Үкілісай ауылының игі бастамасы – қоғамдық тәртіп пен салауатты өмір салтын қолдаудың үлгісі
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындар арасында «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын нығайту бағытында Арал ауданында жүйелі жұмыстар атқарылуда.Осы мақсатта аудан аумағында «Қылмыссыз өмір – кемел келешек кепілі», «Айқын нәтиже» жобалары жүзеге асырылып келеді. Аталған бастамалар қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Жобалар аясында елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізіліп, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары және жергілікті атқарушы органдар өкілдері белсенді атсалысып, оң нәтижелерге қол жеткізуде.
Осындай игі бастамалардың бірі – Үкілісай ауылы тұрғындарының қабылдаған ортақ шешімі. Ауыл халқы алкоголь өнімдерін тұтынудан және сатудан толықтай бас тартып, «Ішімдіксіз ауыл» қағидатын қолдады.
Бұл қадам – тұрғындардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға деген жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Үкілісай ауылының бұл бастамасы қоғамда қолдау тауып, өзге де елді мекендерге үлгі боларлық маңызды қадам болып табылады. Себебі қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Ауыл тұрғындарының бірлігі мен жауапкершілігі негізінде жүзеге асқан бұл бастама «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын орнықтыруға, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға және өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруге ықпал етеді.
Арал аудандық прокуратурасы құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді.
Арал аудандық прокуратурасы










