Азаттық – баға жетпес асыл қазына

Тәуелсіздіктің таңы атқаннан бері еліміздің мемлекеттігін айқындайтын белгілері қалыптасты. 1992 жылы ҚР Президенті мемлекетіміздің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны туралы Заңға қол қойды. Ал 1991 жылы қазақ азаматы, "Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров көк аспанға сапар шегіп, қауіпті де қызықты ғарыш әлемін бағындырды. Алып тұлғамыздан кейін де бүгінгі заманғы батырларымыз, "Халық қаһарманы" Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов ғарыш көкжиегіне сапар шекті. Ел жетістігін EXPO-2017 болашақ энергиясы жобасы еселеді. 2012 жылы бұл жобаны елімізде өткізу мүмкіндігіне ие болуымыз өз алдына бір мәртебе. EXPO-2017 жобасының жоғары дәрежеде өткізілуі ұлттық құндылықтарымызды шет елдерге дәріптеуге мүмкіндік беріп, экономикалық ахуалымыз жақсарды. Ұлттық кодымызды белгілеп, құндылықтарымыз бен салт-санамызды ұлықтап, жаңаша дамуға бет алдық.
Елбасымыздың көреген саясатының арқасында бағытымыз бен мақсатымызды айқындадық. Сонымен бірге спорттан да биік белестерді еңсердік. 2012 жылы өткізілген Лондон және 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өткен олимпиадаларда қол жеткізген жетістіктеріміз елімізде спорттың қандай дәрежеге көтерілгендігін дәлелдеді. Есімі әлем жұртына танымал Геннадий Головкин сынды азаматтарымыз барда қазақтың туы көктен түспейтіндігі ақиқат.
Қазақстан мемлекеті – бір шаңырақ астына көп ұлтты біріктіріп отырған алып мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі еліміз өзге ұлт өкілдерін бөле-жармай, бауырына тарта білді. Әрбір қазақ баласы қазақ елі үшін еңсесін тік ұстап еңбек ете алатындай дәрежеде. Біздің тарихымыз айтулы жетістіктерге толы.
Тәуелсіздік жылдары еліміздегідей ауданымызда да экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, Арал ауданы Елбасының ерекше қамқорлығында болды. «Ғасыр жобасы» атанған «САРАТС» жобасы жүзеге асып, қайтқан теңіз кемеріне келіп, ата кәсібіміз– балық шаруашылығы жанданды. Қазіргі таңда теңіз айдынынан 22 түрлі балық ауланып, заман талабына сай жылдық қуаттылығы 23 900 тоннадан асатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Аралдықтар үшін тәуелсіздіктің үлкен сыйы – таза ауызсуға қол жеткізуіміз. Осындай өзекті мәселені назардан тыс қалдырмаған Елбасы 2005 жылы Аралда арнайы жұмыс сапарымен болып, тұрғындардың қуанышына ортақтасқан күн біз үшін тарихи күн болды.
Тәуелсіздік жылдары республикадағы тұз қазу мен оны өндеу бойынша ең iрi кәсiпорын болып табылатын «Аралтұз» АҚ 2001-2003 жылдары зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құрудан өтіп, өндiрiске «тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлді. Өткен жылы аудан бойынша барлығы 783,6 мың тонна тұз қазылып, 219,1 мың тонна йодталған тұз өндірілді.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі елдің батысы мен шығысын байланыстыруда. Ал жаңадан салынған «Бейнеу-Жезқазған» шойын жолы бетпақ даланы кесіп өтіп, маң дала төсіне қан жүгірді. Ауыл орталығы аудан танымастай өзгерді. Еңселі ғимараттар тұрғызылып, заманауи үлгідегі білім ұялары бой көтерді. Апаттық жағдайдағы мектептер кезең-кезеңімен шешімін тапты. Жолдар жөнделді, игілігін ел көрді. Ел тәуелсіздігі көптеген әлеуметтік мәселенің шешілуіне жол ашты. Соның бірі – көгілдір отынның көп игілігіне берілуі. 2015 жылдан бастап Арал қаласының халқы көгілдір отынның игілігін көрсе, биылдан бастап Жақсықылыш кентінің тұрғындары да от жағудың машақатынан арылды.
Міне, аудан көлемінде атқарылып жатқан осындай ауқымды істердің бәрі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында: "Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет" деген болатын.
К. МАХСҰТ