Құқық бұзушылықтың алдын алу – ортақ міндет
Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау органдарының, білім беру, ветеринария саласының басшылары, прокуратура өкілдері және жауапты мекемелердің қызметкерлері қатысып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.Комиссия отырысының күн тәртібіне екі негізгі мәселе шығарылды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бойынша атқарылған жұмыстар, сондай-ақ бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б. Құдайберген мен аудандық білім бөлімінің басшысы С. Жанназарова баяндама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбиені күшейту, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық жұмыстардың нәтижелері жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Жиында мектеп бітірушілердің заңсыз автокортеж ұйымдастыруының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың автокөлік пен мотокөлік басқару деректері, түнгі рейдтердің тиімділігі, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін сатудың алдын алу, жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, NEET санатындағы жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар және балалар ойын алаңдарындағы қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б. Құдайберген мен аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Қ. Жұмашев баяндама жасап, мал ұрлығының алдын алу, заңсыз мал сою мен ет тасымалдау фактілеріне жол бермеу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Комиссия барысында мал ұрлығына қарсы күресті күшейту, учаскелік полиция инспекторларының жұмыс тиімділігін арттыру, мал сою орындары мен мал тасымалдайтын автокөліктерге бірлескен рейдтер ұйымдастыру, ветеринариялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету және елді мекендердегі бейнебақылау жүйесін кеңейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Сонымен қатар отырыста «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және абаттандыру талаптарының орындалу барысы қаралды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру мақсатында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді.
Көтерілген мәселелер бойынша аудан прокуроры Д. Әбіш өз ұсыныстарын ортаға салып, ауданда құқық бұзушылық деңгейін төмендету, қоғамдық тәртіпті нығайту және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру бағытындағы іс-шараларды одан әрі жандандырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы құқық бұзушылықтың алдын алу – бір ғана құқық қорғау органдарының емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ жастар тәрбиесіне, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған жұмыстарды күшейту жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Комиссия отырысында қаралған мәселелер мен қабылданған шешімдер аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыруға және тұрғындардың тыныс-тіршілігіне қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.
Н. БАҚЫРАН









