Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » The Spirit of Tengri әлеміне ену. Ұйымдастырушылар биыл не әзірледі

The Spirit of Tengri әлеміне ену. Ұйымдастырушылар биыл не әзірледі

Заманауи этникалық The Spirit of Tengri 2019 халықаралық фестивалінің ұйымдастырушылары биыл қонақтарды қандай жаңалықтар күтіп тұрғанын айтып бердіФестивальге дайындықтың қалай өтіп жатқаны жайлы суретші, визуал безендіру концепциясының авторы Санжар Жұбанов, алаңды көркемдеуші Элина Алтынбекова мен жобаның бас әкімшісі Константин Головин айтып берді. Әлемнің 16 елінен 70-тен аса музыкант Алматыда өтетін The Spirit of Tengri 2019 заманауи этникалық музыка фестиваліне қатысады. Фестиваль 25-26 мамырда Республика сарайының (Абай - Достық) алдындағы Абай алаңында өтеді. Концерт 17:00-де басталады, кіру - тегін. Музыкалық шоу Жастар жылын атап өту аясында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Жобаның бас серіктесі - Salem Social Media.
Қазақстандық талантты суретші Санжар Жұбанов шетелдіктер арасында да танымал. Биыл суретшінің шығармашылығы Парижде өткен Бүкіләлемдік көрмеде таныстырылды. Онда әлемнің 150 елінен суретшілер мен бүкіл әлемнің коллекция жинаушылары жиналды. Стендте көптеген танымал туынды болды, олардың ішінде Моника Белуччи және тағы басқалары бар. Францияға жеткізілген барлық туынды сол көрмеде сатылып кеткен. Айта кетейік, The Spirit of Tengri 2019 фестивалінің визуал безендіру концепциясының авторы дәл осы Санжар Жұбанов. 
"Мен The Spirit of Tengri фестивалінің жанкүйерімін - үнемі келіп, әндерін тыңдап қайтамын. Биыл оның визуал-бейнелі безендіруіне атсалысу мүмкіндігі туды. Мен үлкен жеті тастан жасалған экспозицияны ұсынамын, онда көшпенділердің көне петроглифтері жазылған. Тасты зеңжар көп ғасырдан бері келе жатыр, ал петроглифтерді мен жаздым. Сақтардың петроглифтерін зерттедім, Қазақстан жері бұғы, түйе, арқар, бөрілердің ежелгі суреттеріне толы. Олардың өз мағыналары бар. Мен суреттерді ұлғайтып, заманауи құрал - скарпельдің көмегімен өз қолыммен тастарға қашадым. Әр таспен жұмысқа екі ай уақытым кетті", - дейді суретші.
"Тастар Абай ескерткішінің артына қойылады, ал жанына ақпарат жазылады. Мен тастардың жанында болып, қалаған адамға петроглифтер туралы айтып беремін. Дала тарихы көп адамды қызықтырады деп ойлаймын. Сіздерді The Spirit of Tengri әлеміне енуге шақырамын", - деді Санжар Жұбанов.
Сондай-ақ Элина Алтынбекова фестивальдің визуал рәсімделуі жайлы айтып берді. "Екі күн бойы сахнадағы өнермен қатар, қолөнершілердің жәрмеңкесі өтеді. Онда Алматы мен еліміздің қолөнершілерінің үздік еңбектерімен танысасыздар. Ағаш, тері, киіз, керамика, текстильмен қатар басқа да заттардан жасалған туындыларын тамашалауға болады. Бұл туындының барлығы қызығу пен шығармашылықтың арқасында пайда болған. Биыл қолөнершілердің арасында іріктеу өткіздік, жәрмеңкедегі орыннан гөрі қатысам деушілердің саны көп. Біз фестивальге келген қонақтардың этномәдениеттің не екенін толықтай сезінгенін қалаймыз", - деді көркемдеуші.
Биыл The Spirit of Tengri фестивалінде ақпарат орталықтары мен еріктілер болады. Ол фестивальде навигация ыңғайлырақ болу үшін және қонақтардың фестиваль кестесі мен қатысушылар жайлы толық ақпарат алуы үшін жасалады. Сонымен қатар, жаңартылған кәдесыйларды сатып алуға болады. Онымен қоса, фестивальде түрлі өлшемдегі және түстегі фирмалық жейделердің сатылатыны белгілі болды. "Біз жыл сайын фестивальді қонақтар үшін ыңғайлы еткіміз келеді. Биыл ақпараттық стенд орнатамыз. Онда фестиваль жайлы толық ақпарат болады. Сондай-ақ қонақтарға еріктілер көмектеседі. Олар кез келген сұраққа жауап береді. Фестивальде фудкорт және әртүрлі елдердің тағамдары болады. Әр келуші музыкадан бөлек, ұлттық тағамның да дәмін тата алады. Оған сан алуан дауыс пен жарықты қосыңыз. Кешкі уақытта түрлі түсті шоу тамашалайтын мүмкіндік бар. Ашылу кезінде таңғажайып қойылым көрсетеміз. Сіздерді екі күнгі әсем ән мен тәтті тағамдар және жақсы көңіл-күй күтіп тұр", - деді жобаның басты әкімшісі Константин Головин.
Мұның алдында фестивальға Ethno5 және Ashina тобы, әзірбайжандық Natig Rhythm Group тобы, үндінің The Raghu Dixit Project тобы, тывалық Радик Тюлюш, Svjata Vatra эстон-украин тобы, мажарлардың Kerekes Band тобы, сондай-ақ, мозамбиктің Childo Tomas ұжымы өнер көрсететіні анықталған еді. Сондай-ақ, Өзбекстан, Мали, Нигер Республикасы, Алжир, Грузия, Мысыр, Иран және АҚШ елдерінен музыканттар келеді деп жоспарланған. Фестиваль қолдаушысы - Tez Tour Kazakhstan туроператоры, ал KZ Sound компаниясы техникалық қолдау көрсетеді. Фестивальдің ресми суы ‑ Samal.
The Spirit of Tengri халықаралық мультимәдени жобасын 2012 жылы Tengri FM ұлттық қазақстандық радиостанциясы құрған. Тамаша музыкалық қойылымның мақсаты ‑ қазақстандықтар мен еліміздің қонақтарын Ұлы дала және бүкіл әлем халықтарының мұрасымен таныстыру. Жоба ұлттық ауқымдағы мәдени бренд мәртебесіне ие. Фестивальді ұйымдастырылып жатқалы 120 мыңнан аса адам тамашалаған. The Spirit of Tengri жобасы аясындағы концерттер - ақпараттық көркем материалдар мен видео контентпен сүйемелденетін жарқын, әсем музыкалық шоу. Сондықтан, оларға тек ойын-сауық емес, білім беру сипаты да тән. Жыл сайын The Spirit of Tengri сахнасына әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған танымал әртістер шығады. Фестиваль өтіп келе жатқан уақыттан бері 80-нен аса елдің белгілі музыканттары мен ұжымдары қатысып шықты. Фестиваль командасы отбасы мерекесінің ерекше атмосферасын туғызып, онда Алматы тұрғындары мен қонақтары асқан қызығушылықпен жиналады. Олар жәрмеңке аралап, этникалық шеберлер қалашығын тамашалап, киім, музыкалық аспап және ескерткіштер сатып ала алады. Концерт real-time режимінде кең форматты LED-дисплейлерінде таратылып, онлайн-алаңдарда тікелей эфирге шығады. Алдыңғы жылдары фестивальді Kaspi.kz пен Magnum Cash & Carry қолдаған болатын.
https://kaz.tengrinews.kz
15 мамыр 2019 ж. 677 0