Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚШ хореографы әлемдік чемпионатқа қатысатын командасына Астанадан биші таңдайды

АҚШ хореографы әлемдік чемпионатқа қатысатын командасына Астанадан биші таңдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Жастар» сарайында 23-25 ақпан аралығында бүкілқазақстандық VI «Choreo» қазіргі заманғы хореография конкурсы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мәліметінше, байқаудың қазылар алқасы құрамына танымал америкалық хореограф Грег Чапкис (Greg Chapkis) енген. Ол «Choreo» байқауына қатысушылардың арасынан АҚШ-тағы Word of dance LA бүкіләлемдік қазіргі заманғы хореография чемпионатында өнер көрсететін командасына бишілерді таңдайтын болады.

Шараға еліміздің ең мықты хореографтары мен үздік бишілері қатысады. Биыл конкурсқа Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз, Атырау, Ақтөбе, Петропавл және басқа да қалалардан мыңға жуық үміткер ниет білдіріп отыр.

Конкурстың бірінші күні балалар мен жасөспірімдер арасында чемпионат өтеді, 24 ақпанда шақырылған хореографтар шеберлік сабақтарын өткізеді. Ал конкурстың соңғы күні жеңімпаздар анықталатын болады.

«Choreo» байқауының жүлде қоры 500 мың теңге. Қаржы үздік би командалары мен жеке орындаушылар арасында үлестіріледі.
19 ақпан 2018 ж. 2 364 0