Orda School — білімділер мекені
Мектеп – білімнің ордасы, ал ұстаздар сол орданың шамшырағы. Ұстаз – тұлға қалыптастырушы, ұрпақ болмысының бағбаны. Білікті ұстаздар шәкірттеріне тек сабақ қана емес, тәлім-тәрбие береді, өмірдің мәнін, еңбек пен адалдықты үйретеді. Әр оқушының қабілетін шыңдап, қанатын қатайтып, болашаққа жол көрсетеді. Олардың тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінгі шәкірттер ертең елдің тірегіне айналады.Қаламыздың көрікті бөлігі – сол жағалауда, орналасқан Orda School мектебі оқушыларға есігін 2017 жылы айқара ашқан болатын. Сол жылы 70 баламен ашылған мектепте қазір 1800-ден аса оқушы білім алуда. Осы оқушылардың сапалы білім алуы үшін құрылтайшылар тарапынан барлық жағдай жасалынған. Мектепте 3 робототехника кабинеті, 125 компьютер, 124 интерактивті тақта, 2 физика, 2 химия және 2 биология кабинеттері, 7 лабораториялық кабинет, 6 еңбек шеберханасы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 9 спортзал, 3 хореография залдары оқушылар игілігіне қызмет етеді.
Әрбір оқушының жетістігі – білікті ұстаздың еңбегі, оқушының талпынысы және ата-ананың қолдауының жемісі. Orda school мектебі жыл сайын білім сапасын нақты нәтижелерімен дәлелдеп келеді. Оқушыларымыз республикалық, облыстық олимпиадалар мен білім бәйгелерінде жоғары жетістіктерге жетіп, еліміздің үздік білім ордаларына қабылдануда. Оның ішінде соңғы 3 жылда НИШ мектебіне 23 оқушы, БИЛ лицейіне 4 оқушы, «Дарын» мектебіне 3 оқушы, Физика-математика лицейіне 2 оқушы қабылданды.
Биылғы 2026 жылдың өзінде мектеп оқушылары түрлі деңгейдегі пәндік олимпиадаларда үздік нәтижелер көрсетті. Атап айтар болсақ, республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде 35 оқушы жүлделі орыннан көрінді, ал пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде 4 оқушымыз жүлделі орын иеленді.
Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне 3 оқушы қатысты. 5 сынып оқушысы Конзуровская Ева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен III орын иеленді. Жұмабеков Ұларбек қазақ тілі пәнінен жоғары нәтиже көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды. Орыс тілі пәні бойынша Абдраманов Амир сертификат иегері атанды.
«Алтын сақа» республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінде 4 оқушы жүлдеге ие болды.
Бұл көрсеткіштер – Orda School мектебінде сапалы білім беру жүйесінің, кәсіби ұстаздар еңбегінің және оқушылардың ізденісі мен табандылығының айқын дәлелі.
Orda School – әр оқушының қабілетін ашып, білімге деген құштарлығын шыңдап, үлкен белестерге жетелейтін мектеп. Біздің басты жетістігіміз – шәкірттеріміздің жетістігі!
Жадыра ТҰРАРОВА,
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
https://kiltmedia.kz/?author=4









