж. 989 0