Балалар күтетін кеш
«Балаға қуаныш сыйлау үшін көп нәрсе қажет емес. Кейде бірге ойнап, бірге күліп, көңіл бөлуіңнің өзі – үлкен бақыт». Бұл – 61 жастағы Майра Бақытжанның өмірлік ұстанымына айналған қарапайым да мағыналы сөзі.Күн сайын көшеге шыққанда оны балалардың ортасынан көруге болады. Алтыбай Құмаров көшесінің арғы-бергі шетінен де келіп, бірге ойнайтын балалар бар. Бірі асығып сәлемдессе, енді бірі ойынға шақырады. Ал Майра апай балалардың ортасына қосылып, олардың қызығына ортақтасып кетеді. Жасына қарамастан балалықтың бал дәмін бірге сезініп, ауладағы балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап жүр.
Бұл – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, мәні терең көрініс. Өйткені бүгінгі балалардың уақыты көбіне телефон мен түрлі гаджетке байланып бара жатқан кезеңде аулада бірге ойнап, шынайы қарым-қатынас жасау – үлкен құндылық.
Майра Бақытжан үшін отбасы – өмірдегі ең қымбат қазына. Отағасы екеуі өмір жолын бірге жүріп, екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балалары бүгінде өз жолдарын тауып, өмірден өз орындарын айқындап келеді. Олардың әр жетістігі ата-ана үшін үлкен қуаныш, әр қиындығы жүрекке салмақ түсіретін жауапкершілік.
«Балаларымыз – біздің қуанышымыз, мақтанышымыз. Біз үшін олардың амандығы мен бақытынан артық ештеңе жоқ», – дейді Майра апай.
Үлкен ұлынан екі сүйкімді немере сүйіп отыр. Екеуі де қыз бала. Үлкен немересі биыл 3 сыныпқа барса, кішісі 1 сыныптың табалдырығын аттамақ. Әжесінің айтуынша, қос немересі ақылды, сүйкімді әрі бір-біріне өте жақын.
Немерелерінің тәрбиесі мен қызығына ортақтасу – Майра апайдың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Алайда оның балаға деген мейірімі өз немерелерімен ғана шектелмейді. Көшедегі барлық балаға өз баласындай қарап, олармен бірге уақыт өткізуді әдетке айналдырған.
Көшедегі балалар да Майра апайға үйреніп кеткен. Ойын кезінде бір-бірімен жарысып, күліп, түрлі қызықтарын бөліседі. Ал кейіпкеріміз олардың ойындарына араласып, кейде балалардан қалыспай бірге ойнайды.
Мұндай сәттерде көше бір сәтке үлкен отбасыға айналғандай әсер қалдырады. Балалардың шат күлкісі, бір-бірін ойынға шақырған дауыстары, үлкен адамның солардың қуанышына шын көңілмен ортақтасуы – бүгінде сирек кездесетін жылы көрініс.
Көше тұрғыны Әдемі Қуандықова:
– Біз ата-әженің тәрбиесінде ақылын тыңдап өстік. Алайда балалармен бірге ойнап, олардың ортасында қартаймай келе жатқанын көріп "біздің қолымыздан мұндай мейірімділік келер ме екен" деп ойлаймын. Кеш бата төрт қызым Майра апайдың есігін күзетіп, сыртқа шығатын сәтін күткенінде "қандай бақытты жан еді!" деген қызығушылық қылаң етеді.
Апайымыз Алматыдағы немерелеріне кеткенде, ол кісіге деген сағыныштары шексіз. Ал үш ай демалыс кезінде күн сайын қандай ойын ойнағанын айтып, мәз-мейрам болып келеді.
"Майра апай Алматыға кетеді екен, кетерде бәрімізге балмұздақ алып беремін деді" деген қимастық пен қуаныш аралас сезімін жасыра алмай жүр. "Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады" дейтін халықпыз ғой. Осынау сауапты ісі апамызға бақытты әрі ұзақ ғұмыр сүріп, ұрпағының қызығын көруге себепкер боларына сенемін, – дейді.
Майра Бақытжан балаларға қымбат ойыншық немесе ерекше сыйлық беруді басты нәрсе санамайды. Оның ойынша, балаға ең керегі – көңіл бөлу, бірге ойнау, тыңдау және өзін қажет сезіндіру.
«Бірге ойнап, күліп, әңгімелессең, соның өзі олар үшін үлкен қуаныш. Бос жүрмей, уақыттарын қызықты өткізсе екен деймін», – дейді ол. Шын мәнінде, балалық шақтың ең қымбат естеліктері де осындай қарапайым сәттерден құралады.
Жүрегі мейірімге толы жайсаң жанның балалармен бірге ойнауы – тек уақыт өткізу емес. Бұл – үлкен адамның кішіге көрсеткен мейірімі, қамқорлығы мен адамдық жылуы. Баланың қуанышын бөлісу арқылы ол оларға қарапайым нәрсенің қадірін үйретіп жүр. 61 жасында көше балаларының ортасынан табылып, олардың күлкісіне қуанып жүру – жастыққа емес, жүректің сергектігіне байланысты екенін кейіпкеріміздің ісінен аңғаруға болады.
Өмірдің мәні кейде үлкен дүниелерден емес, қарапайым қуаныштардан көрінеді. Бір көшеде баланың күлкісін есту, бірге ойнау, көңілін аулау, жақсы сөз айту – адамға жылу сыйлайтын ізгі әрекеттер.
Майра апайдың балаларға деген мейірімі де осындай қарапайым жақсылықтан бастау алады. Ол өз ісін ерекше дүние демейді. Ал балалар үшін оның әрбір бірге өткізген минуты – қуаныш. Бәлкім, бүгін аулада асыр салып ойнап жүрген балалардың жүрегінде осы күндер әдемі естелік болып қалар. Жылдар өте олар балалық шақтарын сағынышпен еске алып: «Бізбен бірге ойнайтын Майра апайымыз болушы еді. Ол қатар күліп, ойнайтын», – дер. Майра Бақытжан үшін ең үлкен марапат та – осы балалардың күлкісі мен қуанышы. Өйткені балаға қуаныш сыйлау – үлкен іс жасаудың міндетті шарты емес. Жүрек жылуыңды бөліп, жанында болудың өзі жеткілікті.
О.ЖОЛДАСОВ










