Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданының тарихи бастауы

Арал ауданының тарихи бастауы

Арал қаласының іргесі алғашында «Алты құдық» деген атаумен аталған жерде орналасқан. Ол кезде Сыр бойының байлары малдарын жайлауға айдар кезде жолдарына мал суаратын тас құдықтар қаздырып, оған арнайы жігіттер тобын ұйымдастырып отырған. Шыңырау тас құдықтар онша сарқыла бермеген, әрі олардың суы тұщы болып келген. Мұндай суы бар құдықтарға керуеншілер де көбірек маңайлаған. Керуен жолдары мен темір жол бойын жағалай қазылған құдықтардың картасын патша өкіметі кезінде сонау ХІХ ғасырда арнайы картаға (Арал маңы құдықтарының картасы) түсіріп отырған.
«Алты құдық» деген атаумен аталған жер, осы күнгі «сегізінші километр» деп аталатын жердің (Арал-Аралсульфат темір жол веткасында) батыс бетіндегі шағыл құмның іргесінде болған. Кейін теңізде су жолы қатынасы ашылуына байланысты, балық тұздайтын кәсіпшіліктер орын тепкен.
Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына орай, осыған жақын аймақта Арал кенті негізделіп, 1911 жылдан бастап Арал теңізі деңгейіне жүйелі түрдегі бақылау орнатылды. Осы 1905 жылы Алтықұдық түбіндегі станция «Арал теңізі станциясы» деп аталды.
Жол бойындағы сегіз шеберхананың алтауы Қазақстан аумағында болды. Бес ірі станция – Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск, Түркістан Қазақстан аумағында болды. Ұшы-қиыры жоқ шөл далада темір жол құрылысын жүргізуге Пенза, Самара, Орынбор губернияларынан табыс табу үшін кедей шаруалар келді. Темір жол құрылысы қосылысымен бірге балық кәсіпшілігімен айналысатын саудагерлер ағылып келе бастады. Олар үшін Арал алтын теңіз, пайданың алтын қоры болды. Сонымен бірге бұл жерде акциондық «Хиуа» қоғамын ұйымдастырды.
Аралға қоныс тепкен орыс көпестері теңізден ауланған балықты арзан бағаға сатып алып, балықтарды тұздап, тоңазытып, Ресейге темір жол арқылы жөнелтіп жатты. Балық тұздайтын тұзды ол кездері жергілікті тұрғындар қазіргі Шөміш станциясы маңынан түйемен тасып, орыс көпестеріне өткізіп отырды. Қыстақта сауда-саттық дамып, халық саны көбейе бастады.
1902-1910 жылдар аралығында Арал станциясында темір жол вокзалы, су жинайтын мұнара, темір жол бойы қоймалары, темір жол клубы, бірнеше тұрғын үйлер бірінен соң бірі бой көтере бастады.
Арал қыстағы бой көтергеннен кейін тұрғындар саны өсіп, қанатын кеңге жайып, өркендей бастады. Арал аудандық архивінде сақталған Арал балық комбинатының (№4 қор, Т-1,іс-12, п-16) Сырдария губерниялық атқару комитетінің 9 мамыр 1927 жылғы №24 қаулысында 1 қазан 1927 жылдан бастап Арал теңізі қыстағының Арал қаласы болып өзгеруі туралы Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы Т.Медетбаевтың №142 санды бұйрығын көруімізге болады.Міне, осы құжаттан сол бір жылдары Арал қала статусын алған, бүгінде теңіз жағасындағы 95 жылдығы тойланған қаламыздың тарихы осындай.
Енді Арал ауданының Қазалы уезінен бөлінуі жайында сөз қозғасақ.Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1920 жылғы мәлімет бойынша Қазалы уезінің ішінде Арал ауданы аумағындамынадай болыстықтар болды: Қамыстыбас, Шығынды болыстар – Қамыстыбас көлі мен Сырдарияның Аралға құяр сағасындағы Арал солтүстік шығысында; Райым болысы – Арал теңізінің солтүстік шығысында; Қостам болысы – Сырдың оң жақ бетінде, уездің шығыс қиылысында; Мақпал болысы – уездің солтүстік батысында Қарақұмда орналасты.
