ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ПРОФИЛАКТИКАСЫ ЖӨНІНДЕГІ ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Жиынның күн тәртібі бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша атқарылған жұмыстар, бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу бағытында атқарылған шаралар талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Құдайберген мен аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жанназарова баяндама жасап, құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Екінші мәселе бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Құдайберген мен аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Қ.Жұмашев мал ұрлығының алдын алу, заңсыз мал сою және ет тасымалдау деректеріне жол бермеу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жиында мектеп бітірушілердің заңсыз автокортеж ұйымдастыруы, кәмелетке толмағандардың автокөлік пен мотокөлік басқару деректері, түнгі рейдтердің тиімділігі, қоғамдық орындардағы тәртіп, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату фактілері, жазғы демалыс кезеңіндегі оқушылардың қауіпсіздігі, NEET санатындағы жастармен жұмыс және балалар ойын алаңдарындағы қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды.
Комиссия барысында мал ұрлығының алдын алу, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын күшейту, мал сою орындары мен мал тасымалдайтын көліктерге бірлескен рейдтер ұйымдастыру, ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ елді мекендердегі бейнебақылау жүйесін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, жиын барысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы санитарлық тазалық, қоғамдық тәртіпті сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуы да қаралып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Көтерілген мәселелер бойынша аудан прокуроры Д.Әбіш өз ұсыныстарын ортаға салып, ауданда құқықбұзушылық деректерін азайту мен қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында жұмыстарды жандандыру керектігін жеткізді.
Комиссия қорытындысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар тәрбиесі мен тұрғындардың қауіпсіздігі бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі










