Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл 1-сыныпқа қанша бала барады?

Биыл 1-сыныпқа қанша бала барады?

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан аса бала бірінші сыныпқа барады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бүгінде оның 320 мыңға жуығы, яғни шамамен 84 пайызы мектептерге қабылданған.

"Балалардың 296 мыңға жуығы мемлекеттік, 23 мыңға жуығы жекеменшік мектептерде білім алады. Қалалық мектептерге 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мыңға жуық бала қабылданды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарына ерекше білім беру қажеттілігі бар 4 мыңға жуық бала қабылданды", - деді министрлік өкілдері.

Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71 пайыздан астамы қазақ тілінде, 26 пайыздан астамы орыс тілінде, тағы 2,5 пайызға жуығы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінен 2 мыңнан аса бала қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданған.

Айта кетейік, өтініштер 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылданады. Өтініштердің 84 пайызға жуығын ата-аналар электрон форматта берген. Құжаттарды eGov.kz электрон үкімет порталы немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ, мектепке тікелей тапсыруға болады.

Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны Түркістан облысында (50 мыңнан аса), Алматы облысында (35 мыңнан аса), Астанада (33 мың), Алматыда (31 мыңнан аса) және Шымкентте (29 мыңнан аса) тіркеледі.

Фото: ​massaget.kz​​​
12 тамыз 2026 ж. 37 0