Кеңес үкіметінің тапсырмаларын орындауына байланысты 1918 жылы Қазалы уезі орталығы ретінде ликвидацияланып, 1928 жылдан бастап кеңестік басқару жүйесіне көшірілді.
Сырдария облысы, Түркістан республика құрамына енген.1921 жылдың 1 қазанынан бастап облысқа 7 уезд қараған, Қазалы уезіне 22 болыс белгіленген. 1924 жылдың 12 желтоқсанында Сырдария облысы губернияға айналған.Сөйтіп Қазалы уезінің орталығы – Қазалы қаласы болыпбелгіленген.
1923 жылдың 11 ақпанында Қазалы қалалық типтегі поселке аталды.1923 жылдың 11 наурызында Арал болысы құрылды.1922 жылдың ортасында Ақшатау,Бесарал Райымға, Мақпал Қостамға, Тұрсын болысы Шыбынды болысына біріктірілген.
Сырдария губерниялық атқару комитетінің 1925 жылдың 15 мамырдағы қаулысымен Қамыстыбас болысы Қаракөл, Райым, Шыбынды болыстарының негізінде ашылды. 1927 жылдың 17 қаңтарында (ВЦИК 3 қыркүйекте бекіткен) Қазалы уезі таратылып, оның орнына Қызылорда округіне бағынышты Қазалы ауданы – Ақтөбе, Қазалы болыстығының негізінде Қазалы, Арал және Қамыстыбас болысы есебінен Арал ауданы құрылды. Сөйтіп, 1918-1920 жылдардан бастап кеңестік болыс, 1925-1926 жылдардан бастап ауылдық кеңестер құрылымы жұмыс істей бастады.
1928 жылдың 3 қыркүйегінде Қазалы уезі құрамындағы Арал және Қамыстыбас болыстығынан Арал ауданы құрылды. Оны ВЦИК-Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті бекітті. 1932 жылы 20 ақпанда Ақтөбе облысының құрылуына байланысты Арал ауданы орталығы Арал қаласы Ақтөбе облысының қарамағына кірді. Сол жылы 10 наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) бекітті.
КСРО Жоғарғы Кеңесі сессиясы шешімімен Қазақ ССР Президиумы ОрталықКеңесінің 1938 жылғы 15 қаңтарда «Облыстардағы аудандық әкімшілік-аумақтық бөліну» туралы қаулысына сәйкес Ақтөбе облысынан Арал, Оңтүстік Қазақстан облысынан Жаңақорған, Қазалы, Қызылорда аудандары бөлініп, Қызылорда облысы құрылды. 1938 жылы 15 қаңтарда Арал ауданы Қызылорда облысының құрылуына байланысты солтүстік-батысында орналасқан аудан болды.
СОКП Орталық комитетінің 1962 жылғы қарашадағы пленумының шешімі негізінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі 1962 жылдан бастап өндірістік қажеттілікке орай кеңес органдарын тарату және республиканың әкімшілік-аумақтықбөлінісін өзгерту жөнінде бірнеше Өкімдер қабылдады. Сонымен үш аймақтық, 14 облыстық (ауылдық), облыстық (өнеркәсіп) және 1 облыстық (бірыңғай) еңбекшілер депутаттары құрылды. 1962 жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан аймағына Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстары қарады. Осыған байланысты 1962 жылы Арал ауданы таратылып, Қазалы ауданына қосылды.
Ауыл шаруашылығын мамандандыру, аудандық звеноларды колхоз, совхоздарды жақындастыру, сонымен қатар елді мекендерде мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында 1964 жылдың соңында облыстағы аудандарды қайта бөлу басталды. 1964 жылы 22 қазанда Еңбекшілер депутаттары Қызылорда облыстық кеңесі және оның атқару комитетінің №322 шешімімен Арал ауданы қайта құрылды.
Дайындаған К.Махсұт
15 шілде 2023 ж. 365 0