Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Санитариялық ахуал тұрақты бақылауда

Санитариялық ахуал тұрақты бақылауда

Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Есепті кезеңде бақылаудағы 94 нозологияның 55 түрі бойынша ауру тіркелмеді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 нозология бойынша сырқаттанушылық төмендеді. Әсіресе, «А» вирусты гепатиті мен тұмау көрсеткіштерінің азаюы профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
- Жыл басында қызылшаға байланысты қосымша егу науқаны ұйымдастырылып, 5450 адам вакцина алды. Соның нәтижесінде наурыз-сәуір айларында қызылшаның бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Дегенмен иммундаудан бас тарту мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан халық арасында түсіндіру және вакцинациямен қамтуды арттыру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ биыл адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау жұмыстары кеңейтіліп, есепті кезеңде 3771 қыз бала вакцина алды. Аса қауіпті инфекциялар бойынша оба, құтырма, тырысқақ және сібір жарасы тіркелген жоқ. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 11 жағдайы анықталды. Кене шағуына байланысты 1403 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Өнім қауіпсіздігі де тұрақты бақылауда. 58 нысаннан алынған 810 сынама зерттеліп, 133 сынаманың техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сәйкесінше, бірқатар сауда нысандарына жедел ден қою шаралары қолданылып, талапқа сай емес өнімдер сатылымнан алынды, – деді Гүлмира Сыздықова.
Ауыз су сапасы бойынша да мониторинг жүргізілді. Орталықтандырылған су жүйелерінен алынған сынамалар зертханалық тексеруден өткізіліп, анықталған сәйкессіздіктер бойынша тиісті шаралар қабылданды.
- Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Мектептер, мектеп-интернаттары мен асханаларға мониторинг жүргізіліп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нұсқамалар берілді. Жазғы лагерьлердің дайындығы, ауыз су сапасы, тамақтану және санитариялық жағдайы да тұрақты бақылауға алынды. Алдағы кезеңде вакцинациямен қамтуды арттыру, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу, білім беру және қоғамдық тамақтану нысандарындағы санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өнім қауіпсіздігін бақылауды күшейту негізгі бағыттардың бірі болып қала береді, - деді департамент басшысы.
14 тамыз 2026 ж. 30 0